Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің филиалы ашылып, алғашқы жұмыс күнін бастады. Бұған дейін еліміздің бес өңірінде іске қосылған мұндай орталықтар жыл соңына дейін барлық облыстарында ашылады деп күтілуде.
Мұнайлы аймақтағы орталықтың тұсаукесеріне «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы Маңғыстау облысының экономикалық дамуы сынды салмақты тақырып өзек болды.
Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Илмухамбетова, осы облыстың кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы В.Мұстапаева мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Г.Қалмұратова, сондай-ақ, «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты» ҰК» акционерлік қоғамының президенті М.Ялбачев тиісті салалардағы жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Елімізде жасалып жатқан алуан жұмыстар мен ауқымды жоспар-жобалардың, бағдарламалардың түпкі мақсаты мен негізі – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз Қазақстанды одан әрі және жан-жақты дамыта отырып, еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған санаулы елдердің арасынан өз орнын алуына жеткізуде жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың жолбасшысындай болған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жыл сайынғы Елбасы Жолдауының ізбасары сынды «100 нақты қадам» міндеттемелік бағдарламасы қазір республика көлемінде қызу қолдауға ие болуда. Бағдарламада мемлекеттік кәсіби аппараттан бастап, сот билігі, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру және ұлан-ғайыр қазақ даласын мекендеген көп ұлттың өзара бейбітшілік үшін тілек, жасампаз еңбек үшін білек қоса алатын ауызбірлігін, татулығына дейін нақты айтылып, арнайы тапсырмалар берілді. Біздің отандастарымыз үшін енді бағдарлама сілтеу берген сүбелі тапсырмаларды бұлжытпай және мінсіз орындау міндеті тұр. Барлық аймақтардың, барлық салалық құрылымдардың өз ішіндегі жұмысын осы бағдарламада айтылған міндеттер мен тапсырмаларға сай икемдеп, оны жүзеге асыру үшін жұмыстанып жатқаны белгілі. Журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының экономикалық даму қарқыны баяндалып, Елбасы ұсынған аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін жасалынар алдағы жұмыстардың барысы әңгімеленді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, өңірде «100 нақты қадам» аясында индустрияландыру жұмысы белсенді жүріп жатыр деуге болады. 2015-2016 жылдары өңірімізде 21 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланған болатын, бұл жобалардың 16-сы биыл іске қосылады деп күтілуде, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Илмухамбетова. Қазіргі таңда солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары қарқынды сипат алған «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында» бұл жоба соңғы деңгейіне, яғни аяқталуға жетіп қалды. Биыл жыл соңына дейін немесе 2016 жылдың басында аяқталатын жоба теңіздегі тасымалды 3 млн. тоннаға дейін арттыратын болады. Сондай-ақ, «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының» басшысы М.Ялбачев дәл осы күні Қазақстан, Грузия, Әзербайжан, Түркия, Қытай мемлекеттерінің порт қызметкерлері мен кеме иелерінің ортақ жұмысты үйлестіру нәтижесінде Ақтау портында алғаш рет контейнерлі пойыз Қазақстан портынан Еуропаға қарай аттанатындығын жеткізді. Баспасөз мәслихатында журналистер және онлайн-режімде Астана, Атырау қаласындағы қатысушылар әлемдік экономикалық дағдарыстың өңір экономикасына әсері, республикалық маңыздағы Бейнеу – Ақтау автокөлік жолының, Жаңаөзен – Ақтау жолының құрылысы, аймақты сумен қамтамасыз ету жайларымен бірге, өңірдегі кәсіпорындарда қысқартулардың, сондай-ақ, еңбек дауларының бар-жоқтығы, мұнай бағасы төмендеуінің әсері, кәсіпкерлікті қолдау мен жұмыспен қамту, шетелдіктердің жұмысқа орналасуы, т.б. сұрақтарға жауап алды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы. Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.