Өткен жылдың 9 мамырында ардагерлердің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті – Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ə. Назарбаев: «Жеңіс күні – ұлы мейрам. Əкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспанның астында өмір сүріп жатырмыз, мықты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қараймыз. Отанымыздың 1 миллион 800 мың ұл мен қызы шайқастарда күресті. Миллиондаған қазақстандық жұмыс істеп, майдан үшін, жеңіс үшін бəрін берді», – деген болатын.
Айтулы мерекеге орай қаншама ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты «Абырой мен парыз» (Еуропа елдеріндегі Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы) атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті. Жиынды Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев жүргізіп отырды.
Кітапты дайындап, жазу барысындағы басты мақсат – соғыстың шын мəнінде қалай болғанын көрсету. Мемлекет тарихы институтының авторлық ұжымы құжаттардың мол қорын – мұрағаттық деректерден бастап, кеңестік жəне неміс генералдары мен маршалдарының мемуарлық əдебиеттері, саяси қайраткерлер мен дипломаттардың зерттеулерін пайдалану арқылы, соғыстың басынан бастап, оның Токиолық əскери трибуналмен аяқталуына дейінгі кезеңді қамтыған. Бұл еңбекте 1939 жылдан 1945 жылдар аралығында болған Екінші дүниежүзілік жəне Ұлы Отан соғысында болған маңызды кезеңдер көрсетілген. Кітапты дайындау барысында авторлық құрамы Алматы, Мәскеу, Украина, Белоруссия қалалары ғалымдарының зерттеулерімен толықтырылды. Көптеген суреттер, құжаттар ғылыми айналымға бірінші рет берілуде. Ғалымдардың таңдаған құрылымы оқиғаларды жылдар бойынша баяндап, оқырманға соғыстардың толық хронологиясын көрсетуге мүмкіндік жасайды.
Кітапта мұрағат деректеріне сүйеніп, тыл еңбеккерлерінің ерлігімен қоса, жер аударылған халықтар тағдыры да көрініс тапқан. Шетелдік мұрағат мəліметтерін пайдалану арқылы «Түркістан легионының» тағдыры, соғыс тұтқындарының қайғылы қасіреті көрсетілген. Авторлар отандық тарихнамада алғаш рет «хиви» деп аталатындарға қатысты жабық тақырыпқа қалам тартты.
Соғыста қаза тапқан солдаттарды жадымызда сақтау үшін Мемлекет тарихы институтының ғалымдары үш бөлімнен тұратын зерттеулер: ұжымдық монография, соғыс ұрыстарының планшет-сілтемесі және интернет-альбом дайындады, интернет-альбомда құжаттар, суреттер, соғыс тұтқындарының суреттері, қаза тапқан солдаттардың тізімдері және тағы басқа көптеген құжаттар берілген. Әрбір адам Мемлекет тарихы институтының сайтына кіріп бұл құжаттармен «Абырой мен парыз» айдарында таныс бола алады.
Аталмыш шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ЖОО басшылары, тарих пәнінің мұғалімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.