08 Мамыр, 2015

Шеру куәгерлерінің пікірі

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

egemen (35)

Мұқан БАЛАПАНОВ, соғыс ардагері:

– Отан қорғаушы күніне орай әрі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылып отырған мына әскери шеру тұғырымыздың мықтылығын паш етті. Ұлы Отан соғысына қатыстым. Жасым 92-де болса да қазіргі жасалып жатқан жақсылықтардың барлығынан хабардармын. Еліміздің алға қойған ауқымды міндеттері жүзеге асуы үшін Елбасы Н.Назарбаевтың қайта сайлануы көңілімізді қуантты.

Сонау сұрапыл соғыс басталғанда мен 17-18 жасар балаң жігіт едім. Сталинградтағы қиян-кескі ұрысқа араластым. Беларусь пен Польшаны азат ету кезінде жараландым. Екінші топтағы мүгедектігім бар. Кейінгі ұрпаққа айтарым, бірліктеріңді сақтап, біздердің басымыздан кешіргенді енді қайтып көрмеңдер. Алла амандығын берсін. Қазақстан мәңгілік болып, қазағымның мәртебесі әрқашанда арта берсін!

 egemen (36)

Амангелді СҰЛТАН,

Армия генералы С.Нұр­ма­ғанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің шәкірті:

– Бірінші рет әскери шеруге қатысып отырмын, көңіл-күйім жақсы. Өзім Қызылорда қаласынан боламын. Қазір «Жас ұлан» мектебінде 8-сыныпта оқимын. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан аталарыма алғысым шексіз, өйткені, олар қазіргі тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға атсалысты. Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай өткізіліп отырған мына әскери шеру де сол батыр бабаларымыздың ерлігін кешегі қиян-кескі соғыста қайталаған аталарыма арналып отыр.

Менің ендігі тілегім, аспанымыз ашық болып, ардагерлеріміз құрмет пен қолдауға ие бола берсін. Болашақта мен де солар сияқты аянбай өз Отаныма қалтқысыз қызмет етіп, қажет болса қолыма қару алып қорғаймын да.

 egemen (37)

Татьяна ПЛОТНИКОВА,

үй шаруасындағы әйел:

– Әскери шеруді тамашалау үшін әдейі балаларымды да ала келдім. «Отан отбасынан басталады», деп жатушы еді. Осы айтулы мерекеде тек отағасын ғана құттықтап қоймай, елмен бірге қуанып, өзіміздің мерекелік көңіл-күйімізді көпшілікпен бөліскіміз келді. Өйткені, біздің мемлекетімізде барлық этнос өкілдері бейбіт жағдайда өмір сүріп жатыр. Адамда бір ғана Отан болуы қажет болса, ол – біздің Қазақстан.

Кешегі өрімдей қыздар мен жігіттердің ортақ Отанымыз болған Кеңестер Одағын қорғауға аттануы және де қиын-қыстауда жауын жеңуі шынымен де үлкен құрметке лайық. Қазір сол соғыс ардагерлерінен арамызда қалғаны саусақпен санарлықтай. Ендігі біздің қолымыздан келетіні, сол ардагерлерімізге барынша құрмет көрсете білуіміз. Балаларымыздың бейбітшілікте өмір сүруіне сол ардагерлеріміз өз жандары мен денсаулықтарын берген жоқ па. Сондықтан да мен өзімнің және отбасымның атынан басымды иіп, үлкен рахметімді айтамын.

 egemen (38)

Еркебұлан ӨМІРЗАҚОВ,

Алматы облысының тұрғыны:

– Елордамызда өтіп жатқан әскери шеруге 16 ардагерімізді Алматы облысынан әдейі алып келіп отырмыз. Сондағы ниетіміз, жан алысып, жан беріскен сонау сұрапыл соғыстағы ардагер­леріміз ерліктерінің еш кетпегенін, қазіргі Астанамыз­дың айшықтанып, әлемге танылып жатқанын өз көз­дері­мен көріп, сезінсін деген ой еді. Шынымен де жеңісті алып берген ардагерлерімізге құрметіміз шексіз.

Кезінде КСРО-ның тағдыры үшін күрескен аталарымыз оны ортақ отанымыз деп қабылдаса, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін де олардың көңіліне қаяу түскен жоқ. Қайта елмен бірге қиындықтарға мойымай, тек жақсылық тілеумен келеді. Сол кешегі жауынгерлеріміздің еңбектері ақталып, қазіргі бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі деп білемін мына әскери шеруді. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!

 egemen (39)

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,

отставкадағы полиция полковнигі:

– Отан қорғаушы күнін мынадай жайма-шуақ күнде қарсы алып жатырмыз. Ренжіп жүрген адам көрмедім, қайта барлығының көңіл-күйі көтеріңкі. Қай жағынан болса да құрметке лайық ардагерлеріміз еліміздің әр өңірінен арнайы келіп, мына әскери шеруді тамашалауда. Егде жасқа келгендеріне қарамай, өз еңбектерінің жанғанын көру үшін келсе, біз де соларға қарап бір жасап қалғандай болдық.

Ерлікке тағзым ете білетін халықпыз ғой. Отан қорғаушы күнінде ардагерлерімізден үлгі алып, жігерімізді жани түссек, соның өзі ел тұғырының мығым болуына өзіндік септігін тигізеді деп сенемін. Әскери шеруге келер болсам, бұл дәстүрлі өткізіліп тұратын шеру жылдан-жылға жаңа әскери қару-жарақтармен толығып, әскеріміздің айбыны асқақтай түскендігіне көз жеткізе түсемін. Көңілім толады. Және де барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын!

Жазып алған Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар