08 Мамыр, 2015

Астанада Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ең әсем және көп адам қатысқан әскери парад болып өтті

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өзінің ауқымдылығы мен әсемдігі жөнінен парад миллиондаған қазақстандық үшін бірегей және есте қаларлық оқиға болды. Барлық әскер тектерінің өкілдері «Қазақ Елі» монументі алдынан жаяу, көлікпен жүріп өтсе, тікұшақтармен және ұшақтармен ұшып өтті. Еліміз Қарулы Күштерінің жеке құрамы мен әскери техникаларының рекордтық саны, тіпті, көпті көрген көрермендерді де таң-тамаша қалдырды. Парадқа шамамен 5 мың әскери қызметші, 200-дей қару-жарақ бірлігі мен әскери техника, әскери авиацияның 70 тікұшағы мен ұшағы қатысты. Парад-2015-тің визитті кәртішкесі тек ауқымдылығы ғана емес, сондай-ақ, сабақтастығы болды. Ту ұстаушылардың Отанымыздың Мемлекеттік туы мен Жеңістің Қызыл туын – 70 жыл бұрын біздің отандасымыз Р.Қошқарбаев пен оның жауынгерлік серігі Г.Булатов Рейхстагта желбіреткен тудың дәл көшірмесін алып шығуы жүрек толқытатын сәтке айналды. Жеңістің нышанына айналған Жауынгерлік ту Қазақстанға Мәскеудегі Тағзым тауынан жеткізілген болатын. Жаяу колонналар мен әскери техникаға масаттанбай қарау мүмкін емес еді. Орасан зор әсем көріністерде авиа-думан ерекше орын алды. Астана үстінен майдандық, әскери-көліктік және армиялық авиацияның топтары ұшып өтті. Әскери ұшқыштар жеке және ұшу топтары құрамында ұшудың небір айшықты өрнектерін орындап, Ұлы Жеңіс мерейтойын білдіретін «70» санын көрсетті.