04 Тамыз, 2015

Жедел өркендеудің қозғаушы күші

311 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XVI съезінде 5 институттық реформаны ұсынды: қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индус­трияландыру және экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет. Осы реформалар мен алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін ел Президенті 100 нақты қадамды айқындап берді. Заңдарды мүлтіксіз сақтаған мемлекет қана өркен жайып, гүлдене бермек. Президенттік реформада басты бағыттардың бірі ретінде заң үстемдігіне басымдылық беріліп отырғаны да сондықтан.

 001 (11)

Сот жүйесінің басты проб­ле­маларының қатарында Мемлекет басшысы судьяларды іріктеудің олқылығын, томаға тұйықтығын атады. «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы ара­сындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судья­ларға қойылатын біліктілік талап­тарының тиімсіздігі. Судья­лар корпорациямен меңіреу тұм­шаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықты емдейтін дәрі», деп атап көрсетті Президент. Сот саласында туындап отырған барлық мәселелерді шешудің нақты қадамы ретінде Президент азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесін оңтайландыруды ұсынып отыр. Ендігі жерде сот төрелігін атқарудың бес сатылы жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайтадан қадағалау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) жүйеге көшірілуі жүзеге аспақ. Бұл өте дұрыс және табылған ақыл. Тараптар бас-аяғы жоқ ұзақ соттаса бере алмайды. Әр іс созбалаңға салынбай нүкте қойылуы тиіс. Ең бастысы, қандайда болмасын сот актісі заңды және әділ болуы керек. Енді кассациялық сатыға келер болсақ, қазіргі кезде аталған өкілеттіліктерді Жоғарғы Соттың құзыретіне көшіру немесе жекелеген округтік кассациялық соттар құру жөнінде пікірталастар жү­ріп жатыр. Меніңше, округтік кас­сациялық соттардың құрыл­ғаны жөн. Кезінде белгілі заң­гер Нағашыбай Шайкенов округ­тік соттардың құрылуы сот саты­ларының бір-бірінен тәуелсіз болуын қамтамасыз етіп, жер­гілікті атқарушы биліктің ық­па­лынан қорғайды деген пікір айтқан болатын. Ой қисынына салып қарағанда, қазіргі кездегі­дей бір сот төрағасы басқара­тын сотта екі сот сатысы бол­мауы керек. Округтік кассация­лық соттардың құрылуы заңнама­лар­ды қолданудың бірыңғай тәжіри­бесін жасақтап, заң үстемдігінің орны­ғуына мүмкіндік берер еді. Кассациялық саты өкілеттілік­терінің Жоғарғы Сотқа берілуі сот билігінің ең жоғары тұрған орга­нын кезекті сот сатысына айналдырады. Менің ойымша, Жоғарғы Сот сот тәжірибелерін жи­нақтап қорытып, нормативтік қау­лылар шығарумен, ғылыми-консультативтік қыз­меттер­мен шұғылдануы тиіс. Жо­ғар­ғы Сотта тек қана нағыз тығы­­рыққа тірелген кездерде – түрліше және қайшылықты сот тәжірибесіне килігіп қал­ғанда, болмаса қабылданған сот актісі адамдардың өмірі мен ден­сау­лығына немесе елдің экономикасы мен қауіпсіздігіне ауыр да айықпас зардаптар әкелетін болған жағдайларда қаралуы тиіс. Судьялардың қатарына кез­дейсоқ және осынау жоғары лауазымға лайықты емес адам­дар­дың да өтіп кетіп жататындығы жасырын емес. Мемлекет басшысы реформаны жүзеге асыру жолындағы қадамдардың бірі ретінде судьялық лауазымға кан­ди­даттарды іріктеудің талап­тары мен тетіктерін қатаңдатуды ұсынды. Сот про­цес­теріне қатысқан жұмыс өтілі­нің міндетті нормасы 5 жыл болып белгіленді. Кәсіби дағды­лары мен біліктіліктерін тексеру мақсатындағы мерзімдік сынақ­тардан өткізу жүйесі енгізіледі. Судьялыққа кандидаттар соттарда шәкіртақы төленетін жылдық тағы­лымдамадан өтеді. Осы тағы­лым­даманы аяқтағаннан кейін жылдық сынақ мерзімінен өтеді. Бұл тұрғыдан келгенде судьялар тек кәсіби дайындығы бар заңгерлер ғана емес, заңды іс жүзінде қолдана алатын және қабылданған сот актісінің ең бас­тысы әділ болуына қол жеткізе білетін тұлғалар болуы тиіс. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай шығарылып жіберілген судья­лардың көпшілігі аз ғана қызмет өтілімен жұмыс жасап, алдарына қойылған міндеттерін орындай алмай, сайып келгенде тұтастай сот жүйесінің атына көлеңкесін түсіріп кеткендер болып келеді. Судьялықтан үміткерлерге та­лап­тың қатаңдатылуы оларды іріктеу кезінде дайындығы жеткіліксіз, кездейсоқ адамдардың тағы да сұрыпталуына мүмкіндік береді. Дейтұрғанмен, судья­лық­тан үміт­кер бір жылдық тағы­лым­дама­дан немесе бір жылдық сынақ мерзімінен өту барысында өзінің кәсіби судьялыққа лайықтылығын дәлелдей алмай қалған күннің өзінде, бұл оның мұнан былайғы тағдырына теріс фактор ретінде әсер етпеуі тиіс. Судьялыққа жарам­сыздық ол адамның нашар заң­гер немесе мемлекеттік қызмет­ші екендігін білдірмейді. Ол бұ­рынғы жұмыстарын ойдағыдай жалғастырып, болмаса басқа салаға жұмысқа орналаса алады. Меніңше, олардың сотта болған кездері мұндай жағдайда уақытша басқа жұмысқа ауысу немесе тағылымдамадан өту сипатында есепке алынғаны жөн. Сот өндірісіне қатысты бес жыл­дық жұмыс өтілі бар тұлға­лар­дың санатына сот қызмет­кер­лерімен қатар, құқық қорғау органдарының тергеу қызмет­керлері, прокурорлар, адвокаттар да енгізілгені жөн. Өйткені, олар іс жүзінде сот процес­терінде болмағанымен соттар­ға қандайда болмасын материал­дарды тапсыру ісінде мол тәжірибелері бар адамдар екені белгілі. Жасыратыны жоқ, соттардың мәртебесі бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы да қалыптасады. Алайда, кейбір жағдайларда судьялардың бұқаралық ақпарат құралдарының, азаматтар мен заңды тұлғалардың тараптарынан негізсіз шүйлігушіліктердің жуан ортасында қалып қоятын жағдайлары да кездеседі. Мұн­дайда ол жағдайды одан сайын өршітіп, құқығын қорғауды сұрап өзінің әріптесіне – судьяға ша­ғымдана алмайды ғой. Сондықтан өз қызметіне лайықты, тәртіпті де, әділ судьяларды қорғаудың заңды тетігін жасауды қарастырған жөн. Бұл тұрғыдан келгенде, судья­ларға әдейі негізсіз және заңсыз тиіс­у­шіліктер үшін жауап­кер­шілікті заң тұрғысында негіздеу қажет. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс», деп атап көрсетті. Бұл тұрғыда Президент инвес­тициялық даулар бойынша дербес сот өндірісін құруды ұсын­ды. Жоғарғы Сотта ірі инвес­тор­лардың қатысуымен дауларды қарайтын инвестициялық алқа ұйымдастырылады. Заң үстемдігі бизнесті қорғап, кәсіпкерлік қызметке жағдай туғызу үшін қажет. Тұрақтылық ахуалы орна­ған құқықтық мемлекет қана инвестициялар үшін қолайлы бола алады. Қазақстанда қазіргі кезде әлемдік аренада салмағы мен ықпалы бар ірі халықаралақ компаниялар жұмыс жасайды. Көптеген компаниялар Қазақстан нарығына қатысуға ықылас білдіріп отыр. Инвестициялық дау­лар бойынша сот өндірісін құру – зор ілгерілеушілік қадам. Инвес­ти­циялық соттардың тиімді болуы үшін бұл бағытта зор жұмыстар күтіп тұр. Инвестициялық соттар­дың соттылығын айқындау қажет. Өйткені, инвестор тараптардың бірі болып табылатын барлық дау­ларды аталған соттардың қарауы­на жатқыза беруге болмайды ғой. Меніңше, мұндай дауларға мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы дауларды жатқызу қажет шығар. Оған біз­дің елімізге өз қаржыларын сал­ған барлық компаниялар емес, Үкіметте бекітілген инвес­ти­циялық жобаларды жүзеге асыруға қатысатын компаниялар кіреді. Дейтұрғанмен, мұндай инвес­тор­лардың елімізде онша көп емес екендігін ескерсек, инвести­циялық соттар толық қуа­тында жұмыс жасайды дей аламыз ба?! Сондықтан бастапқы кезде жұмыс жасап тұрған соттардағы инвестициялық дауларды қарауға тәжірибелі судьялардан арнайы құрам жасақтаған жөн шығар. Президентіміздің «100 нақ­ты қадам» бағдарламасының жүзеге асырылуы бізді басты мақсатқа – экономикасы дамы­ған және жалпыға бірдей еңбек қоғамының мүмкіндіктерін іске қосқан қуатты мемлекет негі­зін­де өркендеген қоғам құруға жете­лейді. Мемлекет басшысы қыс­қа мерзім ішінде еліміздің әлемдік кеңістікте қалыптасуы мен нығаюына зор мүмкіндіктер жасады. Соны пайдаланып алда тұрған ұшан-теңіз істерді еңсеруге бір кісідей жұмыла білейік демекпіз.

Бақытбек БЕГАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

Батыс Қазақстан облысы.