08 Мамыр, 2015

Әскери ұстаз

481 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұрпақ тәрбиесінде үлгі мен өнегенің орны ерекше. «Ағаға қарап іні өсер» дейді халық даналығы. Ғылымда, өнерде, қоғамда ұлағатты тірлік тындырып, артына айшықты із қалдырған қайраткер жандардың өшпес өнегесі бүгінде білім қуған жастардың заманауи бітім-болмысын қалыптастырудың өзегіне айналып отыр. Өмірге келген адам жақсылыққа, ізгілікке ұмтылады. Қиындығы мен қуанышы, азабы мен абыройы қатар жүретін өмір жолын Отан қорғау ісінен бастап, саналы өмірін халқының тыныштығына арнаған, әскери ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан тәжірибелі маман, запастағы генерал-майор Нұрғали Асыловты біздер ерекше мақтан тұтамыз. Ол кісінің еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі.

asilov

Әскери ғылымға жақын жүргендердің ішінде Нұрғали Жұмажанұлын білмейтіндер жоқ шығар. Офицер, ғалым-профессор ретінде еліміздің әскери ғылымының қарыштап дамуына көп үлес қосты. Бү­гінде ол әскери ғылым саласында өзіндік сүбелі үлестері мен айшықты қолтаңбасы бар, бірегей азаматтардың бірі – ҰҚК Шекара қызметі академиясының құрметті қызметкері, академия ардагері шекарашыларға дәріс оқып, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Нұрғали Асылов қазақтың ұлылары Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді алыптардың кіндік қаны тамған Шығыс Қазақстан об­лысының Зайсан қаласында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Табиғатынан елгезек, әр нәрсенің сырын білуге құштар талапты бала, орта мектепте оқып жүрген кезінде де озаттар сапынан табылған. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң ауылда қарапайым жұмыстарға араласыпты.

Отанға қызмет – абыройлы міндет деп түсінген жас жі­гітті 1969 жылы аудандық әске­ри комиссариат Қарулы күш­тер қатарына шақырады. Әскери қызметін Балтық теңізі жағалауы округінде өтеген Нұрғали Жұмажанұлы онда да тындырымдылығымен көзге түседі. Сол жылы Алматы қала­сындағы Мемлекеттік Қауіп­сіздік Комитетінің Жоғары шекара командалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы ойдағыдай аяқтады. Алғашқы қызмет жолын Қызыл Тулы Шығыс шекаралық округіне қарасты застава бастығының орынбасары болып бастайды. Кейіннен застава бастығы, Күршім шекара отрядының Мемлекеттік шекараны қорғау бөлімшесінің офицері сияқты жауапты міндеттерді абыройлы атқарады. Айта кету керек, оның нағыз шекарашы офицер болып қалыптасуына сол кездегі майор Александр Мельников пен полковник Евгений Неверовскидің көп көмегі тиген екен.

Қызмет барысында өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарған жас офицер сол кездегі КСРО МҚК-нің Төрағасы Ю.Андроповтың бұйрығымен бірнеше рет бағалы сыйлықтар мен алғыс алады.

Сексенінші жылдардың басында капитан Н.Асылов Мәскеу қаласындағы М.Фрунзе атындағы әскери академияда оқиды. Оны жақсы бітірген ол Мақаншы шекара отрядына қарасты шекара комендатурасының коменданты болып қызмет атқарады. Өз кезегінде тәжірибелі шекарашы, білікті офицер Мәс­кеу қаласындағы Жоғары шекара­лық команда курсы адъюнк­турасының күндізгі бөлімін бітірді. 1989-1991 жылдары Мәс­кеу қаласындағы МҚК-нің Жоғары шекаралық әскери-саяси училищесінің Шекара қызметі тактикасы кафедрасының оқытушысы және аға оқытушысы болып қызмет еткен. Жасынан өжет, сабағын жақсы оқып, шекара тактикасын меңгерген Нұрғали Жұмажанұлы мұнда да өзінің зеректігімен көзге түсіпті. Өзіне тапсырылған аса маңызды ғылыми жұмыстарды абыроймен орындап, әскери ұрыс қимылдарын шебер ұйымдастырғаны үшін бірнеше рет марапатқа ие болады. Әскери істі ғылыммен ұштастырып, «Экономикалық аймақтағы Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау» мамандығы бойынша әскери ғылымдар кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмысын сәтті қорғап шығады. Ғылы­ми жетекшісі Ресей Федера­ция­сының Федералды Шекара қыз­меті академиясының әскерлерді басқару кафедрасының бастығы генерал-майор Валентин Бу­ракшаев болғанын айта кетелік.

Бұдан кейін ол М.Фрунзе атындағы әскери академияның Шекара әскерлері тактикасы мен жедел қолдану кафедрасы­ның оқытушысы лауазымында болды.

Еліміз тәуелсіздігін алған соң Қазақстан Республикасы Шекара әскерлерінің құрылуына және Шекара қызметінің мамандарын даярлау, сапасын арттыру қажеттілігіне байланысты полковник Асылов әскери ғалым ретінде арнайы шақырумен өзінің кіндік қаны тамған Отанына оралды.

1992 жылдың қыркүйегін­де Елбасының жарлығымен Нұрғали Асылов сол кездегі Ф.Дзержинский атындағы Жоғары командалық шекара училищесінің бастығы болып тағайындалды. Қандай қызметте жүрсе де өзіне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқаруға дағдыланған ол өз қа­ра­мағындағы әскерилердің тұр­мыс жағдайларын және үлгілі тәртібі мен іскерлік дағдыларын одан әрі ұштауда уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етті. Кез келген қызметті ойдағыдай басқара білген ол бұл қызметті ұршықтай үйірді. Жұмыс барысында тұтас бір іскер ұжымды қалыптастырып, әріптестеріне басшы ғана емес, үйретері көп ұстаз да бола білді.

1996 жылы Президент Жар­лығымен Н.Асыловқа генерал-майор әскери шені берілді. Сол жылдың маусымында ол социология ғылымдарының докторлығын алу үшін қорғаған диссертациясы әскери ғылымға қосылған үлкен үлес болғаны анық.

Бүгінде әскери ғалым ондаған мақаланың, екі монографияның авторы. Көптеген еңбектері Ресей және Ұлыбритания басылымдарында жарық көрген.

Нұрғали Жұмажанұлы Қа­зақстан Республикасының «Барлау» қызметінде де түрлі лауазымды қызметтер атқарып, өзінің өмірлік бай тәжірибесін кеңінен пайдаланды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үкімет тарапынан елеусіз қалған жоқ. 10-нан астам медальдармен марапатталды. Оның ішінде «Үздік әскери қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне – 10 жыл» медальдары мінсіз қызметінің бағасындай. Осындай абыройға бөленген Нұрғали Жұмажанұлы бүгінде ҰҚК Шекара қызметі академиясы бойынша Әскери ғылым академиясының Вице-президенті, ғылым докторы, профессор. Әскери Ғылымдар академиясының толық мүшесі. Запастағы генерал-майор.

Иә, өмірі өнегеге толы генерал ел ісіне араласқан күннен бастап, көшбасшылық қалпынан айнымай, қай уақытта да іскерлік пен ұйымдастыру қабілетін, әділдік пен талапшылдықты, азаматтық пен ұстаздықты жанына жалау етіп келеді.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы.