07 Мамыр, 2015

ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

2245 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВПЕН сұхбат

– Құрметті Бердібек Мәшбекұлы! Сіз Вице-премьер қызметіне кіріскелі де біраз уақыт болып қалды. Енді өзіңіз басшылық жасайтын әлеуметтік саланың мәселелері туралы ойларыңызды газет бетінде бөлісе бастасаңыз ертелік етпейді деп ойлаймын. Алғашқы әңгімемізді тілдің жайынан бастасақ.

Ана жылы Елбасымыз бір топ қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесіп, сұхбат берген. Сонда әңгіменің бір тұсында: «Біз жаһанданумен күресуді емес, жаһандануға бейімделуді алдымен ойлауы­мыз керек. Сөйткенде ғана тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз. Осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы», деген еді. Сол жерде мен: «Сонда да осы үш тілдің басында қазақ тілі тұрады ғой, әринедеп қалдым. Бұл сөзіме Елбасымыз: «Әрине. Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тіліҚазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді. Қазақ тіліөзіміздің ана тіліміз. Біз бәріміз ана тілімізді ардақтаймыз», деп нақты кесіп айтты. Кешегі керемет сайлаудың нәтижелері, яғни халқымыздың Елбасын мұншалықты қолдауы еліміздегі тіл саясатына разылықтың да көрінісі дей аламыз ғой?

– Дәл солай. 26 сәуір – Тәуелсіздік тарихындағы ерекше белес. Халықтың мұндайлық бірлігі, ел басқарып отырған тұлғаға мұндайлық құрметі, сенімі – нағыз феномен құбылыс. Бұл құрметті, бұл сенімді Нұр­сұлтан Әбішұлының ел үшін ерен еңбек еткен бүкіл өміріне, білімі мен білігіне, қажыры мен қайратына барша халықтың бірлесіп берген бағасы деп санауы­мыз керек. Екінші жағынан, бұл сайлау біздің халқымыздың асылын ардақтай алатын, қадірлісін құрметтей білетін қасиетін, шын мәнінде елдік биігіне көтерілген сипатын да танытты. Соның ішінде халқымыздың туған тілдің тағдырына перзенттік жүрекпен қарап, сан түрлі себептермен етекке түсіп кеткен тілді төрге шығарып берген Елбасына разылығы да жатыр. Бәрі де салыстыру арқылы білінеді дейтін болсақ, осыдан ширек ғасыр уақыт қана бұрын ауызекі әңгіменің, әрі барғанда газет пен журналдың, радио мен теледидардың, көркем әдебиеттің еншісінде ғана қалған ана тілімізді осыншалықты деңгейге жеткізу өзі ауылда туып, қазақ тілінің қайнарына қанып өскен, орта мектепті қазақша бітірген Нұрсұлтан Әбішұлының ғана қолынан келетін еді. Осындай Ер бастаған, осындай Ел қостаған қандай істің де жеңіске жетеріне сенуге болады.

Президенттің тілге құрметі – бәріміз үшін үйренерлік үлгі. Сіз сұхбат алуға келетін болғаннан кейін Елбасымыздың заман, қоғам туралы ой-тұжырымдары жинақталған «Жылдар мен ойлар» кітабынан бірнеше сөзді бөлек жазып алған едім. Мысалы, мына сөзді қараңызшы. «Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» – асыл тіліміз үшін мақтаныш сезіміне бөлендіретін, осындай тілді ұрпақтан-ұрпаққа, ғасыр­дан-ғасырға саф таза күйін­де жеткізуге міндеттейтін, әрқайсы­мыз қастерлейтін қағида ғой бұл.

Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақ тілін білу – қазақтың баласына парыз, ал білмеу – ұят және өз елің­­ді сүймегенмен бірдей», – деп те айшықты айтқан.

Елбасымыз күні кеше, Қа­зақстан халқы Ассамблея­сының ХХІІ сессиясында сөй­леген сөзінде қазақ тілін үйреніп жүр­ген барлық ұлты қазақ емес­терге, балаларын балалар бақ­ша­сынан өз Отандарының тілін­де сөйлеуге үйретіп жүр­ген ата-аналарға алғыс білдірді. Сонымен бірге, үш тілді кеңістікті енгізу қарқынын өрістетуді де міндеттеді. Ұлттық тіл мен мәдениетті сақтап, дамыту әлемдік ақпараттан құралақан қалуға негіз болмауы тиіс деп, үш тілді білу жаһандық өмірге жолдама алу екенін, бұл адамның өмірдегі табыстылығының қағи­даты екенін де қадап көр­сетті. Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайтынын ашық жеткізді. Бұл орайда қазақстандықтардың 20 пайызы қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгергені көңіл тоғайтарлық жай. Ол көрсеткіштің жыл өткен сайын өсе түсетіндігіне ешқандай күмән жоқ. Еліміздегі этностардың ана тілін өрістетуіне жан-жақты қамқорлық жасау да Президенттің биліктің атқарушы тармағына ұдайы тапсырып, қадағалап отыратын мәселесі.

Кез келген ұлттың, халықтың ең басты байлығысол халықтың ана тілі. Біздің ана тіліміз тек бір халықтың тілі ғана емес, мемлекеттік тіл. Десек те, тіліміздің мемлекеттік мекемелерде қолданылуына қатысты сын әлі баршылық. Сондықтан да қазақ тілінің жалпы халықтың түсінісіп, тілдесетін ортақ тіліне айналар жолында талай жұмыс жүргізілуі қажет. Қазақ тілін жетік білетін басшы, тіл жан­ашыры ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға байланысты қандай нақты жұмыстар жасалып жатыр дер едіңіз? Осы туралы ойыңызбен бөліссеңіз.

ERA_8741+

– Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХХII сессиясында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге, елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдерінің ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет», деген болатын.

Осы бағытта Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында бірқатар шаралар жүргізіліп отыр. Атап айтсақ, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде айқындалған негізгі мақсат­тар бойынша іс-шаралар кешені жоспарлы түрде орындалып келеді.

Үкімет тарапынан бағдарла­маны жүзеге асырудың І кезеңі аяқталып, ІІ кезеңінің 2014-2016 жылдарына арналған іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия отырыс­тарында мемлекеттік бағдар­ла­маның орындалуы жылына 4 рет қаралып, қадағаланып тұрады. Бағдарламаның I кезеңінде үл­кен жобалар іске асты. Соның бірі үздіксіз білім беру моделі арқылы «Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту» типтік оқу-әдістемелік кешені әзірленді.

Аталған әдістеме негізінде қазақ тілін білу деңгейін баға­лау­дың «ҚАЗТЕСТ» жүйесі енді.

Осы мақсатта мемлекеттік органдар «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында мемлекеттік қызметшілерді диагностикалық тестілеуден өткізу жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алып отыр.

Мемлекеттік тілді оқытудың ин­фрақұрылымын дамыту аясында бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер мен ересектерге мем­лекеттік тілді оқыту мақ­са­­тында республика бойынша барлық облыстар мен Ал­маты, Аста­на қалаларында 91 өңірлік мемле­кеттік тілді оқыту орталығы қызмет атқаруда.

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігінің Шай­сұл­тан Шаяхметов атында­ғы тіл­дерді дамытудың республи­ка­лық үйлестіру әдістемелік ор­та­лығынан тікелей термино­ло­гиялық жұмыс­тармен айналысатын белгілі лингвист ғалымдар мен сала мамандарынан тұратын Терминологиялық бөлім ашылды.

Аталған бөлім барлық сала­лар­дағы терминдерге қа­тысты мәсе­ле­лерді зерделеп, тер­миндерді біріз­ден­діру, стан­дарттау жұмыс­тары­мен айна­лысатын болады. Соны­мен қатар, «Қазақстан» телеарнасынан «Термин және қо­ғам» бағдарламасы ашылды. Тер­минкомда бекітілген терминдерді халыққа жеткізу мақсатында арнайы бағдарламалардан «жү­гіртпе жолдан» беру мәселесі шешілді.

