АЛМАТЫ
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
Жалпы, ел болып атап өтіп отырған 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесі қаланың орталық алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұл шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, Ауған соғысына қатысушылар мен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысты.
– Естеріңізде болса, 1992 жылы дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, содан бері Мемлекет басшысы осы мерекеге орай Отан қорғау ісіне қалтқысыз қызмет еткен әскери қызметкерлерге әскери шен беріп, марапаттап келеді. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтаймын! – деді қала басшысы.
Алматы саябақтарында, мәдениет үйлерінде және метро залдарында Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік көрмені тамашалауға да адам көп жиналды. Қаладағы барлық аудан орталықтарында спорттық шаралар, музыкалық викториналар, жеткіншектерді патриоттық рухта тәрбиелеуге негізделген әскери ойындар өткізіліп, қала қонақтары мен тұрғындарына сый-сияпат таратылды. Елімізге танымал эстрада өнерпаздары мен қалалық этномәдени бірлестіктері өнерпаздарының ұйымдастырған мерекелік концерті халықтың көңілінен шығып, түнгі қала аспанын от-шашу көмкерді.
***************
Ақтау
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстауда сәуірдің соңғы күндерінде басталған Отан қорғаушы күніне арналған мерекелер ірілі-ұсақты мәдени мекемелер, мектеп-балабақша, аудан-қалаларда өз жалғасын тапты. Әскери бөлімдерде концерттер өткізіліп, түрлі деңгейдегі марапаттарды тапсыру да назардан тыс қалған жоқ.
Он күн бойы облыстық филармония мен ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы солистері әскери бөлімдерде концерт берсе, облыстық тарихи – өлкетану мұражайы «Маңғыстаулықтар Ұлы Отан соғысында» атты көрмесін, «45-тің көктемі» атты көркемсурет байқауын өткізді. Қазақстан Республикасы ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып тағзым ету шарасы мерекелік концертке ұласса, этномәдени бірлестіктердің Отан қорғаушы күніне және Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік кеші өтті.
7 мамыр Маңғыстауда күн бұлыңғыр, сіркіреген жауын-шашынды болды. Жері құрғақ, жаңбыры аз болып келетін өңір тұрғындары жаңбырды жақсылыққа жориды және оны әркез қуана қарсы алады. Сол себепті, мереке күнінің жаңбырлы болуына реніш емес, керісінше қуаныш сезімі аңғарылды. Мейрамда Астана алаңынан «Мәңгілік алау» монументіне дейін Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бес жүз әскери қызметкерлері жаппай жүгіру эстафетасын өткізіп, онлайн трансляция арқылы Астана қаласында өткен әскери шеруді тамашалады.
Тұрғындарға арналған мерекелік концерттер мен алуан түрлі өзге де шаралар мерекенің сәнін асырып, сипатын аша түсті.
АТЫРАУ
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Отан қорғаушы күні Атырауда әр алуан шаралармен айшықталды. Әсіресе, елді сүю, жерді қорғаудың маңызын жас буынның санасына сіңіру ісі жүйеленіп келеді. Осы орайда, Исатай-Махамбет тарихи-мемориалдық алаңында «Жасұлан-2015» әскери-патриоттық слеті өткізілгенін айтуға болады. Бұл шараға өңір мектептерінен 13 команда қатысып, оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелеуге әсерінің молдығымен ерекшеленді. Облыстық білім басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, қазір өңірдегі мектептер мен колледждерде құрылған 100 әскери-патриоттық клубтың 4000-нан астам оқушылар мен студенттер мүшесі бар. Әскери-патриоттық слеттің қорытындысы бойынша Индер ауданының М.Әуезов атындағы орта мектебінің командасы бірінші жүлдені иеленді.
Ал облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ұжымы арнайы салтанатты шара өткізді. Онда департамент басшысы Руслан Неталиев Қазақстан Қарулы Күштерінің ел қорғанысын нығайтудағы рөліне кеңінен тоқталып, мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауды тарқатып айтып берді. «Елдің қорғаныс саласы нығайып, жастардың әскерге баруға ынтасы артып келеді», деген департамент басшысы әріптестерін марапаттады. Мәселен, Батыс аймағының әскери прокуроры Жанболат Айекенов «С.Нұрмағамбетов атындағы» естелік медальмен, ал департаменттің белді қызметкері Айгүл Саспанова «Т.Бигелдинов атындағы» естелік медальмен марапатталды. Сонымен бірге, Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Смыслов, Қарулы Күштер ардагері Аслан Мұхамбеталиев және бірнеше әскери қызметкерге Алғыс хат берілді.
