23 Маусым, 2015

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

855 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
*23 маусым – Дүниежүзілік Мемлекеттік қызметкерлер күні Гоослужащие Әлемдегі мемлекеттердің дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі мен салмағы ерекше екені даусыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған 24 жылға жуық уақыт ішінде Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен  мемлекетті қалып­тастыру бағытында ауқымды істер атқарылды. Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол»  атты  Қазақстан халқына Жолдауында: «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің ауқымды қадамымыз. Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурс­тар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет», деп мемлекеттік қызметтің маңыздылығы жөнінде ерекше тоқталған болатын. Еліміздің әлеуметтік, эконо­микалық, мәдени жағдайы үздіксіз даму жолына түсті. Біршама жағдайда ауылдық округтер мен кент әкімдері халықтың көз алдында іріктеліп, мәслихат депутаттарымен сайланды. Қазақстанның осындай жетістіктерге жету жолында мемлекеттік қызмет­керлердің еңбегі де ерекше екенін ешкім жоққа шығармайды. Олар өз қызметтік міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқықтық, зайырлы мемлекетке айналуына үлестерін қосып келеді. 2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы  қарар қабылдап, 23 маусымды мемлекеттік қызметшілер күні деп бекіткен болатын. Осыған орай, кезінде  мемлекеттік қызметкерлер күні болуы керек деген пікірлер айтылып жүрді. Жалпы, халықтың айтар ойлары бір жерден шы­ғып, осы күн Елбасымыздың Жарлығымен кәсіби мерекеге айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның алғашқы тарауы «кәсіби мемлекеттік аппарат құруға», яғни 15 қадамы осы мемлекеттік қызметке қатысты айтылады. Осы қадамдар арқылы Қазақстанның барлық аумағындағы әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қыз­меткерлер халыққа сапалы қызмет көрсетулері тиіс. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру шаралары барлық мемлекеттік мекемедегі жұмыс тиімділігін арттыратыны ақиқат. Мұны осы саладағы қызметшінің еңбегін бағалаудың монетарлық емес бір белгісі деп түсінген жөн. Олардың көптеген жыл бойы сіңірген еңбегін назардан тыс қалдырмай, үздік мемлекеттік қызметкер төсбелгісін тағып, марапаттау да елге талмай еңбек етіп жатқан азаматтарымызға шынайы  шабыт пен алдағы атқарар жұмыстарына зор сенімділік береді. Әр қызметші өз кәсібін мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, қай саланың болсын жұмысы жанданатыны анық. Мемлекеттік қызметші күні де сол үдеден шығуды көздейді. Сонымен қатар, бұл кәсіби мереке күнтізбеде жұмыс күні болып саналатынын ескеруіміз керек. Мұндай бастамалар  халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түседі. Қазақстанда 23 маусым Мемле­кеттік қызметкерлер күні деп бекітілгеніне жылдан асты. Биыл екінші жыл  аталып өткелі отыр. Осы жайт талқыға түскелі қоғам «Мемлекеттік қызметкерлер мере­кесі болуы қажет пе?» деген сауалға жауап іздей бастады. Бір тарап осы мейрам арқылы мемлекеттік орындарда қызмет істейтін азаматтарды қанаттандырып, жұмысқа деген ынта-жігерін арттыруға бұл мерекенің қажеттілігін көлденең тартты. Осы орайда, мемлекеттік қызметке келіп жатқан жастардан үлкен үміт күтеміз. Неге? Өйткені, қарапайым, халыққа адал көзқарасы бар таза, білімді, рухани құндылықтарға бай, ұлттық болмысы жарқырап алыстан көрінетін  жастар ел болашағының ертеңіне айналары сөзсіз. Былтырғы жы­лы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет іс­тері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылып, жаңа міндеттер қабылдап, тың серпіліске бет алды. Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бірлесе отырып, аталған кәсіби мерекені жоғары деңгейде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл іс-шарада мемлекеттік қызмет­шілердің біліктілік деңгейін көтеру, халыққа сапалы қызмет көрсе­тудің жаңа қырлары, мемле­кеттік тілде байқаулар ұйым­дастыру, саламатты өмір салты, білім деңгейі сияқты түрлі сайыстар өткізіліп, нақты қадаммен кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бет бұрылатыны күмән туғызбайды. Аудан бойынша мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 175 бірлік, оның ішінде «А» корпусының мемлекеттік әкім­шілік  қызметшілері – 1, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері – 174. Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберуде оларды тағайындау үшін ерекше талаптар және лауазымдардың жеке кестесі жүзеге асырылады. Бұл қадам мемлекеттік қызметті ашық және бәсекеге қабілетті етеді.  Елбасымыздың «100 нақты қадамында» көрсетілгендей,  Мемлекеттік қызметте жемқор­лыққа қарсы күресті күшейтуде жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру мақсаты көзделіп отыр. Біз ешқашан адами құн­ды­лықтарды әспеттеуді ұмыт­пауы­мыз керек. Бұл мереке бар­лық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге шығармашылық еңбекте үлкен шабыт беретіні, еңбек етуге деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Сол себепті де, аудан көлеміндегі халық үшін маңдай терін төгіп, адал еңбегімен ел аузына ілігіп жүрген қарапайым, ізетті, мейірімді мемлекеттік қыз­метшілерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Қалдыбек ОРАЗОВ, Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы. Оңтүстік Қазақстан облысы.