05 Тамыз, 2015

100 қадам – 100 тапсырма

459 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Осыдан шамалы уақыт бұрын Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жөніндегі келіссөздердің ойдағыдай аяқ­тал­­ғандығы және де бұл туралы Елбасының Үндеуі біздің әрқай­сы­мызды үлкен бір қуанышқа бөлеген еді. Енді, міне, еліміз ДСҰ-ға мүшелікке қабылданып отыр. Тиісті құжатқа Президент Нұрсұл­тан Назарбаев 27 шілде күні Швей­царияда қол қойды.

111 (23) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дү­ниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайтындығын және сонымен бірге, алдымызда ауқымды істер тұрғандығын атап көрсетті. Біздің еліміздің мұндай зор сенімге ие болуына аз ғана уақыт аралығында «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асыра алғандығы зор серпін бергені анық. Барша қазақстандықтардың же­дел жұмылуының арқасында индус­трияландырудың бірінші бесжыл­дығы да табысты аяқ­тал­ды. Енді біздің алдымызда ин­дус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асыру міндеті тұр. Ұлттың ішкі тұтастығы қазақ­тың өршіл, мақсатшыл болуын қамтамасыз етіп отыр. 26 сәуірде Қазақстан халқы тайлы-таяғы қал­май, ел келешегі үшін Нұрсұлтан На­зарбаевқа дауыс берді. Осы арқылы біз бір мақсат, бір мүддеге топтасқан біртұтас ұлт екенімізді жалпақ әлемге дәлелдеп бердік. Елбасының сайлауалды тұғырнамасында бес институттық реформа ұсынылды. Сайлауда халықтың 97,7 пайыз дауысын алып, бұрын-соңды болмаған жеңіске жеткен Елбасы уақытты созбақтамай, межелеген реформаларды жүзеге асыруға дереу кірісті. Ұлықтау салтанаты кезіндегі сөзінде ауқымды бес ішкі міндеттерді тұрақтылық тірегі ретіндегі орта тап үлесін ұлғайтудың, біртұтас рынокты және барлық өңірлерді тепе-тең дамытудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың, ел ішіндегі ұлт бірлігін нығайтудың, сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды басымдыққа ие екені туралы қадап айтты. Ел Президенті жанынан қоғамды жаңғырту жөніндегі ұлт­тық комиссия құрылатынын хабарлады. Осы құрылымды құру арқы­лы мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғам­ның іс-қимылы нақты бір бағытқа үйлестірілді. Бұл Мемлекет басшысы­ның мемлекет пен қоғам қызметі­нің шешуші бағыттарын жаңғыр­ту жөніндегі алға қойған страте­гиялық бағытты қатаң ұстана­тынын көрсетеді. Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған күннен бастап, еркін дамудың жолын іздеді. Тәуелсіз ел ретінде өзінің стратегиялық өркендеу жолын да дәл анықтап, тарихтың аса қысқа уақытының аралығында Қазақстан әлем елдерінің арасында дамыған мемлекеттер қатарына қосылды да, енді озық кеткен отыз елдің ортасынан өз орнын иемденуді межелеп отыр. «Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейім­деліп келеді. Бұл бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор», – деп Мемлекет басшысы биылғы сайлауалды тұғырнамасында қоғамның ішкі тұтастығына ай­рықша мән бере отырып, мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызы, оны осы заман талаптарына сай жетілдіру мәселесін де айрықша атап көрсеткен еді. Мемлекеттік қызметтегі адам мемлекет пен халық мүддесінің алдында тікелей жауапты болуы тиіс. Бұл – басты талап. Жауапкершілік болған жағдайда ғана заң мемлекетке қызмет етіп, мемлекет пен халықты біріктіреді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықтық бес реформасының маз­мұны, бағдары тап осы бағытқа – ашық және халыққа есеп беруші мемлекетті қалыптастыру, мемлекет қызметін осы жолға бейімдеуге бағытталып отыр. Елбасы жоғары деңгейдегі мемлекеттік басқарудың бұл ережесін әлем елдерінің тәжірибелерін сараптау негізінде ұсынып отыр. «Көптеген елдердің тәжірибесі, – деді Елбасы өзінің халықтық реформасында, – «Әуелі – күшті мемлекет және экономика, содан кейін саясат» қағидатының бұзылуы апаттарға алып келіп, қоғамды «сындыратынын» көрсетіп отыр». Ашық және халыққа есеп беруші мемлекет дегеніміз – мемлекеттің ішкі тұрақтылығын, ішкі тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекет қызметін және оның даму тетіктерін, даму бағдарын анықтап, мемлекетті басқаруда халықтың саяси санасын мемлекетпен біріктіре білетін билік түрі. Елбасының мемлекеттік басқаруға байланысты ұсынып отырған реформасы бойынша ашық және халыққа есеп беруші мемлекет қызметі мынадай деңгейлерді қалыптастырып, біріктіріп отыруы тиіс. Олар: бірін­шіден, мемлекет билігіндегі әрбір адам өз қызметінің атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы айқын түрде халыққа есеп беруі тиіс. Екіншіден, мемлекет қызметіндегі әр басшының басқарушылық қабілеті, тәжірибесі, білім-білігі қоғам өмірінде ашық түрде көрінуі тиіс. Үшіншіден, мемлекет қызметіндегі басшының басқару қабілеті, кәсіби деңгейі халықтық таңдау, қоғам дамуының талабы арқылы дараланып отырады. Реформада атал­ған бұл ереже мемлекет саясатын, мемлекеттік басқарудың тәжіри­белерін ғана емес, басқарушы тұлғалардың кәсіби деңгейдегі бәсекелестігін, халықтың таңдауы мен қоғамның болашағына деген сенімін нығайтады. Мемлекет қызметін кәсіби деңгейде басқаруда басшылық құрам өкілдеріне қажет нәрсе – тиянақты идея, нақты жоспар, дұрыс шешім. Осы бағытта Елбасы ашық және халыққа есеп беруші мемлекеттің деңгейін «шешім қабыл­дау үдерісінің мөлдірлігін қамта­масыз ету, азаматтар жоғары мемле­кеттік органдар шешім қабылдай­тын үдерістерге «ашық үкімет» тетігі арқылы белсенді тартылуы тиіс» деді. «Ашық үкімет тетігі» ха­лық пен билікті, мемлекет билі­гін біріктіретін тетік мемлекеттік стратегияның айқын жоспары және әрбір маман басшы идеясының, көзқарасының, басқару тәсілінің ашық түрде жүзеге асуы, айқын көрінуі арқылы қалыптасады. Ал «Ашық үкімет тетігі» қалыптасуы үшін билік қызметіндегі мамандар алдымен мемлекет идеологиясын толық білуі қажет. Сол арқылы мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асырады, мемлекеттік даму саясатына халықты да бағыттай алады. Бұл – Елбасы ұсынып отырған айқын түрде халыққа есеп беруші мемлекеттің негізгі ұстанымы. Мемлекет – халықтың үйі. Сол себептен халық өз мемлекетінің даму тетігін, жетістігін, дамуға бағытталған жоспарын көзбен көріп, білуі тиіс. Бұл қалай жүзеге асады? Ол үшін, Елбасы реформада атап көрсеткеніндей, қоғам өкілдерінің, ел азаматтарының мемлекеттен бөлінетін бюджет қаржысын бөлуге қатынасулары тиіс. Енді бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» арқылы халық қаржысын талан-таражға салу азайып, көпшілік бақылауына берілетін болады. 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елдің ішкі рыногын, транзиттік және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға, сондай-ақ, ин­фра­құрылымды дамытуға бағыт­талған басымдықты жобалар жүзеге асырылатын болады. Әсіресе, қазіргі уақытта салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды, Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау, Алматы – Өскемен автокөлік трассаларының елі­міздің дамуындағы маңызы айрықша бол­мақшы. Сонымен бірге, теміржол саласы мен көлік логистикасы жобалары бойынша да жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Алматы-1 – Шу темір­жол учаскесінде екінші жол құрылысы үшін қа­зірдің өзінде топо-геодезиялық және инженерлік-гео­логиялық зерттеулер жүргізілуде. Боржақты – Ерсай желісінің құры­лысы жүруде, Құрық портында паромды өткел салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды, геодезиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы мен терминалын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазақстанда АЭА мен индустриялық парктерді дамытуға, тұрғын үй, мектептер мен балабақшалар салу­ға, елімізге келетін және сыртқа шығ­а­тын туризмді одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымдар жасауға, АӨК субъектілерін, отандық автомобильдер, тікұшақтар, жолаушылар вагондарын жасаушыларды қолдауға бағытталған қаржылар игерілуде. Осының барлығы біздің қазақстандық экономиканың әлемдік бәсекеде қабілетті болуына жол ашары анық мәселе. Елбасы ұсынған бес инсти­тут­тық реформа – «100 нақты қадам» – әлемдік үлгі болатындай