Бұл күні №41433 әскери бөлімінде «Қазақстан әскеріндегі бір күн» атты ашық есік шарасына жиналғандарға әскери қару-жарақтар мен әскери киімдер үлгілері таныстырылды. Бөлім сарбаздары қоян-қолтық ұрыс жаттығуларын көрсетті. Ал облыстық балалар кітапханасында «Ұланымыз ұлы елдің» тақырыбымен атты әдеби-сазды шарасы өтті.
***************
КӨКШЕТАУ
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
7 мамыр күнгі мерекенің көкшеліктер үшін ерекше мән-мағынасы да бар еді. Отан соғысындағы зұлмат шайқастарды елестететін Жеңіс аллеясының таным төрінде атақты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллинге көптен күткен еңселі ескерткіш орнатылды. Елеулі оқиғаға қатысты жұртшылық жиынын Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин құттықтау сөзбен ашып, ескерткіш жамылғысын түсіру құрметі Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік офицері Еділ Елжас пен Көкшетау техникалық институтының оқу озаты Бексұлтан Рахымбаевқа берілді. Міне, ақ жайма айқара ашылып, Батыр Мәліктің тұтастай қоладан құйылған 3 метрлік асқақ бейнесі ел-жұртпен қайта қауышқандай қуанышты әсерге бөледі. Ескерткіш авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Тоқтар Ермековке ризашылықпен қол шапалақталды. Мүсін маңы гүл шоқтарымен көмкерілді.
Батырдың туысы, «Банк позитив Казахстана» АҚ департаментінің директоры Мәдина Батпенова, немере інісі Жанатай Бекенов, Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабеков батыр жерлесіміздің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында бой көтерген ескерткіштің халық рухын көтерудегі орны ерекше екендігін атап өтіп, айтулы шараға ықпал жасаған облыс басшылығына рахметтерін жеткізді.
Салтанатқа қатысушылар мен әскери шеп түзеген жауынгерлер Абылай хан алаңына бағыт алды. Мұнда өңір басшысы жиналған қауымды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, бірқатар әскери қызметкерлер мен соғыс және тыл ардагерлеріне С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов, Б.Момышұлы атындағы ескерткіш медальдар мен Алғыс хаттар тапсырды.
Алаңның көрнекті жеріне орнатылған зәулім экраннан диктордың ел жүрегі Астанадағы мерекелік әскери парадтың басталғаны туралы хабары жетті. Қайысқан халық оны тік тұрып тамашалады. Жұртшылық Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың парадты қабылдаудағы сөзін ықылас қоя тыңдады. Сондай-ақ, облыс тұрғындары айбынды сапта өткен Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының оқушыларына қошемет көрсетті.
Суретті түсірген Ермұрат Досымов.
***************
ҚОСТАНАЙ
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
7 мамыр күні шеруге шыққан қостанайлықтар орталық алаңдағы ілінген LED-экраннан Астанадағы әскери парадты тамашалады. Кешке қарай Сити-орталықта Қостанай қаласындағы әскери-патриоттық клубтар көрсетілімдер ұсынды. Оған «Альбатрос», «Тайфун», «Әскер», «Қайсар», «Ішкі істер министрлігі заң академиясы», әскери-патриоттық клубтары қатысты. Олардың барлығы да облыста танымал ұжымдар. Әр клуб мерекеге жиналғандарға өз бағдарламаларын паш етті. «Альбатрос» әскери-патриоттық клубы биыл құрылғанына он жыл толуын атап өтпек. Клубта 65 курсант жаттығады. Оның төрағасы Сергей Лещенко жастар тәрбиесінде мол тәжірибе жинаған маман-ұстаз.
– Біз бүгін түрлі жаттығулардан үзінділер көрсетеміз. Отан қорғау күні біздің клубтардың басты мерекесі болып табылады. Күн жаңбыр, адамдар қолшатыр ұстап, мереке қызығын көруге қолайсыздау болып тұрған секілді. Бірақ біздің жігіттер үшін ауа райының құбылуы ешқашан кедергі жасамайды. Бүгін де солай. Әдетте, бағдарламамыз ауа райы қолайсыз болғанда қызықты бола түседі. Біздің клубтың ерекшелігі, оған болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін жастар, оқушылар өз еркімен қатысады. 3 жыл бойы олар парашютпен секіруге, су астында жұмыс істеуге жаттығады, спорттың жекпе-жек, бокс секілді түрлерімен айналысады, медициналық дайындық курсынан өтеді. Үш жылда курсанттар әскер қатарында қызмет етуге дайын болады. Отанымызды нағыз осындай жігіттер қорғайды, – дейді Сергей Николаевич.
Қостанайлықтар клуб мүшелері көрсеткен түрлі жаттығуларды қызықтады.Курсанттардың шалт қимылдары әркімнің жүрегінде Отанға деген патриоттық сезімді оятты. Мұнан кейін Қостанай қаласындағы түрлі оркестрлер шеруі болуы тиіс еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты үрмелі аспаптар, қазақ халық аспаптары, орыс халық аспаптары, симфониялық оркестрлер шеру жасамай, Сити-орталықтағы сахнада өнер көрсетті. Мереке қызығы толастаған жоқ.
***************
ҚЫЗЫЛОРДА
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда қаласында «Ұлы Жеңіс – мәңгі ел жадында» атты үлкен іс-шара өтті. Аты айтып тұрғандай, бұл 7 мамыр – Отан қорғаушы күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік салтанат еді.
«Бұл дүниеде біздің жалғыз Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Отанымызды қорғау қасиетті міндет, үлкен мәртебе», – деген еді Елбасы. Тарихқа көз жүгітсек, ел үшін жанын аямаған, кеудесін оққа тосқан батырға кенде емеспіз. Кешегі қан майданда біздің аталарымыз елді қорғап, жерімізді жаудан сақтап қалды. Жеңістің 70 жылдығына куә болып отырған қарттарымыз аман болсын. Ал Отан қорғаушы бейбіт күннің ұландары Тәуелсіздікті тұғырландыруда қызмет етейік», – деді салтанатты басқосуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Елбасының атынан «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін және Құрмет грамотасын табыстады.
1418 күн, 34 сағатқа созылған қан майданның қасіретін ұмыту мүмкін емес. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырларды дәріптеу жалғаса береді. Өкініштісі, қарт майдангерлердің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Соғыс даласынан сыр өңіріне 35 мың жауынгер аман оралса, бүгінде соның 89-ның ғана көзі тірі.
Мерекелік шарада Отан қорғаушыларға да құрмет көрсетілді. Өнерпаздар түрлі қойылымдар қойып, әннен шашу шашты. Сонымен қатар, орталық алаңда сарбаздардың қоян-қолтық ұрыс көріністері, спорттық қойылымдар көрсетілді. Мұнан соң облыс тұрғындары LED-экран арқылы Астанадағы мерекелік шеруді тамашалады.
***************
ОРАЛ
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Отан қорғаушы күні қарсаңында Орал өңірінде Отанды қорғау тақырыбы мен әскери патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар кешені өткізілді. Бұл іс облыстың барлық өңірлерін қамтыды. Мұнда Отан қорғаған ерлердің есімдерін ардақтауға баса мән берілді. Бірқатар аудандарда қасиетті датаға арналған театрландырылған көріністер мен дала қызықтары, ат бәйгесі мәреге жетті.
Кеше облыс орталығындағы Абай алаңында өңірдегі әскери бөлімшелер мен құрамалардың сарбаздары сапқа тұрды. Оларды Отан қорғаушы күнімен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, бірқатар әскери қызметшілерге Елбасы мен Қорғаныс министрлігі және өз атынан мемлекеттік марапаттар, медальдар мен алғыс хаттар тапсырды.
Абай алаңына тұрғындар мен Отан қорғаушы күніне арналған шараларға қатысу үшін келген Қарулы күштер ардагерлері көп жиналды. Халқымыз жаңбыр жауғанды жақсы ырымға балап, нұр деп атамай ма? Алдыңғы күні Ақжайық аспанынан нөсерлетіп жауған жаңбыр кешегі Қазақстан Қарулы Күштері күні сап тыйылып, мамыр айының жұпар иісі шараға қатысушылардың көкіректері мен жан сарайларын одан әрі аша түскендей әсер қалдырды. Ағаштар мен тал-теректер де жапырақ жайып, жасыл түске енді. Құстардың сайраған үндері де сүйкімді-ақ.
Келесі кезекте облыста әскери құрамалар мен Қарушы күштер ардагерлері, Абай алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтар арнайы орнатылған кең экран арқылы ел ордасы Астанада өткізілген әскери шеруді тікелей эфир арқылы тамашалады. Бұдан алған әсерін әскери қызмет ардагері, отставкадағы полковник Лұқпан Мұқанбедиев газет тілшісіне былайша жеткізді.
– Бүгінгі қазақстандық армия саны жағынан да, сапалық тұрғыдан да жан-жақты жетілгенін көрсетті. Әсіресе, отандық Қарулы Күштері өкілдерінің кәсіби шеберліктері сала ардагерінің көзімен қарағанда ерекше сүйсіндірді. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей Қарулы Күштеріміздің айбыны, олардың өршіл рухы Астанада өткізілген әскери шеру кезінде айқын байқалды.
***************
ӨСКЕМЕН
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Өскеменде Ертістің сол жағалауындағы этносаябақ кешенінде өткен шара Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылды. Айта кеткен абзал, аталған шараның шығысқазақстандық 109 Кеңес Одағының Батырына арналған әскери қорық-мұражайда өтуі өңір тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық ұйымдар, жастар үшін тағылымдылығы мен ел мен жерге қызмет етуді насихаттаудың тиімді жолы болып отыр. Қарулы күштер ардагерлерін құттықтауға олардың әскери қызметті бірге атқарған қызметтестері мен отбасылары да келді.
– Қазақстан армиясының құрылуы мен қалыптасу кезеңі елдегі экономикалық тоқырау жылдарына тап келіп, біраз қиындықтарды өткерді. Сондай қиын кезеңде басты мақсат өзіміздің қуатты әскерімізді құру еді. Бұл міндетті орындау үшін Жоғарғы Бас қолбасшы қолдан келген көмектің барлығын жасады. Соның нәтижесінде, бүгінде еліміздің айбынды армиясы қалыптасты, – деді «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Төкен Біләлов.
Осыдан кейін Шығыс өңірінде Қазақстан Қарулы Күштерінің 44 ардагері екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Салтанатты шарада ардагерлер әскери шатырлардағы дала асханасынан дәм татты. Сонымен бірге, шығысқазақстандықтар арнайы алаңдарда Астанада өткен әскери шеруді тамашалады.
***************
ПАВЛОДАР
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Облыс орталығында Отан қорғаушы күні мерекесінде күні соғыс және еңбек ардагерлері, бүгінгі күннің жас сарбаздары, қала тұрғындары Даңқ әскери саябағында соғыста қаза болғандар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан бір күн бұрын осы саябақта қала әкімдігі 7 соғыс ардагеріне жаңа пәтер кілттерін табыс еткен болатын. Бұдан кейін жиналғандар облыстық музейде ашылған «Ерліктің үлгісі» атты фотокөрмемен танысты. Осы жерде балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Елін қорғау – ерге серт» атты концерт өтті. Осыдан кейін ардагерлер орталық алаңда орналасқан үлкен монитор экраннан Астанадағы әскери шерудің тікелей көрсетілімін тамашалады.
– Біз экран арқылы еліміздің әскери қуатының қаншалықты мықты, тегеурінді күшке айналғанын көріп таңғалдық. Бұл әскери шеру Қазақстан армиясының күш-қуатын паш етеді, – деді «Замандас» ардагерлер ұйымының басшысы Қабиболла Шәкәрімов.
Астанада өткен парадты көрген Виталий Хан, Павел Мальцев сияқты соғыс және еңбек ардагерлері де таңданыстарын, еліміздің әскери күшінің сенімді қолда, мығым екендіктеріне қуанатындарын жеткізді. Тікелей көрсетілімнен соң, соғыс және еңбек ардагерлері, қала тұрғындары орталық алаңдағы мерекелік концертті тамашалады.
