17 Ақпан, 2015

Қазақстан хоккейшілері – Универсиаданың күміс жүлдегері

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
16-02-15-hokkey-1 Хоккейден Қазақстанның ерлер арасындағы  құрамасы сенбі күні Испанияның Гранада қаласында Универсиада шеңберінде өткен турнирде күміс жүлдеге қол жеткізді. Біздің жастар жарыс жабылатын күнгі ақтық айқаста Ресей жасағымен кездесті. Матч күткендегідей, тә­жірибесі басым, дәстүрі терең ресейліктердің басымдылығымен өтті. Олар кездесудің 3-минутында есеп ашты. Оны қақ­паға Тимур Шынгареев түсірді. Ал 14-минутта Егор Кри­венко алыс бұрышты дәл көздеп, есепті ұлғайтты. Бұдан кейін 30-минутта Александр Торче­нюк табло­дағы есепті 3:0-ге ұлас­тыр­ды. Біздің жігіттер үшінші ке­зеңде батыл ойнай бастады. Со­ның нәтижесінде олар 44-минут­та бір шайбаның қарымтасын қайтара білді. Мұнда Ренат Сафин мергендігімен көзге түсті. Айта кетейік, Қазақстанның студенттер құрамасы мұның алдында, 2013 жылы өткен қысқы Универсиаданың да күміс жүлдегері атанып еді. Сол жолы біздің команда Италияның Трентино қаласында ойналған финалдық кездесуде Канада студенттерінен 2:6 есебімен ұтылған болатын. Ал Гранадада Универ­сиа­даның үшінші орны үшін Канада және Чехия кездесті. Бұл түнде кешірек ойналды. Матч «Үйеңкі жапырағы» елі хоккейшілерінің айқын басымдылығымен бітті. Ойынның басында біраз қарсы­ласқан чехтар содан кейін ойын тізгінін қарсы­лас­та­рына біржола беріп қойды. Нә­тижесінде 2:6 есебімен ұтылды. Ал жартылай финалда Қазақстан командасы осы чехтарды 2:1 етіп жолдан шығарып тастаса, ресейліктер канадалықтарды буллиттен 3:2 етіп ұтып (негізгі уақыт – 2:2), ақтық сынға жолдама алған еді. Еске сала кетейік, Универ­сиадада Қазақстан студенттері 11 жүлде жеңіп алды. Олардың қоржындарына 5 алтын, 6 күміс медаль түсті. Спортшылар ара­сын­да Анастасия Слонова Уни­вер­сиаданың екі дүркін чемпио­ны атанды. Ал турнирде Ресей құра­масы 20 алтын, 18 күміс және 18 қола медальмен коман­да­лық бі­рінші орынды жеңіп алды. Екін­ші орындағы Корея құра­масында 5 алтын, 9 күміс және 2 қола медаль бар. Руслан ИГІЛІК.