05 Тамыз, 2015

79 жастағы күйеу жігіт өз тойында 800 метрге сыр бермей жүзді

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Норвегиялық 79 жастағы аза­мат Трюгве Бернхардсен 65-тегі Эллен Хертцбергке үйленіп жатқан тойында 800 метрлік қашық­тыққа жүзіп шықты. Қария бұл ара­лықты екі немересінің жанын­да жүзіп отыруларымен бағындырды.

17-02-bassein

Бұл суға жүзудің бір қиын­дығы, сол күні ашық теңіздегі жағдай да мұндай ерлік жасауға оншалықты қолайлы бола қой­мапты. Шамалыдан кейін себелеп жаңбыр жауып кеткен де, арты күшті желге ұласқан. Ал судың жылылығы 14 градустан аспаған. Соған қарамастан, қария бұл кедергілерден өте білген. Суға түсер алдында Трюгве журналистермен кездесіп, оларға осы салтанатқа қатысуларының өзі оның қайтар жолда жақсы жүзіп келуіне кепіл болатынын айтып әзілдеген. Суда жүзіп келгеннен кейін күйеу жігіт мұның өзі үшін үл­кен сынақ болғанын мойын­даған. Жас кезінде ұзақ жылдар жүзумен шұғылданған ол «суықтан аяқтарының түгел жансызданып қалғанын» жеткізді. Бұл жұптың бір-бірлерімен таныс болғандарына 15 жылдан асыпты. Сол кезде Трюгве өзінің яхтасын Элленнің үйінің маңына байлапты. Олар қазір сонда тұрып жатыр.

Мұрат АЙТҚОЖА.