Тұрғын үй шаруашылығы – қашаннан өзекті мәселе. Кешегі кезеңде толықтай мемлекеттің мойнында болған бұл салаға тәуелсіздік тұсында заман талабына сай өзгерістер енгізілді. Бұрынғы тұрғын үй басқармаларының орнына пәтер иелері кооперативтері (ПИК), кейін кондоминиумдар құрылып, тұрғындарға үйлеріне қатысты шаруа қамы өз биліктеріне берілді. Бүгінде көп пәтерлі мекенжайлардың коммуналдық мәселесімен ПИК, басқарушы компаниялар, кондоминиумдар айналысады.
Еліміздегі тұрғын үйлердің техникалық жағдайы біркелкі деуге келмейді. Өтпелі кезеңде қалыптасқан оны басқарудың моделі заманауи талаптарға жауап бере алмай отыр. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша қоныс нысандарын жөндеуді ұйымдастыру, тиімді, үнемді жағын қарастыру жоғарыда аталған құрылымдар құзырында. Бұлар осы шаралармен тиісті деңгейде айналысып жүр деу қиын. Мәселен, аталған бағдарламаға сәйкес жөндеу жұмыстарына жыл сайын 26 млрд. теңге жұмсалуы керек. Ал тұрғындардан жиналатын қаржы 25 млрд. теңгеден аспайды. Сараптамалық материалдарға сүйенсек, үйлерге күрделі жөндеу жүргізу үшін 200 млрд. теңге қажет болса, қызмет көрсету түрлерінің өзі 100 млрд. теңгені керексінеді.
Басқа да өңірлердегідей Жезқазған қаласында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жетілдіруге кең ауқымды істер атқарылып жатыр. Айталық, 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаның бірінші механизмі бойынша көп қабатты 5 үйге жөндеу жүргізілді.
Атап айтқанда, Асылбеков, Шевченко, Пушкин көшелеріндегі 97/2, 1-ші, 5-ші, 11-ші, 41-ші үйлерге тиісінше 9,3, 15,9, 14,6 және 15,9 миллион теңге көлемінде жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде Байқоңыров, Сәтбаев, Шевченко, Пушкин көшелеріндегі 20-шы, 51-ші, 15-ші, 47-ші үйлер адам танығысыз өзгерді. Мұнымен қоса Гагарин көшесіндегі 80-ші үйдің лифтісі ауыстырылды.
Қалада мұндай істер алдағы уақытта да жалғасын табады. Қаржылық қиындықтарға қарамастан биыл 4 үйді жөндеуге 56 миллион теңге бөлінді. Бұл міндет мықты мердігер ұйымдарға жүктелді. Мысал үшін Әжібаев жетекшілік ететін «Ажар-4» құрылыс компаниясы тұрғындардың сенімін әрдайым ақтаушы тәжірибелі ұжым.
Жаңарту жұмыстарының қаншалықты қажеті бар деген әңгіменің айтылып қалуы жасырын емес. Білген адамға мұның пайдасы ұшан-теңіз. Біріншіден, қуат көздерін үнемдеуге үлкен ықпал етеді. Есік-терезелері мен қабырғасы бүтінделген, жылу жүйелері алмастырылған баспаналарды жылумен қамтамасыз етуге шығын аз кетеді. Екіншіден, тұрғындар жеке әрлеуші құрылысшылар мен сантехниктер іздеп әуре-сарсаңға түспейді. Үшіншіден, қаланың келбеті келісіп, сәулеті сәндене түседі.
Бұған қалай қол жеткізуге болар еді? Ол үшін ПИК-тер алдымен кондоминиум құруы қажет. Олар тұрғын үй басқармаларында тіркеуден өтуі керек. Кондоминиум есебін жылдық 0,3 пайызбен «Қазпошта» АҚ өз мойнына алады. Пәтер иелері күрделі жөндеу сомасының бір бөлігін жинаулары тиіс. Осыдан кейін ғана мемлекет қайтарма ақшаны біртіндеп бере алады. Кондоминиум нысаны болып табылатын үйлерді мемлекет тегін жөндемейді.
Қуанышбек САНСЫЗБАЕВ,
Жезқазған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы,
жолаушылар автокөлігі
және автокөлік жолдары
бөлімінің басшысы.
Қарағанды облысы.