08 Мамыр, 2015

Жетісулық майдангер Ресей астанасындағы шеруге төртінші мәрте барып отыр

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Екінші дүниежүзілік соғысқа кіргенде «Отан үшін» деп от кешіп, тек алға ұмтылуды ғана ойлаған азаматтар соғыстан кейін Жеңіс парадына қатысып, жүректеріне түскен жараны айықтырып, қас дұшпанын жеңгендіктеріне көңілдерін сендірудің өзі үлкен мәні бар мәртебе екенін екшемегені де ақиқат. Бірақ, бұл бақыт екінің біріне бұйырмағаны да рас. Десек те, маңдайлары жар­қырап, мерейлерін тасыту бақыты бұйырған майдангерлердің бірі жетісулық Федор Федотов Мәскеудегі алғашқы Жеңіс парадына қатысқан жауынгердің бірі еді. Енді, міне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жыл­дығына арналып Мәскеуде өтетін парадқа 93 жасында төртінші рет барып отыр. 1922 жылы Ресейдің Омбы облысы, Полтава ауданы, Бар­веново селосында дүниеге келген Федор Маркиянович жеті сыныптық білімнен соң, отбасы көшіп, әулеті қоныс аударған Томск қаласындағы кулинария техникумына оқуға түскен-тін. 19 жасқа толғанда соғыс бас­талып, жас жігіт Омбы қала­сындағы кіші командирлік құрамды дайындайтын мектепке жіберіледі. Ал 1942 жылы қазан айында 78-ші сібірлік дивизия жасақталғанда, сержант шенінде барлау взводы командирі ретінде Мәскеу түбіне жіберілген. Міне, осы жерде алғаш рет сұрапыл соғысқа кіреді. «Бірде бізге алғы шепке барлау жасау туралы бұйрық берілді. Сонымен, он бір адамдық топпен аса қауіпті жерге аттандық. Сол жолы немістердің қарауылда тұрған қос солдатын өлтіріп, жау әскерінің қалай орналасқаны туралы мәліметке қоса «тіл» әкелдік. Онымыз фашистердің әзірленіп жатқан шабуылы мен орналасқан техникасы жөнінде көп нәрсе біледі екен. Алайда, сол жолы біз бір жауынгерімізден ­айырылып, өзім аяғымнан жарақат алдым, әрі алғаш рет «Ерлігі үшін» меда­лімен наградталдым», – дейді Федор Маркиянович өзі басқар­ған барлау взводымен талай ауыр тапсырмаларды орындауда табан­дылық танытып, бұлжымас әске­ри бұйрықтардың үдесінен сан мәрте шыққаны жөнінде мар­қая отырып әңгіме айтқан кезінде. Жарақаты жазылған соң Федор Федотов 125-ші жеке мотопантонды батальонға жі­беріліп, соғыс аяқталғанша сол әскери құрамда қызмет етеді. Саз-балшықты тартпа жерлерге өткел жасап, өзен үстіне қалқымалы көпір салады. Өзен-көлге апаратын жолдың ені мен ұзындығы, тереңдігі, жағалауының топырақ құрамы тәрізді мәліметтер жи­наған. Сонымен қатар, батыр жауынгердің жорық жолдары Курск иінінде, Белоруссияда, Прибалтикада жалғасып, кеңес әскерінің Батыс Двина, Неман, Днепр, Эльба, Одер, Прут тәрізді өзендерден өтуіне көп көмегін тигізген. 1945 жылы 2 мамырда 1-ші Белорусь майданы құрамындағы 125-ші жеке мотопантонды ба­тальонды Прага қаласына жі­берген. Сөйтіп, Праганы қоршап тұрған кеңес әскері құрамында 9 мамырға қараған түні Вятва өзеніне 60 тонналық мотопантонды көпір орнатады. Таң алдында сол көпірден өткен кеңес жауынгерлері аталған қалаға лап қойып, 9 мамырда оқ борап, отқа оранған Праганы фашистерден азат етеді. Сол қалада Жеңіс туралы хабарды естіген. Ал 10 мамырда рота командирі шақырып, Дрезден қаласындағы армия шта­бына баруға тапсырма береді. Штабта 6 жауынгермен бірге Мәскеуге баруға бұйрық алады. «Қолыма құжаттар са­лы­н­ған пакетті ұстатты. Содан теміржолға дейін машинамен, сосын пойызға мініп, Мәс­кеуге жеттік. Қала коменданты біздің пакетімізді ашып, әскери билетімізді тексерді. Көлік келгенше демалдырып, Загорск қаласындағы жоғары әскери инженерлік училищеге оқуға жіберді. Сөйтіп, іріктеліп алынған Мәскеудегі парадқа қатысушылар қатарына қосылып, 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңдағы тарихи Жеңіс парадына қатыстым», – дейді майдангер. 1946 жылы Федор Федотовты әскер қатарынан босатады. Өйткені, соғыстан алған жара­қаты қайта ашылып кеткен. Одан әрі тағы да госпиталь... Туған жерінде де екі жыл бойы ескі жарақатының ауыруы басылмаған. Көп ұзамай емделу жолдамасымен Қазақстанға – «Түрксіб» санаторийіне келеді. Осылайша майдангер ауруына ем болып, өзіне қатты ұнаған қазақ жерінде қалып қояды. Алматыда сауда саласы мен қоғамдық тамақтандыру жүйесінде бірер жыл жұмыс істеген соң Қаскелеңге ауысыпты. Өмірлік қосағы бүгінде бақилық болған Вера Андреевна екеуі Людмила, Татьяна, Галина, Зинаида есімді қыздарын өсіріп тәрбиеледі. Федор Маркиянович Ұлы Жеңістің 40, 50 жылдық­та­рындағы Мәскеудегі парадқа да құрметті қонақ ретінде қатысқан. Енді тағы да жолы түсіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналған салтанатқа қатысушы қазақстандық 6 майдангердің бірі болып отыр. «Бұл – мен үшін тағдырымның үлкен сыйы, ел-жұрттың үлкен құрметі. Күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстан аман оралып, осындай құрметке ие болғанымды бақыт санаймын. Енді Мәскеуге Қазақстанның қасиетті Қарасай ауданы жұртының ыстық сәлемін жеткіземін!» – дейді. І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Қызыл Жұлдыз» орденінің, «Мәскеуді қорғ­а­ға­ны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін» және т.б. медальдардың иегері Федор Федотов қуанышын жасыра алмай. Мәскеудегі Жеңіс парадына баратын Федор Маркиянович Федотовқа жеке дәрігері ілесіп жүреді. Бұл да қарт майдангерге билік тарапынан көрсетіліп отырған ілтипат пен құрмет болса керек.   Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.