Сонау кеңес заманы кезінде біреулер үйін ақ таспен қаптап жатса, немесе үй жиһазын сатып алып жатса, таңданып қалатын едік. Оның да өзіндік себебі бар. Сол заманда кеңес халқы қарапайым өмір сүрді. Жақсы тұрмыс жасаймын деп, артық табыс тапсаң да, оны «тұсаулап» қойды...
Ал қазір ше? Адал еңбекпен табыс тауып, зәулім үй саласың ба, әлде «дәу» көлік аласың ба, Канар аралына барып демаласың ба, еркіңде. Мұны мемлекетіміздің адамдар үшін жасап отырған қолдауы деуге болады. Міне, соның айғағындай, ауылда ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, мал өсірген шаруа адамдары еңбегінің жемістерін көруде.
Оразғали елді мекенінде 20 шақты үй бар. Сол ауылда аудандық мәслихаттың депутаты, спорттың жанашыры, «Ақжол» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Әдиетов деген азамат тұрады. Нұрболаттың үйі қалалардағы заманауи үлгіде жабдықталған «мықтылардың» үйін шаң қаптырып кетеді.
Құбырмен келіп тұрған суы жоқ, жанында өзені жоқ ауылда салынған үй адамға қажетті барлық жабдықтармен жабдықталған. Міне, еңбектің зейнеті деген осы болар.
Айтпақшы, Нұрболат – жомарт азамат. Көктерек мектебіне 600 мың теңге тұратын қазақ күресіне қажетті құрал-жабдықтарды алып берген. Сонымен қатар, бәйгеге қосатын сәйгүліктер баптап жүрген ол күреске қатысатын бір шәкіртіне ат спортына үйренсін деп, тай сыйлаған.
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы.