Облыстық ішкі істер департаментінің мұражайында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған игі шара өтті. Оған ардагерлер кеңесінің мүшелері мен департамент басшылары қатысты. Бұл кездесудің мақсаты Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсету болып табылады.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Махсудхан Аблазимов ардагерлерді алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен жеке құрамның атынан құттықтады, олардың ерен ерліктері мен адал еңбектері үшін алғыс сезімін білдірді. Ұлы Отан соғысының төрт және еңбек майданының қырық екі ардагеріне Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы» мерекелік медалін тапсырды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 100 мың теңгеден, ал тылда еңбек еткен ардагерлерге 35 мың теңгеден ақшалай сыйлық ұсынды.
Қатары сиреп қалған соғыс ардагерлері Жұмай Әлішев, Нығмет Мейірманов, Михаил Диденко, Григорий Прихьно мұндай құрметке шын жүректен риза болды. Ұлы Жеңістің көзі тірі куәгерлері елімізде тыныштық пен бірлік болуын тіледі. Ардагерлер өзара әңгіме құрып, өткен-кеткенді еске түсіріп, бір жасап қалды. Балалық шақтары соғыстың қиын жылдарымен тұспа-тұс келген тыл ардагерлері де ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы үзілмейтінін аңғартты. Бұл кездесу ерліктің ескірмейтінінің, еңбектің ұмытылмайтынының әдемі көрінісі болды.
Салтанатты шараның соңында ІІД ғимаратының алдындағы алаңға ардагерлер өз қолдарымен ағаш көшеттерін отырғызып, бұл аллеяны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап «Жеңіс аллеясы» деп атады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.