23 Маусым, 2015

Орман қала, арман қала – Астана

1112 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
OLYMPUS DIGITAL CAMERA Астананы жасыл желек жамылған Алатау баурайынан ақселеулі Ақмолаға көшіру идеясын жүзеге асырған сонау 1998 жылы Елбасы еліміздің бас қаласын болашақта орман көмкерген, гүлмен кестеленген жасыл қалаға айналдыру жөніндегі қиял-ғажайыпқа ұқсас жоспарын жария етті.  «Бір кездері біздің бұл жоспарымызға күмәнмен қарағандар болған еді. Бірақ, біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды», – деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының «жасыл белдеуін» дамыту және орманды алқап қалыптастыру жұмыстарының барысымен танысу мақсатындағы жақында болған дәстүрлі сапары барысында. Иә, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бүгінде елорданы көгалдандыру және бас қаланың «жасыл белдеуін» дамыту мақсатында атқарып жатқан жүйелі жұмыс ауқымы орасан зор. Міне, осы ізгі мақсат аясындағы кешенді жұмыстармен танысу мақсатында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ-тың басқарма төрағасы Жарқын ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік. Жарқын– Жарқын Жанғожаұлы, елорданы шынайы жасыл қалаға айналдыру мақсатындағы кешенді шаралар қалай орындалуда? – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас қаласын көгалдандыруға аса зор көңіл бөледі. Елбасының қатысуымен жыл сайын өтетін Астананы дамыту жөніндегі қала активінің кеңесінде ол елорданы көгалдандыру, абаттандыру және бас қаланың «жасыл белдеуін» жасау мәселесіне айрықша тоқталып, кешенді міндеттер жүктейді. Елорданы көгалдандыру жұмысы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен және ғылыми негізде жасалған «Астана қаласын көгалдандырудың 2007-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» және қаланы дамытудың бас жобасына сәйкес жүзеге асырылуда. Астана қаласын көгалдандыру жүйесі әртүрлі көгалдандыру құры­лым­дамаларынан тұрады. Көгалдан­дыру жүйесінің басты бағыттары ірі саябақ­тардан, жасыл дәліздерден және әртүрлі ауқымдағы оларды жалғас­тырушы шағын жасыл дәліздерден (Есіл, Ақбұлақ өзендерінің бойы, магистральды даңғылдар мен көшелердің бойы), сонымен бірге, елорда айналы­сындағы «жасыл белдеуден» (жалпы аумағы 14827 гектар) тұрады. Қала аумағындағы саябақтардан, жасыл белдеулерден тұратын көгалдандыру жүйесі елорданың экологиялық ахуалын жақсартуға қызмет етеді. Бас қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда, көгалдандыру жүйесін дамытуда Есіл өзенінің жағалауындағы жасыл дәліздің маңызы ерекше зор. 2003 жылы қолға алынған Есіл өзені жағалауында жасыл дәліз жасау жұмысы бүгінде аяқталуға жақын. Осы ауқымды шара аясында өзен жағалауын жасыл орманға айналдыру, қалалық саябақты жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып, Салтанат сарайы жанында гүлзар, «Ататүрік» саябағы, Есіл өзені жағалауында саябақ салынды. Алдағы уақытта жағалауға жақын орна­ласқан Жалайыр көшесінде гүл бағы­ның құрылысын салу жоспарлануда. Міне, осы шаралардың жүзеге асы­рылуы нәтижесінде Есіл өзенінің жаға­лауындағы көгалдандыру шаралары «бас жасыл дәліз» атауына сәйкес мәнге ие болып, жасыл белдеуге айналуда. – Сіздердің акционерлік қоғам­да­рыңыз атқаратын нақты міндет ауқымы қандай? Жалпы, «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ-тың құрылымымен таныстырып өтсеңіз. – 2005 жылғы 5 шілдеде Астана қалалық әкімдігінің қаулысымен «Кө­галдандыру құрылысы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын қайта құры­лымдау арқылы «Астана-Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы құрылды. Қоғамның жарғылық капи­талындағы акциялардың 100 пайызы қалалық әкімдіктің иелігінде қалды. Яғни, біздің акционерлік қоғамның бірден-бір құрылтайшысы қалалық әкімдік болып табылады. Жалпы кәсіпорынның тарихына келетін болсақ, ол 1950 жылдың қазан айынан басталады. Сол жылы Ақмола қаласында жол құрылысын, саябақтар мен гүл бақтарын салу және күту жұмысымен айналысатын жол және көгалдандыру кеңсесі құрылды. Содан бергі өткен 65 жылдан астам уақыт ішінде біздің кәсіпорын талай қайта құруларды бастан кешті, бүгінде ол елордадағы ірі де жетекші коммуналдық шаруашылық болып саналады. 2009 және 2012 жылдары «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ бас қаламыздың ең үздік коммуналдық кәсіпорны болып танылды. Бүгінде кәсіпорынға жүктелген міндет пен жауапкершілік бұрынғы кезеңдермен салыстыруға да келмейді. Өйткені, бұрын облыс орталығы болған қаланы көгалдандыратын комму­налдық шаруашылық пен бүгінгі еге­мен елдің елордасын абаттандыратын шаруашылық арасындағы жауап­кершілік жүгі жер мен көктей. «Астана-Көгалдандыру құрылысы» кәсіпорнының негізгі міндеті бас қаланың жасыл қорын қалыптастыру және күту болып табылады. Бүгінде кәсіпорын атқарып жатқан жұмыс ауқымы аса зор. Қазір қаламызда 9 саябақ, 81 гүл бағы, 2 желекжол, жалпы аумағы 445 гектарды құрайтын барлығы 92 жасыл нысан біздің кәсіпорынға қарайды. Ағымдағы жұмыс барысында кәсіпорнымыз 336 мың түп ағаш және бұталарды, 144 шақырым көгалды, 662 гектар көгал алаңдарын және 170 мың шаршы метр гүлзарларды күтіп-баптайды. Міне, осы міндеттерді атқару үшін кәсіпорын құрылымында екі орман питомнигі (тәлімбағы) құрылып жұмыс істеуде. Бұл орман тәлімбақтарында қала аумағына егілетін жасыл желектер, ағаштар, гүлдер тұқымы іріктеліп, реттеліп отырады. Сонымен бірге, жылыжай кешені, күрделі құрылыс, көгалдандыру, жасыл желектерді қорғау қызметтері, субұрқақтарды күту және қызмет көрсету учаскелері, құрамында 213 дана тех­ни­калары бар машина-трактор паркі жұ­мыс істейді. «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ өзінің өндірістік қызметінің тиім­ділігін жылдан-жылға арттырып келеді. Соңғы 10 жылдың өзінде ғана кәсіп­­орынның өндірістік әлеуеті 3 есе және қыз­меткерлер саны 2 есе өсті. Көгал­­дандыру нысандарын ландшафты дизайн бойынша жобалау мақса­тында 2004 жылы кәсіпорын құрамында ландшафттық-жобалау шеберханасы құрылды. Бұл шеберхананың қызмет­керлерінің түгелдей дерлік архитек­туралық-дизайнерлік білімі және жұмыс тәжірибесі бар. Шеберхана бүгінгі заман­ның озық технологиясы бойынша жұмыс істейтін құралдармен жабдықталған. – Арқаның құбылмалы ауа райы аймағына орналасқан елорданың жер жағдайы күрделі екені белгілі. Сортаңдау топыраққа кез келген ағаштың тамыр жайып, өсіп кетуі қиын. Сондықтан, бұл өңірге егілетін ағаш, бұта және гүл түрлерін қалай таңдайсыздар? – Жоғарыда атап өткенімдей, «Ас­тана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ құрамында орман тәлімбағы жұмыс істейді. Бұл тәлімбақтың жұмыс істеп келе жатқанына да жарты ғасырға жуық уақыт болды. Жалпы көлемі 349,5 гектар аумақты алып жатқан бұл орман тәлімбағы посткеңестік кеңістіктегі осы мақсаттағы ең ірі орталықтың бірінен саналады. Бүгінде біздің тәлімбақта 39 түрлі ағаш-бұта тұқымы өсіріледі. Солардың ішінде бұрын бұл аймақта мүлде тамыр жаймаған 16 ағаш-бұта және гүл тұқымы жергілікті жағдайға жерсіндіру арқылы қазір қаламызда өндірістік ауқымда өсіріле бастады. Олардың қатарында ұсақ жапырақты жөке, үшкір жапырақты үйеңкі, долана, болле терегі сияқты ағаштарды, қызыл бүрген, ақшатыр, раушан сияқты гүлдерді атауға болады. Жалпы алғанда, тәлімбақта 580 мың ағаш көшеттері, оның ішінде 250 мың дана жапырақты ағаштар, 258 мың дана бұталар, 72 мың қылқан жапырақты ағаштар өсіріледі. Жыл сайын тәлімбақ қала көшелерінде өсіру үшін 50 мың түп ағаш көшеттерін береді. Елорда орналасқан аймақтың күрделі топырақтық-климаттық ахуалын ескере келіп, біз