17 Ақпан, 2015

Мәдениет – біріктіруші күш

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Шабыт» шығармашылық сарайында өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында былтырғы жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланып,  2015 жылға арналған міндеттер мен саланың алдағы кезеңдегі даму мүмкіндіктері тиянақталды. Мәдениет пен спорт саласының белгілі өкілдері, салалық комитеттер мен ведомстволық ұйым­дардың басшылары қатысқан алқа отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек  Мұ­хамедиұлы 2014 жылғы жұ­мыс­тың нәтижелері тура­лы қысқаша баяндай келіп, алдағы уақытта атқарылатын  іс-ша­ралардың маңыздылығына тоқ­талды. Мәдениет саласының  2014 жылдағы аса маңызды жобаларының бірі Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасының бекітілуі болды, деді сала басшысы. Тұ­­жырымдама шығармашыл адамдардың игілігіне бағытталған. Мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірлермен тығыз байланыс­ты көздейтін Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі үшін іс-шаралар жоспары (2015-2019 ж.ж.) Үкімет қаулысымен бекітілді. Бірінші кезең Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес, сондай-ақ,  Мә­дениет және спорт министрлігі жанынан салалар бойынша көр­кемдік кеңестер құру сияқты ма­ңызды қадамдарды жүзеге асы­руға арналатынын атап өткен  министр, келешекте бұл институттар са­лалық мәселелер мен ресурстарды біріктіруді, репертуарлық, гастрольдік, кадрлық саясатты – өңіраралық өзара іс-қимылды қоса отырып,  елдің мәдени саясатын іске асыру жөніндегі басты үйлестіруші орталықтарға айналатынын жеткізді. «Республикада 8 мың жер­гілікті және 39 республикалық мәдениет ұйымдары бар. Бұл ауқымды инфрақұрылым сапаны арттыруды және  еліміз бойынша  халықты қамтуды кеңейтуді қамтамасыз ете отырып, үйлесімді дамуда. 2014 жылдағы ауқымды ин­фрақұрылымдық жобалардың бірі – Астана қаласында Қазақ­станның Ұлттық музейінің ашылуы болды. Жібек жолының Жетісу бөлі­гіндегі 8 қазақстандық нысанның ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі елдің тарихи-мәдени мұрасының дамуына жаңа серпін береді. Қазіргі таңда Жібек жолының Сырдария бөлігінің ескерткіштеріне құ­жаттама әзірленуде» деген сала басшысы ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра репрезентативті тізіміне Қазақстанның «Дәстүрлі домбыра күйін орындау өнері» аталымы және Қырғызстанмен бірлескен «Қазақ және қырғыз киіз үйлерін жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» аталымы енсе, болашақта «Айтыс», Наурыз», «Бүркітпен аң аулау» және тағы да басқа құндылықтарды енгізу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Ендігі бір маңызды мәселе – бірқатар бейінді оқу орындарының Мәдениет және спорт министрлігі қарауына берілуі өте орынды. Өйткені, оқу барысында жас дарындар шығармашылық ортаға енуге, өздерінің әлеуетін ашу үшін жоғары ынталандыруға қол жеткізуге, өнер саласының жетекші мамандарының қол­дауына және тәжірибесіне ие болуға мүмкіндік алмақ. Жалпы, мәдениет саласының жалпы динамикасы тұрақты дамуды көрсетеді. Бізге осы қарқынды сақтап қалу маңызды, деген сала басшысы бұдан басқа спорт, дін істері, тілдерді дамыту, мұрағат ісі, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс туралы іс нәтижелерін мәлімдеді. Кеңейтілген алқа отырысында Ұлттық академиялық кітап­хананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева, Шығыс Қазақстан облыстық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев,    бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова, Спорт және денешынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының қызметін атқарушы Қуаныш Асылов, Білім, ғылыми жұмыс және халықаралық ын­тымақтастық департаментінің директоры Дінислам Болатханұлы осы салалар бойынша былтырғы атқарылған жұмыстарға тоқ­талды. Алқа қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жүзеге асыру барысындағы нақты тапсырмаларды шегелей келіп,  2015 жылға арналған басым міндеттерге  назар аудартты. Әр мемлекет үшін мәдениет қашанда маңызды сала болып қала беретінін мәлімдеген Бердібек Мәшбекұлы экономикалық қиын­дықтарға қарамастан, Мем­лекет бас­шы­сының оған әрдайым үлкен көңіл бөліп отыратынын айтты. Мысалы, мұның дәлелі – елордада қаншама мынадай еңселі зәулім ғимараттар бар, деді.  Мәдениеттің ошағы – ауыл болып саналатынын еске салған  Үкімет басшысының орынбасары жер-жердегі клубтар мен кітапханаларға көңіл бөлу керектігін баса айтты. Бізде кітап қорларын тиімді пайдаланудың үздік дәстүрлері қалыптасып келеді. Мысалы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бас болып кітаптары мен белгілі саясаткерлердің сыйлықтарын Елбасы кітапханасына тапсырған еді. Сол сияқты Ұлттық акаде­миялық кітапханаға мемле­кет және қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдасбеков жеке кітап қорын тарту етті. Ал ауылдық жерлер­де мұндай қорлар өте көп. Оларды көпшілік игілігіне, жастарымыздың рухани мұратына айналдыру үшін жергілікті ат­қарушы органдармен бірлесіп қыруар іс тындыру кезеңі туып отыр. Бұдан бөлек Б.Сапарбаев еліміздегі театрлар репер­туа­рының жұтаңдығын, «Тәу­ел­сіздік толғауы» бәйгесі же­ң­­імпаздары шығармаларынан әсіресе, жергілікті жерлердегі көрермендердің тыс қалып қойып жататынын, жылына қыруар қаржы бөлінетін ки­но саласының әлі де болса әлемдік бәсекеге ілесе алмай келе жатқанын, ба­лаларға ар­налған анимациялық фильм­дердің тапшылығын тіл­ге тиек ете келіп, сөзінің со­ңында ми­нистрлік барлық жұмыс­тар­дың біріктірушісі бола білуі керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, деді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».