08 Мамыр, 2015

Жетпіс жыл өткен соң...

292 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүгінде 90-нан асып отырған Камали Дүйсембеков ақсақал өзі жүріп-тұратын қалпында. Жеңіс мерекесі жақындаған сайын үйден гөрі көбіне жұрт арасында. «Данқ» орденінің ІІ және ІІІ дәрежесінің екі мәрте, «Ұлы Отан соғысы» орденінің І және ІІ дәрежесінің иегері, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Қырымды азат еткені үшін», «Севастопольді алғаны үшін» медальдары кеудесінде қоса жарқыраған абыз ардагерді жиындарға, кездесулерге шақырушылар аз емес. Бәріне баруға тырысады. Бейбіт өмірде де өнегелі, өрісті, шапағатты іс-шаруа­лардың басы-қасынан табылған қайсар жанның аталған марапаттары қатарында Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендері және жарқырайды. Майдан жолдары еске түсіп, көз алдына жиі келуші қарт жауынгердің Мәскеудегі Жеңіс шеруіне шақыру алуы көңіл толқуын одан сайын өсірді. – Камали аға, білуімізше мұндайлық биік құрмет сізге бі­рінші рет көрсетілуі емес екен! – Сондықтан да жүрегімді ерекше тебіренткен хабар болды. 1945 жылғы Ұлы Жеңіс шеруіне қатысу қуанышым 70 жылдан соң қайта оралуы сондағы 20 жасымдағыдай шақтағы шат­тыққа бөледі. Шіркін-ай, сол ғажайып күн қалай ұмытылсын. Қайталанбас тарихи сәтті күткен Қызыл алаң тып-тыныштығынан жүрек дүрсілім естіліп тұрған­дай есімде. Кенет қос атпен қатарласа шауып шығып, қаз-қатар тізіліп қатып қалған салтанатты саптар алдын аралап өткен қолбасшылар Жуков пен Рокосовский саңқ-саңқ еткен құттықтаулары жанарымнан жас ыршытып жіберді. Соғыстың оты мен оғы ортасындағы талай ажал аузында жүргенде де көзіме жас алып көрмеп едім. Мұның алдында бірнеше күн дайындалған біздің топ І Украина майданының құра­мында қадамды нық басып, биік рух ескен жүзбен сап сәнін асырып өтті. Одан әріде Мәс­кеу көшелеріне асқанымызда тұрғындар жаудырған гүл шоқтары жолымызға кілемдей жайылды. Шеруіміз аяқтала бере бір-бірлеп аспанға ұшырып-қағып алумен жалғасты. Бір-бірін танып білмесе де адамдардың ортақ Жеңіске деген қуаныш, соған жеткізген жауынгерлерге деген мақтаныш сезімдері бәрімізді туысқандай етіп жібергендей еді. – Жеңістің бірінші шеруіне біраз қазақстандықтар қатыс­қаны белгілі. Кімдермен таныса алдыңыз? – Әскери тәртіпке байла­нысты жүріп-тұруымыз шектеулі болғанмен сәл саябыр уақыттар­да бірқатар жерлестерімізбен та­быстым. Соның ішінде Мүтәш Сү­лейменовпен Мәскеу түбіндегі дайындық күндерінде танысуға мүмкіндік туған болатын. Кеу­десінде «Данқ» орденінің үш бірдей дәрежесі толық жарқы­раған өзімдей көкөрім жігіт бұрыннан таныстай көзіме жылы ұшыраған еді. Сөйтсем, ол да мен сияқты 17 жасынан майданға өзі сұранып, Қарағандыдан аттандырылыпты. Кеңес Одағы­ның Батыры атағына тең әйгілі ордендермен Днепр, Курск иіні, Одер шайқастары үшін марапатталыпты. Шеруден екеуміз елге бірге оралып, одан сайын жақындастық. Жеңістің 60 жыл­дығына арналып өткен Аста­на­дағы шеруге де бірге қатыстық. – Сіздің төсіңіздегі жауын­герлік ордендер мен медаль­дарға қарап-ақ, майдан жол­дарыңызды білуге болады. Кейбірінің берілу тарихын да айтып өтсеңіз. – Әрине, әрқайсының орны бөлек. Әйтсе де ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің ыстық көрі­нетіні рас. Өйткені, маған ол 18 жасымда кеудеме тікелей окопта тағылуымен қымбат. 1942 жылдан 1944 жылға дейін Сталинградты қорғауға, Қы­рым, Донбасты жау қолынан қай­таруға, Балтық теңізі бойындағы қалаларды азат етуге қатыстым. Севастополь үшін шайқаста ауыр жараланып, біраз уақыт госпитальда емделуде жаттым. Командирлерімнің мені ұмытпай Жеңіс шеруіне қатысуға шақыртуы жайдан-жай емес шығар деп ойлаймын. Рухтарына бас иемін. Енді, мінеки, бұдан 70 жылғыдай бұрын Кремль алдынан қаруластарыммен сап түзеп өтуге бара жатырмын. Әттең, кезіндегідей бойды тіктеп, аяқты нық баса алмаспыз. Алайда, ерліктер оты сөнбеген рухымыз шерудегі сәнімізге қылаудай кір келтірмесіне сенемін. Тағдыр маған бақытты өмір бұйыртты. Бақытты­лығым отан­­шылдығымнан, еңбек­ке адал­ды­ғымнан, табанды­лы­ғым­нан туып, жарасты. Өзім қадір тұтушы осы қасиеттер жастарға үлгі болса екен деп тілеймін. – Жеңіс парадына аман барып, сау қайтыңыз! Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.