ағаш егуде мүлде жаңа агротехникалық тәсілдерді қолданамыз. Соңғы 10 жыл ішінде қаламызда 1 миллион түптен астам ағаш көшеттері мен бұталары отырғызылды. Өндірістік жоспарымызға сәйкес үстіміздегі жылы аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, 5086 дана ірі өлшемдегі ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарладық. Қазіргі кезде әкімдіктер аумағында ағаш және бұта түптерін егу жалғасуда. – Жарқын Жанғожаұлы, ағаш егу бір мәселе болса, оны күтіп-баптап өсіру өз алдына үлкен мәселе. Елордадағы жер жағдайы, топырақ құнарына байланысты көгалдандыру шараларының күрделі екендігін түсінеміз. Осыған байланысты отыр­ғызылған ағашты, егілген көгалды және гүлзарларды күтіп-баптау жұмысы қалай жүзеге асырылады? – Жасыл желектің өсіп-өну маусымы кезеңінде «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ жасыл аймақты күтіп-баптау мақсатында ауқымды жұмыс­тарды жүзеге асырады. Бұл бірінші­ден, ағаштардың түптерін күту, өскен жапы­рақтарын кезеу, оларға декора­тив­тік келбет беру, гулзарларды арам-шөптен арылту жұмыстары болып табылады. Айына 2-3 рет көгал алаңдарын шалғымен отап отыру, ал саябақ аумағындағы ауқымды көгал алаңдарын минитракторлармен күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі. Көгалдар мен гүлзарларды үнемі суарып отыру қажет. Осыған орай біз­дің кәсіпорын жеке суару құбырлары­ның жүйесі арқылы жасанды тамшылатып суару әдісін қолданады. Жеке суару жүйесі көгалды аймақтар мен көгалдарды дер кезінде әрі жүйелі суаруды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жасыл аймақтардағы өскіндердің жылдам өсуі үшін тиімді тыңайтқыштар қолданылады. Елорданың жасыл аймағын күтіп-баптаумен бірге біздің кәсіпорын қаладағы 40 субұрқақ кешендерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. – Соңғы жылдары елорда шын мәнінде қызылды-жасылды гүл көмкерген қалаға айналып келеді. Осы бір көз жауын алған гүлзарлар туралы айтып өтсеңіз. – Иә, біз соңғы уақытта қаланы сан түрлі гүлдермен көмкеруді дәстүрге айналдырып келеміз. Гүлзарлардың аумағы жыл сайын кеңейтіліп отырады. Биылғы жылы ол 170 мың шаршы метр аумақты қамтымақ. Осындай көлемге 9 миллион түп гүл егілді. Соңғы 10 жыл ішінде қаламыздағы гүлстан көлемі 3 есе өсірілді. Гүл егілетін гүлзарлардың жобасын тиісінше біздің ландшафтық-жобалау шеберханасы жасайды. Сонымен бірге, кейінгі кезде біздің кәсіпорын өсімдіктерді күзеп реттеу арқылы жасыл мүсіндер жасау дәстүрін тәжірибеге енгізіп келеді. Қазір қаламызда осындай 19 жасыл мүсін көз тартады. Бұл мүсіндерді кез келген жасыл өскендерден жасай беруге болмайды. Ол үшін 1 шаршы метр арнайы аумаққа 2 мың түп өсімдік өсіріледі. Бұл өсімдіктерге жан-жақты күтім жасалып, үздіксіз суарылады. Үстіміздегі жылы мұндай жасыл мүсіндердің қатарын кеңейту жұмыстары жалғасын табады. Бүгінде қала көшелерінде жол бойы орнатылған көз жауын алатын құмыраға салынған аспалы гүлдер қала тұрғындары мен қонақтарына етене жақын болды. Биылғы жылы қала бойынша көшелерді қоршаған темір шарбақтарға гүл өсірілген 3786 аспалы қыш құмыралар ілінетін болады. Атап айтқанда, Алматы ауданында – 641, Есіл ауданында – 2588, Сарыарқа ауданында 557 гүл өсірілген құмыралар жол бойында көшелерге көрік беріп тұрады. Елорданы жасыл желек көмкерген қалаға айналдырып көгалдандыру жұмысы ғылыми-әдістемелік негізде жүргізілетіндігі белгілі. Осы ретте біздің кәсіпорын Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының және Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алдағы уақытта да біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласын жасыл желек көмкөрген орман-қалаға айналдыру мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасай береміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».