Сол күні түс кезінде «Достық үйінде» «Жеңiмпаздар-Победители» атты Жеңістің 70 жылдығына арналған естелік-кітаптың тұсаукесері болды. Кешке таман Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында майдан тақырыбына арналған «Күтпеген кездесу» атты қойылым өтті.
***************
ТАЛДЫҚОРҒАН
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Отан қорғаушы күніне орай, Талдықорғанда мерекелік шаралар таңертеңгілік Даңқ стеласынан басталды. Ардагерлер мен тұрғындар Ұлы Отан соғысы құрбандары мен әскери қызмет кезінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіз тұрды. Осы сәтте сап түзеген Талдықорған әскери гарнизонының сарбаздары қайтпас қайсарлық пен өшпес ерліктің өнегесі болған аға буынның құрметіне бас иіп, құрмет көрсетті. Шараның салтанатты бөлігі І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасты.
«Бабалар ерлігін жалғастырған бүгінгі сарбаздар мен офицерлерге деген құрмет жылдан жылға артып келеді. Отан қорғаушы күнін мемлекеттік дәрежеде атап өту – осының айқын дәлелі», деген қала әкімі Ермек Алпысов бірқатар әскерилерге Құрмет грамотасы мен Алғыс хат тапсырды. Мерекелік шара «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласып, күндізгі сағат 11-де жиылған жұрт орталық алаңдағы үлкен монитор арқылы Астанадағы әскери парадты тікелей эфирден тамашалады.
***************
ТАРАЗ
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қасиетті Әуиеата жерінде кең көлемде аталып өтті. Бұл мерекеде жамбылдық жұртшылық саламатты өмір салтын насихаттап, жаппай спорттық шараға қатысты. Сонымен қатар, мәртебелі мерекеге орай салтанатты жиын өтіп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұртшылықты айтулы датамен құттықтады. Аймақ басшысы бұл күннің мәні мен маңызына кеңінен тоқталып, әрбір ер жігіттің өз Отанын қорғауы азаматтық парызы екенін айтып, Жеңісті жақындатып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған ардагерлерге алғысын білдірді.
Ал спорт деннің саулығы деп білетін велошабандоздар таңертеңнен бастап Достық алаңына жиналды. Мақсат – саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту. Игі бастамаға мыңнан аса адам қатысты. Жарысқа қатысушылар қашықтығы 7 шақырымдық жерді жарты сағатта жүйткіп өтті. Велосипед ерттеп мінгендердің қатарында мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, белгілі спортшылар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Тұрғындардың көздегендері – жүлде емес, жұртқа жұмыла үлгі көрсету.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков: «Саламатты өмір салтын насихаттауға арналған мұндай шаралар көпшіліктің спортпен айналысуына ықпал етері анық. Бүгінгі мейрам мұнымен аяқталмайды. Алда мерекелік шеру өткізіліп, одан әрі патриоттық әндер концерті жалғасады», – деді.
***************
ШЫМКЕНТ
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Шымкенттегі «Түркістан» салтанат сарайында Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік жиынға 2000-ға жуық қала тұрғыны мен қонағы қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, барша өңір тұрғындары мен әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады.
– Осыдан 23 жыл бұрын құрылған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері ел азаматтарының еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтті. Уақыт талабына сай әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығайып келеді. Бар ғұмырын Отан қорғауға арнап, қызметін мінсіз атқарып келе жатқан жауынгерлерге алғысымыз шексіз. Ұлттық әскеріміздің айбыны артып, Тәуелсіз еліміздің тұғыры қашанда биік болғай! – деген облыс басшысы өңірдегі әскерилерді мінсіз қызметі үшін медальдармен, грамоталармен марапаттады.
Жиылған көпшілік Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған Астанадағы әскери парадты тікелей эфирден тамашалап, тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери құрылымдардың айбынына масаттанды, көңілдеріне қуаныш орнады. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, шымкенттіктерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жиылған жұртшылық ел үшін қорған болар айбынды әскеріміз бен ондағы сарбаздардың Отанға деген ыстық ықыласына, ерік-жігеріне куә болып, тәубе деп тарқасты.