04 Тамыз, 2015

Шырша өсіріп, жылыжай салған Қайыргелді

588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ауданға барған іссапар кезінде Әбжан ауылына да жол түсті. Біздің газетіміздің тұрақты оқырманы, өзі де мақалалар жазатын Қайыргелді ағамыздың қаладан ауылға көшіп келгенін естіп, сәлемдесіп шығайық деп ойладық. 001 (1) – Әбжанға «Егемен» келеді дегенді естіп бұ кісіде ұйқы жоқ, – деп жеңгеміз бізді әзілдей күліп қарсы алды. Қақпадан кірген бетте көргеніміз, бау-бақшалы аула, айнала егілген қалың шырша тіпті, бойлап қалыпты. Қанша ауылға барып жүрсек те, ауыл қазағының дәл мынадай бағбаншылығын, бау-бақша өсіруге ден қойған пысықтығын сирек көресің. – Отандық, ауылдық өнім деген осы! Әбжан ауылына хош келдіңіз! – деп ағамыз да әзілдей қарсы алып жатыр. Өткен жылы Қайыргелді ағамыз «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарла­ма­сының аясында 1,5 миллион теңге несие алыпты. – Содан бірден жылыжай құрылысын бастадым. Өзімнің мамандығым агроном. Осы бір жылыжай салуды өмір бойы армандап келдім. Зейнетке шыққан соң сол мақсат жүзеге асты. Қаладан ауылға көшіп келдік. Қияр мен қызанақты жылыжайда, ал, ауламызда басқа да көкөніс түрлерін өсіруді әйеліміз екеуміз осылай бастадық, – дейді Қайыргелді ағай. Сөйтіп, аумағы 135 шаршы метрді құрайтын жылыжайдың жобасын әзірлейді. Жобасының жүзеге асуына «Стальмонтаж» ЖШС директоры көрші ауылда өскен Александр Терентьев қолдау көрсетіпті. Құны 60 мың теңгені құрайтын жобалық жұмыстарын тегін жасап береді. Жылыжайдың металл құрылғыларын дайындап, құрастырады. Ағыл-тегіл болмаса да, үйдегі құдықтан келетін сумен-ақ жылыжайын, ауласын күтіп-баптап отыр. Ауылдағы бір мәселе – судың болмауы. Тұрғындар баяғыдан келе жатқан қайран Несіпбай атамыз қазып кеткен құдығының арқасында су ішіп отыр екен. Ауылдықтар орталықтандырылған су құбыры әне келеді-міне келедімен әлі күтіп жүр. Біз де ағамыздың қияр, қызанақ өсіп келе жатқан жылыжайын аралап шықтық. Әйелі Сәуле де биыл 300 түп қияр, қызанақ еккендерін, күнделікті күтіп-баптап өсіріп жатқандарын айтып өтті. Агроном ағамызға басты қолдаушысы, көмекшісі Сәуле апайымыз. Ауласы да, жылыжайы да пысық, күтім жасаған қолдардан өсіп-өніп келе жатқаны көрініп тұр. Күннен нәр алатын жылы­жайдың ішіндегі ауа температурасы 35 градусты көрсетіп тұр. Поликарбонаттан салынған қа­быр­ғалар жылуды жақсы сақ­тайды дейді. Қыста көкөніс егетін жүйектерді биік орналастырса, суыққа шыдайды. Бағбан аға­мыздың айтуынша, қиярды өсіру технологиясы жеңіл, ауа райы қолайлы болса жетіп жатыр. 70 күннен кейін өнім алуға болады. Ал, аудан басшылығы ауылдарды, басқа да әлеуметтік нысандарды көкөніспен қам­та­масыз етсеңіз деп өтініш айтқан көрінеді. Сұраныс бар. Осы ша­ғын ауладан былтыр 5 тоннадай өнім алыпты. Біз ауыз тиген ешқандай қоспасыз өскен картоп дегенің дәмді. Екіншіден, Қайыргелді ағаның ауласы алма, таңқурай, өрік ағаштарына толы. Ең көріктісі – облыстағы Шалдай орман шаруашылығынан әкелінген шыршалар, қарағай мен қайыңдар бүгінде аулаға ғана емес, ауылға көрік беріп тұр! Енді емен ағашының тұқымын салып, тәжірибе жасап көрмекші екен. Тіпті, өсіп бойлап келе жатқан шыршалы қарағайлар тобына «Есілбай орманы» деп ат қойыпты. Әбжан ауылының топырағы жақсы, құнарлы болған ба, әлде, адамның табиғатқа, ағашқа деген жанашыр махаббатына ырза болғаннан ба, болашақ орман жап-жасыл болып жайқалып келеді. Бос жатқан жер­лер көп, сол алаңқайларды алып бә­ріміз бірігіп бақша са­лайық, картоп егейік, жұмыс жа­сайық деп ауылдың жігіттерін жақ­сы іс­ке жұмылдырғысы-ақ ке­леді. Қол­дау болмай тұрғандай. Иә, жа­сыл желек – ауыл, ел бай­лығы. Жуырда Елбасы Астана ай­на­ласындағы жасыл аймақты аралағанда 1997 жылдан бері жүр­гі­зілген жұмыстардың нәтижесінде егілген жасыл желектің ауданы бүгінде 70 мың гектарға жеткенін атап өтті. «Бір кездері біздің бұл жоспарымызға күмәнмен қарағандар болған еді. Бірақ, біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық деді. Астана орманын 2020 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды. – Ағаш өсір, соңыңда сен өсірген тал қалсын деген сөз бар. Елбасы сөзін мен де тыңдап, көріп отырдым. Президентіміздің жасыл желек өсіру, орман жасау бастамасы бәрімізге үлгі болсын. Әрине, жасыл желек – жанға қуат. Халыққа пайдасы тисін, өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен қолға алған іс қой бұл. Кейінгі жастарға ағаш егу қажеттігін көрсетіп, еңбекке, табиғатты қорғауға баулуымыз керек. Өзге елдермен тереземіз тең болу үшін –Елбасы айтқандай еңбектену керек. Жылыжай салып, көкөніс өсірудегі мақсат – ауылда отырып өз ауламыздан отандық өнім өсіріп жасай алатынымызды дәлелдеу, сонда ауылымыз, еліміз өркенді болады, – дейді Қайыргелді Машрықұлы.   Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы. Суреттерді түсірген : Өзгеріс ҚУАНАР.