04 Тамыз, 2015

Халықаралық байқаудың өңірлік жеңімпазы

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«BalaTurkvizyon» халықаралық ұлттық ән байқауының Көкшетаудағы 13-ші аймақтық іріктеу туры өте тартысты өтті. Байқауға қалалар мен елді мекендердегі балалардың әртүрлі шығармашылық ұжымдары қатысты.

– Көкше мен Арқа өңірі қашан­нан ән мен жырдың ұйып тұрған өлкесі, – деді бізбен әңгімесінде байқаудың төрешілер алқасының төрағасы әрі продюсері Кентал. – Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры игі бастамаға ұйытқы болды. Мақсат – ән және сахна саласындағы дарынды балалардың жолын ашып, бүлдіршін балаларға арналған қазақша 16 әннің тұсауын кесу. Бұл орайда менімен бір­ге Көкшетауға келген Медеу Арын­баев, Кенжебек Жанәбілов сынды белгілі әнші, сазгерлер талғам биігінен көрінген талапкерлерге қолдау көрсетпек.

Байқау барысында Степно­гор қаласындағы «Presto» музы­калық студиясының, Атбасар ауда­нындағы «Айдана» халықтық ән-би ансамблінің өнеріне риза­шылық білдірілді. Әйткенмен, жұлдызды төрешілер алқасы Шортанды ауданынан келген он үш жасар әнші Айман Аманның шығармашылығына жоғары баға беріп, балауса өнерпазды республикалық байқаудың жартылай финалында бақ сынауына мүмкіндік берді. Арнайы музыкалық білімі жоқ болса да Айман қыз өзінің бұлбұл үнімен қазақ, орыс және француз тілдеріндегі әндерді құйқылжыта шырқады. Ол енді үлкен қаладағы «Жұлдызды үйде» дайындық жұмыстарына кіріспек. Ал 16-17 қыркүйек күндері кәсіби төрешілер алқасы мен телекөрермендер Ыстамбұлдағы І Халықаралық «BalaTurkvizyon» ән байқауының Гранд-финалында ел намысын қорғайтын балауса өнерпаздың атын атайтын болады. Бұл орайда, ақмолалықтар Айман Аманға айрықша үміт артады.

Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.