07 Мамыр, 2015

Қытай басшысының елімізге ресми сапары аясында келіссөздер өтті

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
7-5-15-Kaz-Kytai 01АСТАНА. 7 мамыр. Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында бірқатар келіссөздер өтті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Қазақстан және Қытай басшылары екі жақты және көпжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Соның ішінде аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықтың нығаюына, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дамуына айрықша көңіл бөлінді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттарға да тоқталды. Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық пен үйлестірудің басты бағыттарын сөз етті. Қазақстан Президенті Қытай төрағасының еліміздегі президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген бірінші шетелдік мемлекеттің көшбасшысы болып отырғанына назар аударды. «Осы арқылы Сіз біздің қарым-қатынастарымыздың жоғары мәртебесі мен айрықша маңызын айшықтай түсесіз. Сіз мені телефон арқылы құттықтадыңыз, жеделхат жолдадыңыз, енді, міне, келіссөздер өткізуге келдіңіз. Біз мұны жоғары бағалаймыз», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасымен тату көршілік қарым-қатынасты жалғастыру Қазақстанның сыртқы саясатының басымдығы болып саналатынын айтты. «Өзара іс-қимыл жасаған жылдары біз екіжақты ынтымақтастықты сапалы түрде трансформациялай алдық. Біз Қытай Халық Республикасымен ықпалдастықты тәуелсіздік жариялаған алғашқы күндерден бастадық. Содан бері үлкен жолды артқа тастап, тату көршіге айналдық, экономикалық, саяси тұрғыдан сенімді дос әрі сындарлы серіктес болдық. Бізде қарым-қатынастарымызды елдеріміздің мүддесі үшін әрі қарай дамытуға қажетті жағдайдың бар екеніне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы екі елдің де жоспары мен нақты белгілеген жұмыстары бар екенін, ол Қазақстан-Қытай қатынастарын мүлде жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасына, сондай-ақ, Қытай басшылығына серіктестікті дамытудағы қолдауы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Си Цзиньпиннің биылғы 2-3 қыркүйекте Қытайға сапармен келу және Бейжіңде өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қатысу жөніндегі шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен ұйыса түсіп, мемлекет құрылысы мен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа, жарқын табыстарға жету үшін бірлесе күш-жігер жұмсайтынына сенімдімін», – деді Си Цзиньпин. Қытай төрағасы Қазақстан-Қытай стратегиялық серіктестігі соңғы жылдары қарқынды ілгерілеп келе жатқанын айтты. «Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қытай қауіпсіздік саласындағы, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын жан-жақты кеңейтуге, сондай-ақ, халықтарымыздың игілігі үшін өңірлік және халықаралық істердегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын күшейтуге ниетті,, – деді Си Цзиньпин. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.