08 Мамыр, 2015

Радист

368 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысының ардагері Шағила Құсанова... Ол кісінің өмірбаяны туралы ақпараттарды ақтарған сәттен-ақ кейіпкеріммен тезірек жүздесуге асықтым. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, жасы тоқсаннан асқан әжейдің қолын алып қайтудың өзі ғанибет қой! Алайда, қанды майдан жылдарында от кешкен қазақтың қайсар қызымен қауышудың сәті бірден түсе қоймады. Қызы Қарлығаш апайды да әбден мазалағандаймын. Телефон нөмірін күнде теремін. Сөйтіп, Жеңіс күні жақындағанда ғана Шағила апай Алматыдан Астанаға атбасын бұрды. Сыртқы есіктің қоңырауын басқаннан соң ғана сағатыма көзім түсті. Тым ерте, шақырған уақыттан тура жарты сағат бұрын барғанымды енді байқадым. Астанаға келгелі телевидение журналистері де Шағила апайды бірінен соң бірі эфирге шақырып, босамай жатқандарын қызы Қарлығаш апай алдында айтқан болатын. Қалай дегенмен, қарт кісі ғой, демалуға да мүмкіндік бермей, шаршатып аламыз ба?! «Қап, ұят болды-ау, далада жүре тұруым керек пе еді» дегенімше болған жоқ, арғы жағынан қонақжай жас келіншек есік ашты. Апайдың үйде екенін айтып, төргі бөлмеге шақырды. Суреттен болмаса, бұрын-соңды Шағила апайды көрген емес едім. Әйтеуір жасы 93-ке аяқ басқан қарияның қандай болатынын болжап, үйді көзіммен шолып Шағила апайды іздедім. Міне, қызық, апай үстел үстіндегі азық-түліктерді жиыстырып жатыр екен. Қимылы ширақ. Әр нәрсені жеке-жеке алып, сыртындағы жазуларына дейін оқып қояды. Біздің өзіміз көзәйнексіз сықсиып көре алмайтын жазуларды судырлатып оқығанымен қоймай, оның әрбірінің қандай пайдасы бар, қажет-қажет еместігіне дейін сұрыптап салып, лезде үстел үстін қалыпқа келтірді. Іштей: «Шағила апай осы кісі ме екен өзі?», деген күдігім де боғаны рас. Шыны керек, тоқсанды артқа тастап, жүзге аяқ басқан кісіні басқаша елестеткен едім. Бірақ, мен ойлағандай емес, қазақтың батыр қызы қарттығында да қайраттылығынан қайтпапты. Самайын ақ шалып, бетін қарияға тән әдемі әжім әрлеген кісінің жанарында батырға тән от ұшқыны әлі де сөнбеген. Тіпті, сөйлегенде де да­уыс ырғағы әскери адамның айбынды, бұйрықты үніндей естілді. Ата-анасынан ерте айырылған Шағила апай жетімдік пен жалғыздықтың ащы дәмін ерте татқан екен. Ол балалар үйі мен интернатта тәрбиеленіпті. «Е, менің өмірім ертегі сияқты. Бір адамның басына жетіп-артылатын түрлі қиындықты да, қызықты да көрдік қой. Қанша рет өліп-тірілдім. Бірақ, адамның жаны сірі екен. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», деген осы шығар. Бес жасымда анамнан айырылып, аштан өлуге шақ қалып, шала-жансар жатқанымда да адамдар тауып алып, мені қатарға қосыпты. Төрт жыл бойғы соғыста да жеңіл-желпі жарақат алғаным болмаса, сап-сау елге оралдым. Айта берсек, өмір деген өзі үлкен өзен, ағысы қайда барып соғарын білмейсің. Менің өмірім түгел қиындыққа толы болды демеймін. Бала күнгі бейнетімнің зейнетін көрдім. Мүмкін жаратушы Алла аяушылық танытып, мені өзі қолдады ма, кім білген?! Қанша қиындық көрсем, өмірде сонша жақсылық көрдім», дейді қария өміріне тәубесін айтып. Иә, табиғатынан қайсар, жаратылысынан табанды жан тағдырдың салған тауқыметіне мойынсұнбады. Орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих және филология факультетіне оқуға түсіпті. Бұл Шағила апай үшін ғылымның даңғыл жолындағы алғашқы баспалдақ еді. Алайда, ол университеттің бірінші курсын бітірген 1941 жылы маусым айында тұтқиылдан соғыс өрті бұрқ ете қалады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде елімізден ер-азаматтармен қатар қазақ қыздары да өз еріктерімен майданға аттанды. Солардың қатарында Шағила апай да болды. Әрине, қайсарлық пен қайраттылыққа өмірдің өзі тәрбиелеген Шағила Әкімбайқызының сол бір ел басына күн туған қиын-қыстау заманда басын өлімге тігіп, Отанды жаудан қорғауға аттануы үлкен ерліктің белгісі емей немене?! Ол 1941 жылдың қыркүйек айында Ташкентте қысқа мерзімді байланысшылар курсынан өткеннен кейін, желтоқсан айында Қырым майданындағы Керчь қаласын азат етуге қатысқан десанттық әскер құрамында болыпты. 1942 жылдың мамыр айында 14-атқыштар дивизиясы құрамында Дон майданындағы, Степной және Сталинград майдандарындағы қанды шайқастарға қатысқан. Сталинград түбіндегі жеңістен соң, 14-атқыштар дивизиясы Оңтүстік-Батыс, І және ІІ Украин майдандары құрамына енгізілді. Сонда жүріп Шағила Әкімбайқызы Румыния, Польша, Чехословакияны азат етуге бағытталған батыл шайқастарда да ерліктің тамаша үлгілерін танытты. Осылайша қайсар мінез иесі «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және тағы басқа да наградалармен марапатталған. Шағила апай соғыстан кейін оқуын қайтадан жалғастырыпты. Кейіннен үлкен ғылым жолына түсіп, кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек еткен. Бірқатар монография мен 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол – бірнеше ғылым докторы мен кандидаттарын даярлаған танымал ғалым, ұлағатты ұстаз. 1981 жылы педагогикалық саладағы үздік еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ал 1995 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды. Шағила апайдың жұбайы Асылғазы Бекбайұлы кезінде мәдениет саласында бірқатар лауазымды қызметтер атқарған қайраткер. Ол да Ұлы Отан соғысы ардагері болатын. Өкінішке қарай, Асылғазы Бекбайұлы осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озды. «Ол кісі де ұзақ жасаған екен ғой», дедім іштегі ойымды жасыра алмай. Шағила апай терең бір күрсініп: «Жоқ, ол одан да ұзақ жасауы керек еді. Қайдан білейік, мүмкін дәм-тұзының жеткен жері сол болған шығар», деді. Әңгіме ауанын өзгертпекке ұмтылып, соғыс тақырыбына қарай қайта ойыстым. «Сұрапыл соғыс кездері кешегі күнгідей көз алдымда, ешқашан ұмытылмайды», дейді Шағила Әкімбайқызы. Ардагер ана енді ешқашан соғыс болмаса екен деп тілейді. «Қазақ деген сөз еркін елдің ерікті азаматы» дегенді білдіреді. Осы еркін еліміздің тыныштығын ешкім ешқашан бұзбаса екен. Береке-бірлігіміз тасып, әрбір үйде шаттық болсын», дейді қазақтың батыр қызы. «Айтқаныңыз келсін» айтып, біз де Шағила апаймен қоштастық. Кетерде қолын қысып тұрып: «Әлі де ұзақ жасай беріңіз», дедім. Есіктен шыққанымша көзімен ұзатып салған қарияның қасқайған қайсарлығы, батырға тән қайраттылығы әлі де өн бойы­нан есіп тұрғандай. Суретте: Ш.Құсанова. 1945 жыл. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».