08 Мамыр, 2015

Қарағанды облысында жол апатынан жүргізуші тірілей өртеніп кетті

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
08-05-2015-kolik apaty 03АСТАНА. 8 мамыр. Қарағанды-Теміртау бағытындағы тас жолда Mercedes маркалы көлік көпірдің бетон бағанасына соғылып, жүргізушісі тірілей өртеніп кетті. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады. Жол-көлік апаты дәл мереке күні – 7 мамырда түс кезінде болған. Апатқа куә болған Анатолий Власов есімді азамат көліктің кенеттен жолдың бір жағына қарай бұрылып барып, бағанаға соғылғанын айтады. «Мен Mercedes-тің артында келе жатқанмын. Соққыдан кейін көлік бірден жанып кетті. Тоқтап, жүргізушіге көмектеспек болдым. Алайда, жалын демде бүкіл салонға жайылды. Терезелерінен түтін будақтап, көлікке жақындау мүлде мүмкін болмады. Бір кезде көлік жарылып кетті», – дейді апатты өз көзімен көрген Анатолий Власов. Жол апатына куә болған жігіт бірден өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерін шақырған. Құтқарушылар өртті сөндіргенімен бәрі кеш еді. Теміртау қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің хабарлауынша, қаза болған жүргізушінің жеке тұлғасы әлі анықталмаған. Апат болған жерде жұмыс істеген жол-патрульдік полиция қызметкерлері Mercedes-тің мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы рөлде кім болғанын анықтауда. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері таратқан мәліметтерге сүйенсек, қылмыстық іс аясында өрт-техникалық және автотехникалық сараптамалар жүргізіледі. «Осы сараптамалардың қорытындысы жол апатына қатысты барлық сұрақтарға жауап беріп, жағдайдың ақ-қарасын анықтайды», – дейді полиция қызметкерлері. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: tengrinews.kz. 08-05-2015-kolik apaty 02