Мемлекеттік тілді насихаттау барысында Мемлекеттік тілді дамыту қоры да ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып жатқанын атап өткім келеді. 2013 жылдың желтоқсанында елімізде тұңғыш рет мемлекеттік тілді онлайн режімінде тегін үйренуге болатын «Soyle.kz» интернет-порталы ашылды. Бүгінде портал қазіргі заманға сай қашықтан оқыту мен инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы көптеген отандастарымызға мемлекеттік тілді үйде отырып тегін үйренуге мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, қазір «Soyle.kz» порталының «В контакте» әлеуметтік желісіндегі тобында 4 мыңға жуық, «Фейсбук» әлеу­меттік желісіндегі парақшасында 500-ге жуық адам қазақ тілін үй­реніп жатыр.

Сонымен қатар, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 88 пайызға жет­ті. Айта кету керек, әзірге бұл көр­сеткіш ілеспе хаттар мен орыс тілі­нен қазақ тіліне аударылған құжаттардың есебінен болып отыр.

– Осы арада мына бір жайды айтпай тұра алмаймын. Іс қағаздарын екі тілде жүргізуге қол жетті, қазақ тілінде әзір­ле­нетін құжаттардың саны арт­ты деген мәліметтердің ар жа­ғында әдетте, аудармашы­лар­дың құлағы қылтиып тұрады. Белгілі бір дәрежеде мем­лекеттік мекемелердегі аудармашылар қызметкерлердің қазақ тілін меңгеруіне кедергі де келтіруде... Өйткені, аударма­шылар штаты енгізілгенге дейін ақ тер, көк тер болып өз жаз­ғанының қазақша нұсқа­сын дайындауға немесе тіке­лей қазақша жазуға тырыса­тын, тырыса жүріп тілді игере бастаған шенеуніктер қазір орысша нұсқаны аудар­ма­шыларға ысыра салуға айналып барады.

– Ондай мәселе де бар. Де­генмен, біз қазіргі белесте аудар­машылар қызметінен толық бас тарта алмаймыз. Негізінде мекемелер басшылары қай қызметкердің екі тілді, қай қызметкердің бір тілді екеніне назар аударып, талдау жасап, мемлекеттік тілді жазба деңгейде де игергендерге қолдау көрсетіп отырса мұның өзі едәуір ынталандыру болар еді.

Қазақстандық телеарналарда мемлекеттік тілде хабар та­ратудың жалпы көлемі ұлғай­ды. Отандық телеарналарда және басқа да БАҚ-тарда қазақ тілді контент үлесінің артуын мақсатты түрде қадағалап отырамын. Мәселен, «Қазақстан», «Балапан», «Асыл арна», «Білім және Мәдениет» мемлекеттік теле­арналары 100% қазақ тілінде.

Бұқаралық ақпарат құрал­дар­ында қазақ тілді контент үлесі сақталып отыр. Отандық теле­визиялық арналарда жүйе­лік негізде қазақ тіліндегі шы­ғар­машылық және авторлық бағ­дарламалардың үлесі артуда.

Сонымен қатар, интернет желілерінде көптеген қазақ ті­ліндегі сайттар ашылып, оны тұтынушылар саны да өсуде. Қазақ тілінде интернет тұты­ну­шылардың саны өскен сайын қазақ тілінде контент ұсынатын ресурстар саны да көбейе бас­тады. Ұлттық тақырыптарды қамтитын abai.kz, namys.kz, jaqsy.kz, turkystan.kz, т.б. сайттарымен қатар ұлттық апталық газеттердің - anatili.kz, jasqazaq.kz, zhasorken.kz, т.б. сайттары көпшілік назарында. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған BAQ.KZ ақпараттық порталының қызметін атап өтуге тұрарлық.

BAQ.KZ ақпараттық порталы интернет желісінде қазақ тілді БАҚ-тың ықпалын күшейту және барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына бір ғана сілтемемен қол жеткізуге мүм­кіндік беретін ортақ алаң құрып, қазақ тіліндегі контенттің кө­лемі мен сапасын, қазақ тілді оқыр­манның белсенділігін арттырып отыр.

