08 Мамыр, 2015

Пәтер кілтін алды

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттегі «Жеңіс» саябағында «Ерлік» мұражайы ашылған. Екі мыңнан астам экспонаттар жинақталған. 1930 жылы шығарылған 7,62 мм. карабин, кеңес офицерлерінің оң жақ бүйірінде салпылдап жүретін былғары планшет, шетіне қатты зат, әлде оқ тиген қалайы құты, талай солдаттың ерні тиген алюминий қасық. 1941-1945 жылдары пайдаланылған заттар.

1980_oko_1-1

Міне, жауынгер Қалыбай Сәр­сен­баевтың қардай бораған оқтан толас тапқан сәтте сыз окоптың түбін­де отырып, ауылын, ата-ана, бауыр­ларын сағынып жазған үшкіл хаты.

Әбіш Кекілбаев ағамыз «менің мынау 76 жасыма дейін естіген ең үрейлі сөзім – соғыс», деп еді. Түйрегіш қанжары бар винтовкаға қарап тұрып қаншама солдаттың кеудесін тестің-ау деген ой келеді.

Міне, қарт майдангерлер қазақ­тың даңқты екі ұлы, халқының намысын бәрінен биік қойған қос генерал Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов пен аты аңызға айналған полк командирі Бауыржан Момышұлының ескерт­кіштеріне бүгіліп барып гүл шоқтарын қойып жатыр.

Оңтүстікте Жеңістің 70 жыл­дығына байланысты барлық аудан-қалаларда күнде іс-шара өтуде. 5 мамыр күні «Жеңіс» саябағында «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты мереке өтті.

Облыс әкімі Асқар Мырзах­ме­тов барша майдангерлерді, ха­лықты құт­тықтап, 28 ардагерге мемлекет­­­тік награда тапсырды. Үйге мұқтаж 12 ардагерге пәтер кілтін табыс етті.

Оңтүстік Қазақстаннан май­данға 140 мыңнан астам адам аттанған екен. Олардың тең жартысы атамекеніне оралған жоқ. Қорғасын оқ қардай жауған майдан даласында қалды. 51 жауынгер Кеңес Одағының Баты­ры деген атаққа ие болса, 8-і «Даңқ» орденінің толық иегері. Барлығы да ерлікпен шайқас­қан сол сарбаздардың аман орал­­ғандарының да қатары бүгін­де әбден сиреп қалды. Соңғы мәліметтер бойынша 429 соғыс арда­гері ғана қалған. Сол ардагер­лердің 16-ы Астана қа­ласында өтетін шеруге қатысатын болса, біреуі Мәскеу қаласындағы Жеңіс шеруіне аттанады.

«Ерлік» мұражайында «Оң­түстік өлкесі қаһарлы жылдарда», «Соғыстың қатыгез бейнесі» және «Азат етуші майдангерлер» атты үш бөлімнен тұратын көрме ұйымдастырылыпты. «Ұлы Жеңіске мың тағзым» мерекесінде облыс әкімінің ұйытқы болуымен жарық көрген «Ерлік – елге мұра», «Оңтүстік Қазақстаннан шыққан батырлар», «Ұлы Отан соғысына қатысқан оңтүстікқазақстандық жауынгерлер» атты кітаптар берілді.

Оңтүстіктің аты шыққан өнер жұлдыздары да осында. Бірі автомат асынып жау шабуылын қайтарып жатса, бірі гармон асынып майдан әндерін шырқауда. Актерлер «Соғыс оты тұтанды», «Әскерге алыну», «Баласын күткен аналар» және «Майдан даласы» сияқты бөлімдерден тұратын композиция көрсетті.

Келесі күні облыстық опера және балет театрында «Ардағым-ардагерім» қайырымдылық акциясы өтіп, кәсіпкерлер майдан­герлерге өз көмектерін көр­сетті. Ал, Абай саябағындағы Бей­не­леу өнері мұражайында «Уақыт­қа ба­ғынбайтын естелік» деген атпен суретшілер мен фотосурет-ті­л­шілерінің көрме байқауы өтті.

Бұл күндері Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры Ә.Таразидің «Әлия» драмасын сахналаса, облыстық өзбек драма театрында А.Пратовтың «Ерлік пен махаббат» қойылымының премьерасы өтті. Облыстық орыс драма театры В.Ежов пен Г.Чух­­райдың «Баллада о солдате» шы­ғармасын жұртшылыққа ұсынды.

Мерекелік іс-шаралар Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ер есімі –ел есінде» салтанатына жалғаспақ.

 Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».

ШЫМКЕНТ.

Суретті түсірген Хусан АЗИЗОВ.