Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облыстық соты ғимаратының алдында облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріповтің бастамасымен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып орнатылған Даңқ тақтасы ашылды. Мемориалды тақтаның ашылу рәсіміне ардагер-судьялар, ҰОС ардагерлерінің туыстары мен облыстық соттың судьялары және БАҚ өкілдері қатысты.
Даңқ тақтасында Оңтүстік Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстан аман-есен оралған соң, облыстың соттарында судья және төраға болып қызмет еткен 24 ардагер-судьяның есімдері жазылған.
Облыстық соттың ұжымы жыл сайын соғыс ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіп, олардың есімдерін мәңгі есте сақтауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Мысалы, 2014 жылы облыстық соттың бастамасымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстық соттарын ұзақ жылдар басқарған облыстың құрметті азаматы, заңгер-жазушы Нығмет Төлендіұлының бұрынғы тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылды және Шымкент қаласының бір көшесіне оның есімі берілді. Биыл барлық аудандық және оған теңестірілген соттарда ардагерлерге арналған «Ардагерім – ардағым» тақырыбымен іс-шаралар өткізіліп, оларға материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал аудандық соттарында Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Осындай ауқымды іс-шараның бірі Даңқ тақтасының ашылуы.
Ашылу рәсімінің соңында Н.Шәріпов сот жүйесінің ардагерлері А.Бекназаровқа, Б.Тұрғараевқа, А.Ефстафьеваға, Т.Балкенге, В.Юзьковқа және Н.Павловаға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалін тапсырды.
Іс-шара соңында ардагерлер дастарқанға шақырылып, өмірден озған соғыс ардагерлеріне Құран бағышталды.
Қ.ДҮЙСЕНБИ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қызметкері.