Қазіргі таңда BAQ.KZ-те елі­міздің қазақ тіліндегі 75 газе­тінің, 22 журналының сайттары және 85 электронды БАҚ топтастырылған, сондай-ақ, портал қолданушылары 12 радио мен 14 телеарнаны онлайн жүйесінде пайдалана алады.

Алдағы уақытта да ақпарат кеңістігіндегі қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне мүмкіндік жасаймыз.

– Көптеген ақпарат құрал­дарының беттерінде: «Қазақ тілінің белін жаза алмауының басты себебі, мемлекеттік тілді білуге қажеттілік тумай отыр» деген ой кездеседі. Тілге қажет­тілік тудырудың бір жолы – жазба тілді күшейту. Бүгінде елімізде қабылданып отырған заң жобалары түгелдей дерлік орыс тілінде дайындалып, қа­зақ тіліне аударылады. Заң мәтіндерін қазақ тілінде дай­ын­дауға мүмкіндік бар ма?

– Шындығында да, еліміздің белді оқу орындарының бар­лы­ғында заң факультетін қазақ тілінде тәмамдағандар көп. Алай­да, олардың көпшілігі негізгі ма­мандығына қосымша заң ма­мандығын сырттай оқитындар. Салалық заңгерлердің басым бөлігі орыстілді азаматтар болып жатады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда қазақ тілінде сауатты іс жүргізе алатын мамандардың аздығы байқалады. Қазақ тілі қазіргі уақытта заңнама ісінде, жаңа өзіңіз айтқандай, аударма тіліне айналды. Алдымен орыс тілінде әзірленген хатты қазақшаға аударғанда кейде мағынасы мүлдем түсініксіз болып жатады. Бұл – Қазақстандағы аударма мектебінің әлі де қалыптаса қоймағандығының белгісі. Ал заң мәтіндерін қазақ тілінде дайындауға мүмкіндік, әрине, бар. Оған ешқандай қарсылық жоқ. Тек орыс тіліне аударғанда түпнұсқалықты (аутентичность) сақтаған жөн.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мә­сі­мовтің төрағалығымен жылына 4 рет өткізілетін Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мамыр айындағы отырысында заң мәтіндерін мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесі қаралмақ. Біз осы отырыста аталған мәселені егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз. Мен бүгін таңертең сол комиссияның жұмыс тобының бір топ мүшелерімен кездестім, тіл саясатының толғағы жеткен бірқатар мәселелерін бірлесе талқыладық, Премьер-Министр өткізетін келесі отырыста қаралатын жайларды пысықтадық.

– Кезінде Наполеон: «Мен 400 мылтықтан гөрі, төрт газеттен көбірек қорқамын» деген екен. Біздің ақпараттық кеңіс­тігіміздің басым бөлігі көрші­лес елдердің басылымдарымен қамтылған. Қазақ тілді басы­лымдарға өз еліміздің аза­мат­тары тарапынан немқұрай­лылық басым тәрізді. Бұл идео­логиялық тұрғыдан қауіпті саналатын құбылысты қалай түзетуге болады деп ойлайсыз?

– Қазіргі уақытта кітап, газет оқитындардың қатары сиреп барады. Жастарды кітап оқымайды деп кінәлаймыз, алайда олар өздеріне керектіні электронды кітаптардан, интернет желілері арқылы алуда. Қазіргі жаһандану заманында түрлі әлеуметтік желілер мен сайттардан рухани, тағылымдық мәліметтерді алуға болады. Ал қазақ тілді басылымдарының мәселесіне келсек, әрине, проблема бар. Ол басылымдағы ақпараттарға қатысты емес, қазақ тілін еркін меңгеріп, қазақ басылымына көз жүгіртіп шығатын биліктегі, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың қатарының аздығында. Ал жалпы қазақ басылымдары мәселені өткір, өзекті етіп жаза алады.

Адамның еліне, жеріне деген патриоттық сезімі оянып, идеологиялық көзқарасы түзелмейінше адамды бір нәрсеге күштеу қиынның қиыны.

Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Газет – халықтың тілі, көзі һәм құлағы», деген еді. Халықтың мұң-мұқтажы, жеткен жетістігі мен табыстары, түптеп келгенде экономикалық жағдайы осы басылымдар арқылы айқындала түседі. Сондықтан да қазақ тілді басылымдардың таралымын көбейтуге тырысу қажет-ақ. Бұл орайда сіз басқаратын «Егемен Қазақстанның» жазылымды жүр­гізу жөніндегі жүйелі, жемісті жұмысы құптарлық. Газет таралымы 200 мыңдық белесті де бағындырды ғой бүгінде.

– Елбасымыз: «Қазақ­стан­ның болашағы қазақ тілін­де», деп мемлекеттік тілдің еліміздегі орны мен болаша­ғын нақтылап берді. Осыған орай, қазіргі өсіп келе жат­қан жас ұрпақтың бойына отан­сүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ұялатып, ана тіліне құрметпен қарауын қалып­тастыру үшін алдымызға қандай міндеттер қоюымыз қажет деп есептейсіз?

– Ең алдымен, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне мән беруіміз керек. Дана халқымыз «Отан отбасынан басталады», «Бала тәр­биесі – бесіктен», деп тегін айтпаған. Әрбір отбасы ұлт­тық құндылықтарымызды өз бала­ларының бойына сіңіре білуі керек. Өйткені, тілге деген құрмет те отбасынан басталады. Егер әрбір отбасы балаларын тәрбиелеуде қазақша сөйлеп, балалардың бойына қазақи қарым-қатынас мәдениетін сіңіретін болса, келешек ұрпақтың тәрбиеленуі мен қалыптасуына ерекше назар аударылар еді. Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөй­лессін» деген сөзін негізге ала отырып, әрбір отбасы қазақ тілін құрметтеуге баса мән беруі керек.

Қазақ балабақшаларының саны жыл сайын артуда. Бала­бақша санын ғана арттырып қоймай, сапасына көңіл бөлу қажет. Болашақта өсіп шығатын алып бәйтеректің шыбығына тал кезінен бастап бойына нәр беріп, тамырының кең қанат жаюына жағдай жасаймыз. Сол сияқты жас буынның бойында ұлттық сана қалыптастыруымыз қажет деп есептеймін. Бұл мақсатқа жетудің жолында жалғыз бір отбасы, не білім беру ордалары ғана жұмыс істемеуі керек, жалпы қоғам атсалысуы керек. Әрбір ісімізден ұлттық өнеге, ұлттық діл көрініп отыруы керек. Алайда, ұлттық болмысымызды қалыптастырамыз деп жүргенде, әлемдегі жаһандану үрдісінен де тыс қалмағанымыз жөн.

Елбасының «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзін еске салдыңыз. Болашақ жастарымыздың қолында екені рас. Қазіргі жастардың өмірге деген қөзқарастары жаңаша қалыптасып келеді, осыған байланысты еліміз «үш тілді кеңістік» саясатын қолдауда.

Жас буынның бірнеше тілді білуі жеке адамның ғана емес, қоғамның дамуына да пайдалы. Бұл елімізде халықаралық мәдениет пен экономикалық байланыстардың дамуын жандандырады.

Бүгінде шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс атқару үшін сол саланың маманы ғана болу шарт емес, кәсіби білімді қажетті шет тілдерінде қолдана білу де маңызды болып отыр.

Әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің қатарына кіру жастар алдындағы үлкен мақсат болуы тиіс. Бұл мақсатқа жету – ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс істеу машығын игеру деген сөз.

Қазақстанда шетел тілдері­нің ішінде ағылшын тілі ең танымал тіл болып отыр. Зерт­теу нәтижелері бойынша қа­зақ­стандықтардың түрік, қытай, неміс және француз тілдерін меңгеруге ден қоя бастағаны анықталған. Сонымен қатар, жас ғалымдарымыз испан, итальян, чех, араб, корей және жапон тілдерін үйренуге де қызы­ғушылық білдіруде. Бұл жақсы үрдіс деп тануға болады.

Қазақстанда үш тілді бел­гілі бір дәрежеде білетін аза­мат­тардың үлесі 15 пайызға жақындап отыр.

