Жұмыспен қамту – елді дамыту
Жамиғат тағы да бір жаңалыққа куә болуда. Осы жылғы 11 ақпанда елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда осы жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық саясаттың нақты шаралары айқындалды. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде қазіргі уақытта елге жаңа жағдайға бейімделу керек болатынын, ол үшін экономикалық әрі заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екенін атап айтты және осыған байланысты Үкіметтің, Ұлттық банктің және әкімдердің алдына бірқатар міндеттер қойды. Осы ретте Елбасы: «Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз», деп атап өтті. Расында, өзгені айтпағанда, соңғы 2007-2009 жылдары орын алған әлемдік дағдарыстан Қазақ елінің абыройлы шыққаны және әлемдік сарапшылар тарапынан үлкен бағаға ие болғаны баршаға мәлім.
Қазіргі уақытта, түптеп келгенде, Қазақстанда дағдарыстың нышаны жоқ екенін ескерте отыра, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде сырттағы ахуалмен есептесуі қажет екендігіне тоқталды. Бұл орайда, Президент инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құратын «Нұрлы Жол» бағдарламасы дағдарысқа қарсы тиімді құрал бола алатынын ескертті. Өйткені, бұл бағдарлама Астанадан «шұғыла қағидаты бойынша» тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Сол үшін Ұлттық қордан 2015-2017 жылдары 500 миллиард теңге бөлінеді, ал соның 180 миллиард теңгесі биыл пайдаланылады. Сондықтан, Мемлекет басшысы бұл қаражат өңірлерде уақтылы игерілуі тиістігін және де әрбір теңгенің қатаң сұранымы болатынын айтты. Елбасы, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері қарапайымдылық пен үнемшілдіктің үлгісін көрсетуі қажеттігіне, ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуіне, түрлі мерейтойларды және оған кететін бюджет қаражатын қысқарту керектігіне ерекше назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі экономикалық ахуалды ескеріп, «Нұрлы Жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтыру керек екендігін атап өтті. Әңгіме шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін инфрақұрылымдар жүргізуге, ішкі нарықты қорғауға, отандық машина жасау саласы мен экспорттаушыларды нақты қолдауға, агроөнеркәсіп шаруашылығын мемлекеттік қолдауды ұлғайтуға қатысты болып отыр. Осынау және басқа да шұғыл шаралар қабылдау үшін Үкімет бір ай мерзім ішінде 250 миллиард теңге көлемінде резерв жасақтауға міндеттелді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бюджет шығыстарын оңтайландыруды дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі элементтерінің бірі ретінде атады. Осы ретте, Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды басталған жобаларды аяғына дейін жеткізуге, ал жаңа бастамаларды жағдай жақсарғанға дейін шегере тұруға шақырды. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсыра отырып, Ұлт көшбасшысы мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өзгеріссіз қалуы керек деген пәрмен берді. Мемлекет өзінің азаматтарына көрсетіп отырған осындай қамқорлығының нақты белгісі ретінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан зейнеткерлердің зейнетақыларының 9 пайызға ұлғайғанын, ағымдағы жылғы 1 шілдеден азаматтық қызметкерлердің еңбекақыларын төлеудің жаңа үлгісі негізінде денсаулық саласының жұмыскерлерінің айлық жалақысы көлемін 28 пайызға дейін, білім саласында еңбек етушілердің айлығын 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің айлық мөлшері 40 пайыз шамасына дейін көтерілетінін атап өткен жөн. Жақын және алыс шетелдерде әлеуметтік жеңілдіктерден жаппай бас тартып жатқан бүгінгідей шиеленіскен заманда біздің қарапайым азаматтарға көрсетіліп жатқан мұншама құрметті Елбасының сарабдал саясатының жемісі деуге толық негіз бар.
Кеңесте көтерілген басты мәселелердің бірі адамдарды еңбекке тартуға қатысты болғандықтан Президент әр өңірде жұмыспен қамтылуға ықпал ету бағдарламалары әзірленуі тиістігін айтты және еңбек дауларын дер кезінде шешу ісінің маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты әкімдерге ірі-ірі кәсіпорындармен меморандум жасау және босаған жұмысшыларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу тапсырылды. Сондай-ақ, тиімділігін дәлелдеген жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасын сақтаудың қажеттігі атап өтілді. Өйткені, осы бағдарлама аясында 2011-2014 жылдар аралығында 260 мың адам жұмысқа орналастырылды, 120 мың адам оқуға тартылды. Мұның сыртында, Елбасы 2015 жылы Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асырудың жалғасатынын айтты, оның аясында сомасы 600 миллиард теңгеден асатын 7,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін 75-тей жобаны іске қосу жоспарланған. Мемлекет басшысы сонымен бірге бүкіл сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясы басталатынын, оны облыс әкімдері қадағалап, барша азаматтарды осындай күрделі жағдайда өз елінің патриоты болып, қазақстандық өнімді сатып алуға жұмылдыруы керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы білім беруді және денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне де тоқталды. Осы ретте Елбасы «Бұл – болашақ экономикалық өсімге негіз қалауға мүмкіндік беретін адам капиталына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция. Білім беру саласында «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруды, орта білім бойынша жан басына қаржыландыру тәртібіне көшуді және 12 жылдық білім беру моделіне біртіндеп өтуді жалғастыру қажет», деп ерекше тоқтала кетті.
Кеңес барысында Н.Ә.Назарбаев бүгінде Ресей рублінің әлсіреуі мен ресейлік тауарлар қысымының артуы жағдайында отандық өндірушілерге оның зияны тиіп жатқанына, бірақ оның Еуразиялық экономикалық одақпен еш байланысы жоқтығына назар аударды. Біз бір бөлшегі болып саналатын әлемдік нарықтық экономикада мұндай ауытқулардың болып тұратынын ескертті. «Бұл уақытша жағдай, оның шешімі табылады. Ресейде сұраныстың азаюы – Қазақстан экспортын әртараптандыру жұмысын күшейтуге ынталандырады. Сонымен қатар, арзандаған энергия ресурстары, құрамдас және қосалқы бөлшектер – өзге секторлар үшін игілік болып саналады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек, деді Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мұнайға төмен бағаның қалыптасуы мен экономикалық өсімнің баяулауы жағдайындағы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету Ұлттық банктің басым міндеті екенін жеткізді. Атап айтқанда, инфляция деңгейінің жоғарылауына, валюта бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, сондай-ақ, экономиканың нақты секторын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету керектігіне назар аударылды. Сонымен бірге, Ұлттық банкке теңге өтімділігінің қосымша көлемін ұсыну жөнінде шара қабылдау және ел экономикасын долларсыздандыру жұмысы үрдісін жандандыру тапсырылды. Проблемалы несиелердің ауыртпалығынан құтылып, банктердің несиелік жұмыс қабілетін қалпына келтіру және шын мұқтаждар үшін ипотекалық несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдау мәселесін шешу қажеттігі айтылды.
Президент жиын соңында дүйім жұртшылықты бюджетке өзгеріс енгізу жөніндегі мемлекеттік шешімнің мәнісін дұрыс түсінуге шақырып, мұндай ахуалдың мәжбүрліктен туған, уақытша шара екендігіне назар аударды әрі елімізде қазіргі қиындықтарды түбегейлі жеңіп шығуға мүмкіндік беретін барлық қажетті ресурстардың бар екенін атап өтті. Олай болса, Елбасымыз Н.Назарбаевтың айналысына топтаса отырып, уақытша қиыншылықтарды еңсеретінімізге, сөйтіп, экономикалық әлеуетімізді бұрынғыдан да бекемдеп шығатынымызға сенім мол.
Кенжеболат МАХМҰТҰЛЫ,
саясаттанушы.
Әкім бол, халыққа жақын бол
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы атап көрсеткендей, экономикасының тамыры тереңде жатқан, іргесі мығым, қоры жеткілікті ел екенімізге ешкім талас тудырмайды. Қаржылық, саяси дағдарыстар мен текетірестерге қарамастан Қазақстан өзінің дұрыс даму жолымен келеді. Кең ауқымды реформалардың тиімді жүргізіліп, нақты іс-шаралардың кешенді атқарылуы нәтижесінде республика тұрғындарының өмір сапасы айтарлықтай жақсарды. Алда халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындау секілді зор міндеттер тұр. Ол дегеніміз – жаңа жұмыс орындарын ашу, орынсыз қысқартуларға жол бермеу, өңірлік бағдарламаларды дәйектілікпен жүзеге асыру, азық-түлік өнеркәсібін, шағын және орта бизнес саласын өркендету, отандық өнімдердің түрлерін көбейту, бәсекелестік қарымын арттыру деген сөз. Бұл ретте барлық буындағы әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктелетіні, ерекше талап қойылатыны Президенттің «біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп-сөйлеп, қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды, олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, ол басқа мәселе. Соның бәрі елге қызмет істейтін болса, тыңдауы керек» деген сөздерінен айқын аңғарылды.
Әрине, әкімдік жүйесінде қызмет етіп жүрген үлкенді-кішілі лауазым иелерін түгелдей кінәлаудан аулақпын. Араларында білімді, білікті, ісімен де, сөзімен де өтімді, жұмысын жақсы білетін, тиімді ұйымдастыра алатын әкімдер аз емес. Десек те, өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарап, әйтеуір, жұмыс атқарсам болды деген немкетті көзқараспен жүргендері де кездеспей қоймайды. Басқару құрылымына кездейсоқ кіріп кеткен адамдар да бар. Менің бір байқағаным, әкімдік қызметке келген шенеуніктердің бір бөлігінде тезірек мансапқа жетсем, байысам деген пиғыл басым. «Жаман әдет – тез жұққыш» демекші, билік тұтқасын дөңгелетіп ұстап отырған кей ірі лауазымды тұлғалар» түйені түгімен, биені бүгімен» талғамай жұтып жатқаннан кейін халыққа жақын болудың орнына есебін тауып, қара басының ұпайын түгендеуге ұмтылатындары жасырын емес. Тәртіптік кеңес отырыстарында талқыға салынып, жұмыстан қуылғандардың, қатаң сөгіс алғандардың басым көпшілігі әкімдер болып келетіні ойландырмай қоймайды.
Партия, кеңес органдарында қызмет еткен тәжірибемнен жақсы білемін: бұрындары мемлекеттік қызметтен үміткерлер түрлі сынақтардан өтетін. Халықтың мүддесін дәйектілікпен қорғай алатын дәрежеге жеткенде ғана мемлекеттік қызметші санатына ілігетін. Оның өзінде іріктеу барынша қатаң тәртіппен жүргізілетін. Кәсіби, іскерлік, моральдық сапасына қатты көңіл бөлінетін. Бүгінгі әкімдерде мемлекетшіл қасиет жетісе бермейді. Қасиетті бұл ұғымды көбіне мансаппен, жақсы қызметпен, орынтақпен шатыстырып алып жүр. Сондықтан, шыңдалудан өткен, жақсы жұмыс нәтижелерімен көрінген кәсіби кадрларды ғана қызметтің биік баспалдағына өсіру керек.
Аудандық, ауылдық әкімдерге қатысты арыз-шағымдар бізге де жиі түсіп жатады. Хат иелері олардың қағазбастылыққа салынушылығын, жұмыстың кабинеттік стиліне үйірлігін, халық арасына сирек баратынын, жергілікті мәселелерді, адамдардың нақты проблемаларын аз білетінін, шынайы ақпараттардан хабарсыздығын жиі сынайды. Елбасының ауыл әкімдерінен бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік қызмет жүйесі өкілдеріне халыққа жақын болуын талап етуі, өңірлердегі мәселелерді білек сыбана кірісуге тапсырма беруі осы пікірімізді қуаттаса керек.
Елге де, жерге де зәредей пайдасы тимесе де орнынан тапжылмай отырған әкімдермен пәрменді күрестің бір жолы – командалық сапырылысты тоқтату. Маңайына, аппаратқа жақындарын, таныстарын жинастырғаннан іс ешқашан өрге баспайды. Керісінше, ақсап, береке-бірлік кетеді. Мәліметтерді қосып жазу секілді көзбояушылық, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі. Бюджеттің қаржысы талан-таражға салынады. Оған облыстың үш әкіміне қатысты тергеу амалдарының жүргізіліп жатқаны, бірқатар министрліктер мен ведомостволар басшыларының қылмыстық жауапкершілікке тартылуы дәлел.
«Нұр Отан» партиясы тарапынан барлық деңгейдегі әкімдер мен мемлекеттік қызметкерлерге деген қатаң бақылауды күшейту жөніндегі ұсыныс өте орынды.
Бүгінде халық атқарушы биліктен нақты да пәрменді істер күтеді. Осыған орай Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлемдегі ең жоғары дамыған 30 елдің қатарына қосылудың қандайлық қиын міндет екенін, бұл мақсат үдесінен көріну үшін әкімдерге бөлекше жауаптылық жүктелетінін тағы бір еске салды.
Әдия АХМЕТОВА,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.
Солтүстік Қазақстан облысы.