АҚТӨБЕ. 4 тамыз. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған Парламент Сенатының депутаты, сот жүйесі және құқық қорғау органдарының конституциялық заңнамасы жөніндегі комитетінің мүшесі Бектас Бекназаровтың қатысуымен көшпелі отырыс өткізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов, судьялар, прокуратура мен адвокатура қызметкерлері және облыстың құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Көшпелі отырысты облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова ашып, ұлт жоспарының маңызына тоқталды. Жиында сөз алған Парламент Сенатының депутаты Бектас Бекназаров Мемлекет басшысының Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бес институционалдық реформасын жүзеге асыру – бұл жаһандық ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі баянды бағдарлама екендігін атап өтті.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, тура жолдан таймауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын және заң үстемділігін қамтамасыз ететін болады», – дей келіп, ол құқық қорғау органдарын реформалауға байланысты болатын өзгерістер мен жаңалықтарды қадамдар бойынша жіліктеп түсіндірді. Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі жөнінде баяндады. Соттың ашықтығы мен жариялылығына қатысты атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Оның айтуынша, облыстық сот бейне және аудио құралдармен 70 пайыз қамтамасыз етілген, бұл өз кезегінде сот жұмысының жариялылығы мен ашықтығына алғышарт жасайды.
Жиынға қатысушылар Президент ұсынған мемлекеттік қызметті, сот жүйесін, құқық қорғау қызметін реформалау, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мәселелері және оларды тиімді түрде жүзеге асыру жолдарын талқылады. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру еліміздің әрбір азаматына және Қазақстанның әрі қарай болашағына қатысты болғандықтан, бұл бағытта ортақ ұсыныстар ортаға салынды, оларды жүзеге асырудың механизмдері де әңгіме болды.
Сенатор Бектас Бекназаров облыс орталығында қоғамдық қабылдау өткізді. Содан кейін Алға және Хромтау ауданының активімен кездесіп, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған түсінік жұмыстарын жүргізді.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.