Үстіміздегі жылдың 27 шілдесі күні Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде осы ұйымға мүше елдер (ұйымға 161 ел мүше) өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның мүшелікке қабылданғаны туралы хаттаманың әзірленгендігі белгілі. Осы шара аясында ұйым бас директорының орынбасары Карл БРАУНЕРМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.
– Кеше Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды. Осы шара тұсында штаб-пәтердегі атмосфералық көңіл-күй ахуалы қандай болды?
– Көңіл-күй ахуалы өте жоғары болды деп айтар едім. Жалпы, мен мұнда соңғы екі жылдан бері қызмет істеп келемін. Осы мерзім ішінде дәл кешегідей ұйымға мүше елдер өкілдерінің бәрінің де бірдей бірауыздан келісімді жағдайда жүргендігін көрмеп едім. Мұның себебі түсінікті. Біріншіден, осы шараға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Мұны біз ұйымға көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Алдағы уақытта ұйым мүшелігіне қабылданатын елдер басшылығының да шараға осылайша мән беруін қалар едік. Әрине, мүшелікке өтетін енді көп ел қалған жоқ. Алжир және Қазақстан орналасқан төңіректегі бірнеше елді айтуға болады.
Осыған дейін ұйым құрамында 161 елдің мүшелікте тұрғандығын білетін боларсыздар. Қазақстан 162-ел болып қабылданды. Жаңартылған қалыпта өзі өмірге келген 20 жылдың ішінде Дүниежүзілік сауда ұйымына осымен 34 ел мүшелікке өтіп отыр. Биылғы жыл біз үшін – мерейтойлық жыл. Қазақстан қабылданған тұста көңіл-күй ахуалының жоғары деңгейде болуына, әрине, осы жағдайдың да әсері бар.
Үшінші бір үлкен себеп, Қазақстанның бейбітшіліксүйгіш саясатында жатса керек. Былайша айтқанда, ұйым қатарында ұстанымы Қазақстанмен қиғаш келетін ел жоқ десе де болады. Мұның өзі Қазақстанның үлкен жетістігі.
– Жалпы, сіз Қазақстан жағдайымен таныссыз ба? Біздің елімізде болып па едіңіз?
– Қазақстан жағдайымен жақсы таныспын. Өйткені, Германияның экономика министрінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезімде сіздердің елдеріңізде бірнеше рет болдым. Ел астанасы Алматыда болған кезде сол қалаға барып жүрдік. Сонан кейін қазіргі Астананың өзінде бірнеше рет болдым. Астанаға әр барған сайын оның әртүрлі даму кезеңіне тап болғандай әсер алдым. Өйткені, бұл қала керемет дамуда. Әр барған сапарымда оның келбетінен көптеген өзгерістерді байқаймын.
Сіздердің елдеріңіз – өте бай. Шикізат ресурстарының барлық түрлері алып өлкелеріңіздің бойында шоғырланған. Бірақ соған қарамастан, ел басшылығының осыған малданып қалмай, экономиканы әртараптандыру ісімен шұғылдануы, алға қарай ұмтылысы мені тәнті етеді.
Жалпы, шикізат байлығы тек Қазақстанда ғана емес, сіздердің көршілеріңізде де баршылық. Бірақ ол мүмкіндікті олар әлі толық пайдаланып үлгермеген секілді. Маған, әсіресе, Қазақстанның халықаралық қауымдастықпен ашық саясат ұстануы ұнайды.
Қазақстанға әр барған сапарымда оны жаңа қырынан тани түстім. Мен бұрын бұл елде, әсіресе, қазіргі Астана орналасқан өңірде су көздері өте тапшы болар деп ойлайтынмын. Бірде осыған байланысты мен үшін өте бір қызықты оқиға болды. Мен Германияның экономика вице-министрі болып жүрген кезімде Қазақстандағы өз әріптесім Альберт Рау мырзамен көп араластым. Ол Германияға келген кезде қайыққа отырғызып серуендеттім. Осыған қарымта ретінде болса керек, Астанаға қызмет бабындағы сапармен барған кезімде Альберт Рау маған қайыққа отырып серуендеу жөнінде ұсыныс жасады. Бастабында қайдағы қайықты айтып отыр, мұнда қайық жүзетіндей өзен-көлдер жоқ қой деп ойлап қалған едім. Сөйтсем, Астананың өзін Есіл өзені қақ жарып ағып жатыр екен. Иә, сіздерде жоқ дүниенің өзі жоқ екен.
Алайда, Қазақстанда қаншама рет болсам да оның қатты аязына бірде-бір рет тап болып көрмеппін.
– Қазақстанмен Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жөніндегі келіссөз үдерістері қалай жүрді? Бұл үдеріске қандай баға берер едіңіз?
– Мен келіссөздер үдерістеріне тікелей қатысқан жоқпын. Оның үстіне бұл үдеріс 20 жылға жуық уақыт бойы ұзақ жүргізілген екен. Сондықтан бұл сұраққа толыққанды жауап бере алмаймын.
Дегенмен, Дүниежүзілік сауда ұйымының өкілі ретінде бұл үдеріске жоғары баға берер едім. Өйткені, қызмет бабында осы мәселеге көңіл аударған кездерім болды.
Келіссөздер үдерістерінің түсіністік ахуалында өрбігендігін сеніммен айта аламын. Бұл мәселеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев назар аударып отырды. Сондықтан проблемалардың Қазақстан тарапынан еңсерілуінен көп мәселелер бола қойған жоқ.
Әрине қиындықтар да болды. Мәселен, тарифтерді ырықтандыру үстінде белгілі бір мәселелер бас көтеріп қалып отырды. Сіздерде тарифтер жоғары болды. Оның үстіне сіздер Ресей және Беларусь елдерімен бірге Кеден одағының құрамындасыздар. Сондықтан мәселені көп тарапты тұрғыдан қарастыруға тура келді. Осы қиындықтардың барлығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігер жұмсауының нәтижесінде еңсерілді. Сондықтан келіссөздер үдерісінің сәтті аяқталуына Қазақстан Президенті үлкен үлес қосты деп айтуға тура келеді.
Келіссөздер үдерісін жүргізуде Қазақстан тарапынан Экономикалық интеграциялар істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова ханым өкілдік еткендігі белгілі. Сондықтан бұл жерде Жанар Айтжанова ханымның да үлкен еңбек сіңіргендігін айта кетуіміз керек.
Жалпы Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ережелер мен нормаларды ырықтандыру жеңіл бола қойған жоқ. Бірақ, соған қарамастан тараптардың күш-жігер жұмсауының нәтижесінде бұл проблеманың сәтті еңсерілгендігін айтар едім.
Осы ретте атап көрсететін тағы бір үлкен мәселе, келіссөздер үдерісін жүргізу және оны сәтті қорытындылау барысында Қазақстанның көп қырлы саясаты, көптеген елдер арасында дұрыс қатынас жасауы, теңгерімді ұстанымды икемді жүзеге асыруы жақсы жемісін берді. Менің ойымша, бұл саясаттың алдағы уақытта да Қазақстанның жолының жарқын болуына тигізетін пайдасы мол болмақ.
– Қазақстан алып даласы бар үлкен аграрлық ел. Осы саланы дамыту мақсатында мемлекет үлкен шығындар жұмсайды. Бұл жағдай Дүниежүзілік сауда ұйымымен келіссөздер үдерісін жүргізу барысында бірқатар қиындықтар тудырды деп естиміз. Осы жөніндегі пікіріңізді біле кетсек.
– Мен жоғарыда келіссөздер үдерісін жүргізуге Дүниежүзілік сауда ұйымының тарапынан тікелей қатыспағанымды айттым. Бірақ агросектор мәселесінде келіссөздердің ұзақ жүргізілгендігін білемін. Мұнда екі жаққа да түсіністікпен қарауға болады. Дүниежүзілік сауда ұйымы экономиканың жекелеген секторларына мемлекет тарапынан берілетін субсидия атаулының бәріне қарсы. Өйткені, мемлекет осы арқылы сауда мен бәсекенің тең жағдайда жүргізілуіне бөгет жасайды.
Бірақ менің ойымша, бұл жерде Қазақстан жағдайын да түсінуге болады. Қазақстанда ауа райының ахуалы Еуропадағыдай соншама жайлы емес. Жаздарыңыз ыстық, қыстарыңыз суық, әрі тым ұзақ болуы ауыл шаруашылығын жүргізуге белгілі бір қиындықтар келтіретіндігі анық. Оның үстіне өз тәуелсіздігіне ие болғанына әлі көп уақыт өте қоймаған ел ауыл шаруашылығы саласының бәсекелестік қабілетін арттырып үлгере қойған жоқ. Сондықтан Қазақстан мемлекеті басшылығының осы мәселеге үлкен мән беріп, субсидияларды сақтап қалуға ұмтылыс танытуының өз заңдылығы бар секілді.
Мұны мен Қазақстан жағдайымен таныс адам ретінде жақсы түсінемін. Бірақ осы мәселеде барлық елдердің бірдей бір ұстанымда болуы қиын-ақ. Міне, сондықтан да Қазақстанның агросекторы жөніндегі келіссөздердің күрделі сипатта жүруіне тура келді.
Дегенмен, қалай алып қарағанда да, Қазақстан осы мәселеде өз ұстанымын қорғап қала алды. Келіссөздер қорытындысы Қазақстан пайдасына шешілді. Мұны Қазақстанның жеңісі деп қабылдауға болады.
– Сонымен Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылды. Бұл оқиғаның алдағы уақытта Қазақстан үшін қандай пайдасы болмақ?
– Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылудан қазірдің өзінде пайда көріп отыр деп айтуға болады. Өйткені, келіссөздер үдерісі барысында Дүниежүзілік сауда ұйымы қойған талаптарға сәйкес Қазақстанда қаншама заңдарға өзгерістер енгізілді. Осы арқылы сіздердің экономикаларыңыздың бәсекелестік қабілеті бұрынғыға қарағанда әлдеқайда арта түсті деуге болады.
Сіздер енді жаһандық экономика жағдайында өмір сүретін боласыздар. Сіздердегі тұтынушылар жаһандық экономиканың жетістіктерімен сусындайтын болады. Жаңа технологияларға қол жеткізу жеңілдейді. Ел ішінде тауарлар көбейеді. Олардың бағасы бұрынғыға қарағанда арзан болады. Оның есесіне, Қазақстанның өзінде өндірілетін стратегиялық маңызы зор тауарларды сыртқы рыноктарға шығару жеңілдейді.
Әрине, бұл жерде ең басты мәселе экономиканың жаһандық бәсекеге қаншалықты қабілетті екендігінде. Осы мәселеде мен Қазақстанға алдағы сынақтардан сүрінбей өтуде табыстар тілеймін. Қазақстанның осы мәселеде үлкен дайындықтар жасап жатқандығын білемін. Мемлекет басшысының бастамашылдығымен ел ішінде үлкен реформалар қолға алынды. Ол реформалар түбінде Қазақстанды табысқа бастайды деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».