Жақында ғана «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңес өткіздік. Қатысып, сөз сөйледім. Кеңесте үш тілдің бірлестігі және Қазақстан Республикасында Тіл­дерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша мәсе­лелер көтерілді. Кеңеске рес­публиканың барлық өңірлерінен 300-дей адам қатысып, аталған мәселелер барынша талқыланды және осы кеңес барысында түс­кен ұсыныстардың орындалуын өзім бақылап отырмын.

– Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұлтты сүю» деген еңбегінде: «Қазақты тура жолға бастай­ты­ны да, адастыратыны да – оқығаны. Білімді, ақыл­ды, жақсылықты, үлгіні, тәр­тіп­ті, ақиқатты, әділдікті, қыз­мет­ті оқығандардан күтеді. Оқы­ғандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген сөздер бар. Бұл сөздер бір ғасыр өтсе де, әлі өзектілігін жоғалтпай келеді. Беке, біз өзіңізді халық үшін туған перзенттердің ал­дың­­ғы легінен көреміз. Елба­сымыз шешімімен әлеуметтік саланың мәселелері сеніп тапсырылып отыр сізге. Еліміздің келешегін қалай елестетесіз? Сол жөнінде ойыңызды ортаға салсаңыз.

– Отанын сүйетін адам, өз  елінің патриоты ретінде мен елімнің болашағының жар­қын екеніне сенемін. Бүгінгі таңда біздің алдымыздағы «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сының, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасының басты мақсаты – әлемдегі дамыған елдердің қатарына енуге қол жеткізу болып отыр. Осы жолда елім үшін қызмет етемін. Мен үшін Елба­сының сенімін ақтаудан артық абырой болмақ емес.

Жалпы, тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, қай заманның болсын оқығандары өз Отанын, өз халқын сүю арқылы бірқатар еңбек атқарып, халқының игілі­гіне қызмет жасағаны белгілі. Бұл үрдіс бұдан әрі де солай өз жалғасын таба бермек. Бүгінде сондай ел үмітін арқалаған, ел алғысына бөленіп, халқының марапатына, сый-құрметіне бөленіп жүрген азаматтарымыз да аз емес, олармен мақтануымыз да керек. Елімізді өркендету жолында барлығымыз бірігіп жұмыс істесек, біз алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын. Атам қазақ: «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бекер айтпаған ғой.

Елбасымыз өзінің сайлауалды тұғырнамасында елдің болашағына, халықтың мүддесіне бағытталған бес реформаны ұсынды. Халықтың сайлауға белсенді қатысуының басты бір себебі, Елбасының осы ұсынысын бірауыздан қолдауында деп ойлаймын. Мемлекет басшысы осы бағыттарды кезең-кезеңімен жүзеге асырылуын басқаратын Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрды, оның жанында Халықаралық консультативтік кеңес әрекет ететін болды. Бұдан бөлек, комиссияның бірінші отырысында «мемлекет құру ісіндегі ендігі 100 нақты қадам» Ұлт жос­пары таныстырылды.

Елбасы ұдайы елді алға же­телеп келеді. Мемлекет басшы­сының ұстанған бағыт-бағдары – елдің табысты дамуы мен өркендеуінің кепілі. Демек, тәуелсіз еліміз келешекте әлі талай биікке көтеріледі. Дамыған 30 елдің қатарына еніп, бақуатты мемлекет атанарымызға кәміл сенемін. Бес халықтық рефор­маны қолдай отырып, біз «Мәң­гілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруға, тіліміз бен мә­дениетіміздің дамуына бағыт­талған міндеттерді орындауға бар күшімізді саламыз.

Үкіметтің күні кеше өт­кен кеңейтілген отырысында Ел­басымыз алдымызға ауқым­ды міндеттер қойды. Ол міндет­тердің үдесінен шығу баршамыз үшін үлкен сын.

Елдегі татулықтың басты бір тірегі – тіл. Сондықтан, ең бас­тысы елімізде бейбітшілік пен келісім, татулық пен тұрақтылық мәңгі орнықсын, сонда асқақ арманымызға сөзсіз жетеміз.

– Рахмет. Айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.