стра­тегиялық жоспар. Бұл – біздің ұл­тымыздың төл жоспары! Қазақстан Көшбасшысының әрқашан саясатта өз рецепті, өзінің батыл стратегиялық шешімдері бар екендігін бәріміз білеміз. Қабылданған қадамдарға сай жаңа заңдар қабылдау, қолда­ныс­тағы «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес туралы» заңдар мен Еңбек кодексіне, тағы да басқа да біраз заңдарға өзгеріс енгізу, оны тия­нақтап, Президент қойып отырған та­лаптарға сай ету де өте ауқымды іс. Елбасы мемлекеттік қызмет тақы­рыбын өзі жариялаған бес рефор­маның ең біріншісі етіп тектен-тек қойып отырған жоқ. Оны жүзеге асырудағы жасалатын 100 қадам­ның да алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Өйткені, мемлекетіміздегі реформа­лардың іске асуы, басқару жүйесі­нің тұтастығы, кәсіпкерліктің дамуы, ел әлеуетінің артуы да мемле­ке­ттік аппараттың, ондағы қызметкер­лердің жұмысына, кәсіби шебер­лігіне, ұлтжандылығына тікелей байланысты. Реформалар сапында көрсетілген заңның үстемдігін қамтамасыз ету де, елдегі индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету де, ынтымақ пен бірлік те, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру да кадрларға, мемлекеттік аппарат жүйесіне, соған қатысы бар мемлекеттік органдардың біліктілігі мен пәрменділігіне, ондағы қызметкерлердің сана-сезіміне келіп тіреледі. «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Н.Ә. Назарбаев маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатқанын баса айтты. Бүгінгі әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екенін, бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешім қабылдауды саясаттандыратынын, мемлекеттік аппараттағы жиі кездесетін белгілі бір қамқоршының патронаты тамыр-таныстықты туындатып, жемқорлық үшін жағдайлар туғызатынын, кадрлық әлеуетті төмендететіндігін тілге тиек етті. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жарияланған аз уақыттың ішінде ол халықтың кең қолдауына ие болды. Мұны барша қазақстандықтар халықтық реформа ретінде және елімізді сенімді болашаққа бастайтын жарқын жолымыздың бастауы деп қабылдады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы, соның ішінде бұған дейінгі «Нұрлы Жол» бағдарламаcы да халықтың әл-ауқатын арттыруды шынайы көздеген бағдарламалар болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы ұсынған 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша белгіленген 100 нақты қадамның мәні де, маңызы да айрықша болып отырғандығын әлемдік деңгейдегі сарапшылар атап көрсете білді. Ақордада өткен Үкіметтің алғашқы отырысында Елбасы: «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Олардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бір ізді болуын қалаймын», – деген еді. Елбасы бұл міндетті жүзеге асырудың негізгі тетіктерін сөз ете отырып, бес халықтық осы реформаны өзінің Сайлауалды тұғырнамасы ретінде жария еткені белгілі. Бұл, былайша айтқанда, Елбасының елге берген уәдесі. Бұл уәделі реформада заманауи және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заңның үстемдігі мен жекеменшіктік құқыққа кепілдік беруді қамтамасыз ету, қайта жаңғыртуға негізделген индустрияландыруды одан әрі дамыту, біртұтас ұлтқа айналу, транспарентті және есеп беретін мемлекет болып қалыптасу міндеттері басты назарда тұр. Мұны биік меже тұғыры деп білгеніміз де абзал. Елбасының сындарды саясатының астарына үңілер болсақ, көп нәрсеге көз жеткізеріңіз анық. Президентіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ, мемлекеттің негізін құрайтын адами капиталдың дамуын, халықтың әл-ауқатын, жағдайын жақсартуды басты мақсат етіп алды. Жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы, басқа әлеуметтік көмектер жыл өткен сайын өсіп келеді. Аналық капиталды құрау, соңғы жылдары жүзеге асырылған «Қолжетімді бас­пана-2020» бағдарламасы да жас отбасыларды қолдаудың негізгі көрсеткіші болып табылады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағы – 1991 жылдан бастап Елбасы талай қиын, кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді – елімізде нарықтың шаруашылық механизмін құру, әлемдік қоғамдастыққа кіру, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, тағы да басқа басым бағыттар бойынша ауқымды шаралардың жүзеге асуына қол жеткізді. Бұған дейін еліміздің экономикасын қарышты дамыту үшін жиырмаға жуық бағдарлама жүзеге асты. Бұл бағдарламалардың барлығына да Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауларында алға қойған міндеттерді шешу жолдары нақтылы негіз бола алды. Бес институттық реформаның 100 нақты қадамының 55-қадамында Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарлары үшін өңдеу өнеркәсібіне ең кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту мәселесі айтылады. Халықаралық экономикалық нысандардың жаңа мүмкіндіктері туралы халықаралық бизнесті ақпараттандыру мәселесі де орынды көтеріліп отыр. Бұл ел экономикасын ірілендірудегі нақты шешімдердің бірі болып табылады. Яғни, «экономиканың басым секторларында «зәкірлік инвесторлармен» халықаралық стратегиялық серіктестермен («Эйр Астана», «Теңіз Шевройл», ҚТЖ локомотивтерін шығару жөніндегі зауыт үлгісі бойынша) бірлескен кәсіпорындар құру, шетелдерден жоғары білікті мамандар тарту үшін АҚШ, Канада, Австралия секілді көші-қон режімін қалыптастыру маңызды шарттардың бірі. Бізге өзгелердің озық технологиясын пайдалану тиімді. Озық үлгілер ғана әлемдік деңгейдегі озық мемлекеттердің қатарына кіруге бір қадам жақындатады. Дамыған мемлекеттердің кез келгенін алсақ та, олардың осындай жолдардан өткенін байқау қиын емес. Бастысы, ел экономикасын көтерудің алғышарттары бар. Жиырма жыл бұрынғы Қазақ­стан­мен бүгінгі Қазақстанды салыс­тыру мүмкін емес. Елбасы сын сағат­тарда тегеурінділік таныту арқылы елімізді жаңа белеске алып шықты. Ел экономикасын жаңғыртудың басты алғышарттары қандай болуы керек деген мәселеге ойысар болсақ, ең әуелі, өнеркәсіп саласының негізгі буындарын дамыту ойға оралатыны бар. Өнеркәсіпті де әлемдік бәсекелестікке қабілетті етуге толық негіз бар, бізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылды. Мұның игілігін ел көріп те отыр. Ал енді, «Мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан» тұратын Ұлт жос­пары да жаңа реформаларды табысты жүзеге асыруда айрықша рөл атқаратындығына да бек сенімдіміз. Өйткені, бұл 100 нақты қадам – біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыздың жалғасы, оның құрамдас бөлігі болып саналады да, ол елімізді әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу жөніндегі нақты жос­пар болып басшылыққа алынары да сөзсіз. Себебі, ең бір таңдаулы деген халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған бұл «100 нақты қадамның» жаңа ғасырдағы еліміздің табысты дамуына айқын серпін беріп, жол ашарын танып отырмыз. Елбасы әр реформаны жүзеге асыру жолында ең әуелі дамыған елдердің тәжірибелерін шұқшия зерттеп, солардың қажеттісін алып, қажетсізін ысырып тастап, әрбір саяси жоспарларымызды дамыған өзге елдердің табысты практикасының тиімді белгілерін өзіміздің ұлттық жағдайымызға, құндылықтарымызға, ұлттық мүдделерімізге сәйкестендіре отырып пайдалануы қазақстандық әр реформалардың табысты болуының басты факторы болып келеді. Елбасының бұл жолғы да бес институттық реформасын халықты жаңашылдыққа бастайтын жаңа қадам және де қазақстандықтардың көшін алға бастайтын даңғыл жол деп білеміз. Сонымен бірге, бұл бес институттық реформаның негізгі идеясы «біздің ел, біздің ұлт, біздің болашақ» атты Ұлт жоспарына алтын арқау болып отырған халықтың келешегі мен елдің болашағы деп қараған да абзал. Ең бастысы – бұл «100 нақты қадам» Елбасының ел тәуелсіздігін одан әрі нығайта түсудің және де Мәңгілік Ел болу жолындағы ілгері жылжудың нақтылы 100 тапсырмасы болып табылады. Олай болса, біз өз еліміздің әр қадамын ұлттың бет-бейнесі, төл құжаты, халықтың арман-аңсары деп танимыз да, Елбасының белгілеп берген Ұлт жоспарын орындауды әрқайсымыз өзіміздің абыройлы міндетіміз деп білеміз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор.