05 Тамыз, 2015

Сирияға бармақ болыпты

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда діни ағымдар жетегіне еретіндердің қатары әлі де азаймай отыр. Облыстық прокуратура басқарма басшысының міндетін атқарушы Темірбек Дәржановтың мәлім етуінше, жыл басынан бері діни экстремизм мен терроризмге қатысты 39 қылмыс анықталыпты. Соның ішінде, Сирия мен Украинадағы қарулы қақтығыстарға қатысуға байланысты 23, терроризмді насихаттаған-9, террористік топ құру-1, экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамды азғырып көндіру-1, террористік топтарға қаржылай көмектесуге қатысты 5 дерек тіркеліпті. Сонымен бірге, рұқсат етілмеген жерде діни әдебиеттерді сатудың 4 дерегіне байланысты кінәлілерге 50 айлық есептік көрсеткіш көле­мінде айыппұл салыныпты.

Syria rebels

«Прокуратура құқық қорғау органдарымен бірлесіп облыстың үш тұрғынын Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысуға кетіп бара жатқан жерінен ұстады. Қазір оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабы (қылмысқа дайындалу), 172-бабы (шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу), 256-бабы (терроризмді насихаттау) және 259-бабымен (экстремистік әрекеттерді ұйым­дастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру) тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деді облыстық прокуратура басқарма басшысының міндетін атқарушы Темірбек Дәржанов.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.