17 Ақпан, 2015

Ақпараттар ағыны

249 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
*Елімізде жергілікті қамтуды арттыру бойынша 960 млрд. теңгеге меморандумдар жасалды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, отандық кәсіпорындарды тапсырыс­пен қамтамасыз ету үшін ұлттық компаниялар, жүйе құраушы кәсiпорындар мен әкiмдiктер арасында тауарларды сатып алуда жергілікті қамтуды кеңейту мақсатында 121 меморандумға қол қойылған. *Былтыр Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін (АӨК) субсидиялау өз деңгейінде жүргізілді. «ҚазАгро» холдингінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бағдарлама аясында 1 146 жоба бойынша 13,08 млрд. теңге сомасындағы субсидиялардың төленуі мақұлданған. Жобаға еліміздің барлық облыстары мен Астана қаласының АӨК субъектілері қатысты. *Мемлекетімізде ауыл шаруашылығы саласында тіркелген кооперативтер саны 3 434-ке жетті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаевтың айтуынша, бұл құрылымдардың 1 463-і ауылдық тұтынушы кооперативтер, 498-і су пайдаланушы ауылдық тұтыну кооперативтері, 1 473-і өндірістік кооперативтер болып табылады. Олардың негізгі үлесі еліміздің оңтүстік аймақтарында орналасқан. *Өңдеу өнеркәсібіне тартылған қаржы барған сайын ұлғайып келеді. Өткен жылы өңдеу секторына тартылған инвестициялар 722 млрд. теңгеге өсті. Бұл – 2013 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. *Талдықорған дүкендерінде «Қазақстанда жасалған» деп жазылған сөрелер пайда болды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Әмірхан Үсенов мәлім еткендей, Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ірі сауда үйлеріне, супермаркеттерге және басқа да кәсіпкерлік нысандарға отандық өндіріс тауарларының бөлек сөрелерін жасау жөнінде ұсыныс жасалған. *Түркістандағы бетон зауытының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Зауыт директорының орынбасары Розмұхамед Ризаев Индустрияландыру картасы шеңберінде озық технологиямен жабдықталған кәсіпорын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қажетті негізгі материалдар мен бетоннан құйылған құрылыс заттарын өндіріп отырғанын жеткізді. Мұнда өткен жылы 12 мың текше метрге дейін темір бетон бұйымдары шығарылған. *Қызылордада тұрғын үй салу қарқыны бәсеңдемейді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-пен бірлесіп, 810 пәтерді құрайтын 16 тұрғын үй және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ арқылы 330 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй салынатынын мәлімдеді. *Маңғыстау өңірінде «Шағырлы-Шөмішті» жаңа кен орны қатарға қосылды. Облыс әкімі Алик Айдарбаев атап көрсеткендей, кен орнынан шыққан газ минералдық тыңайтқыштарды шығаратын «ҚазАзот» кәсіпорнына жеткізіледі. Мұндағы газдың жалпы қоры 32,4 млрд. текше метрді құрайды. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және bnews.kz деректері бойынша дайындалды.