08 Мамыр, 2015

Орындауға күш салайық

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгінде дүниедегі мұқым қазақ пен қазақстандықтар тарих парағына алтын әріппен жазылған ең айтулы күндерін басынан өткізуде. Әлемде территориялық жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақ елі бесінші мәрте Президентімізді сайлап, тағына отырғыздық. Табиғат пен адам егіз ғой. Сайлау күні де, ұлықтау күні де ауа райы жадырап, елдің сәнін келтіріп, қуаныш сыйлады. Осылай халық өзінің жүрек қалауындағы Президентін таңдады. Мен болса да егемен еліміздің бүгінгі биігіне жетуіне жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн-түн демей елімізді басқарып отырған ұлы азаматымыз – Нұрсұлтан Әбішұлына дауысымды бердім. Айтқан болар едім, Назарбаев – Тәуелсіз мемлекетіміздің патриархы. Өйткені, осы кісі біздің республиканы қалыптастырып, өрісті жолға сілтеп отырды. Мен бір кезде: «Замандастар, көкжиекке көзді салайық, Нұрекеңнің бастауымен Мәңгілік Қазақ еліне ретті, ізетті жолмен жетейік» деп айтып едім. Біле білсек, бүгінде тек көш­басшымыздың арқасында тыныш­тықта, бейбіт өмір сүріп отырмыз. Бұл кісі алысты көздейтін, алысты болжай алатын үлкен мемлекет қайраткері, әрі бірегейі. Айтқан болар едім, бүгінгі күні Нұрекеңнің беделі дүниежүзіне белгілі. Қазір әлемде 200-дей мемлекет болса, соның ішіндегі көріктісі де, қазынасы бай да Қазақстан Республикасы. Міне, Сіз осындай елді аралап көрдіңіз бе? Мен көрдім. Өзім жыл сайын кең-байтақ Қазақстанымды көлікпен бір аралап өтемін. Менің қуанатыным, әрбір қалаға, ауданға барсаң көретінің құрылыс крандары. Құрылыс крандары болды деген сөз, ол елді мекенде мектеп, аурухана, мәдениет орталығы салынып жатыр деген сөз. Сондықтан қай кезде болса да, қайда жүрсек те өзіміздің көшбасшымыздың саясатын әр уақытта қолдап, оны баянды етуге, Елбасының қабылдаған бес институттық реформасын, 100 қадамын орындауға күш-жігерімізді салайық деп халыққа үндеу тастағым келеді. Бұл ойымды халық қолдайды деп сенемін. Олай болса, тоқсанға таянған жасымда Елбасына аман болып, денсаулығы мықты, еліне қалқан бола берсе екен деген батамды беремін. Сұлтан САРТАЕВ, академик. АЛМАТЫ. Суретті түсірген Айтжан МҰРЗАНОВ.