Қызылжар ауданының тумасы, Кеңес Одағының Батыры Филипп Чижиков соғысқа 1942 жылы 19 жасында алынған. Арнайы әскери дайындықтан өтіп, 25-ші дивизияға қарасты 81-ші атқыштар полкі құрамында бөлімше командирі болып тағайындалған. Кіші лейтенанттар курсын бітіргеннен кейін атқыштар взводын басқарған. Белгород, Харьков, Звенигород, Будапешт, Вена қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Қанды шайқастардың бірінде ауыр жараланғанына қарамастан, көрсеткен қаһармандық ерліктері үшін 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» белгісі мен Ленин ордені тапсырылған.
Майданнан оралған соң Қызылжар өңірінің ішкі істер органдарында ұзақ жыл мінсіз еңбек еткен. Алматы милиция мектебін тәмамдап, жауапты жұмыстар атқарған. Подполковник шеніне дейін көтерілген. Қызмет бабымен Ресейге ауысып, өмірінің соңғы күндерін Воронеж облысында өткізген.
Оның құрметіне Березовка ауылында орнатылған обелискінің ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Ішкі істер министрлігі ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы генерал- майор Өмірзақ Болсамбеков, кадрлар жұмыстары бойынша департаменттің басшысы, полковник Алтынғали Әбдіғалиев, Түмен облысынан келген ішкі істер қызметінің ардагері Владимир Борецкий, тағы басқалар сөйлеп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Марқұмның Воронеж қаласында тұратын қызы Надежда Лесных Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған айтулы шараға деген ризашылығын, әкесінің көзі жұмыларда қабірімнен туған жеріме бір уыс топырақ ала бар деген аманатын орындағанын толқып жеткізді.
Меймандар мектеп жанындағы алаңқайда Жеңіс аллеясының іргетасын қалап, көшеттер отырғызды.
Бүгінде облыста мектеп, көше батырдың есімімен аталады.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.