08 Мамыр, 2015

Құжаттар сыр шертеді

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

egemen (1)

Астанадағы Ұлттық музейде «Сталинград шайқасы» музей-қорығы және Ресей әскери-тарихи қоғамының Волгоград бөлімімен бірлесіп Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің, Ресей Мәдениет министрлігінің және «Хабар» агенттігінің қолдауымен Ұлттық музейдің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында «Жеңіске құрмет!» атты көрменің ашылу салтанаты болып өтті.

egemen (3)

Шараға жиылған қауым бір минут үнсіздік жариялап, өмірден өткен майдангерлердің рухына тағзым жасады.

«Біз бүгін Ұлттық музейге өткеніміз бен тарихымызға құрмет көрсетіп, ерлікке тағзым жасау үшін көрме ашып жатырмыз. Ерлік ешқашанда ұмытылмайды. Бүгінде біз жеңген елдің ұрпақтарымыз деп кеудемізді керіп мақтанамыз. Құрметті ардагерлер, сіздердің ерліктеріңізді кейінгі ұрпаққа дұрыстап жеткізсек, біз үшін үлкен аманат сол. Біз сіздердің алдарыңызда барлық уақытта тағзым етеміз. Сіздердің кеуделеріңіздегі әрбір марапат өр рухтарыңыздың бағасы. Қазіргі жастар сіздердің жасаған ерліктеріңізді есту, көру, білу арқылы өздеріне қуат, жігер, рух алады», – деді көрмеде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.

Сондай-ақ, басқосуда Жеңістің кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық қасиеттеріне тоқтала келіп: «Біз сіздер жасаған ерлікті, сіздер көрген қан майданды болашақ жас ұрпаққа жеткізуді өзіміздің парызымыз деп санаймыз», – деді «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айдос Үкібаев.

Көрменің негізгі бөліміндегі стендтерге «Қазақстан соғыс жылдарында» тақырыбымен қазақстандық дивизиялардың суреттері, мұрағаттық құжаттары, ұрыс жолдарының карталары және осы соғыс барысындағы түбірлі өзгерістің бастауы болған «1942-1943 жылдарғы Сталинград шайқасы» көрмесінің фотоқұжаттық бөлімі қойылыпты.

Кеңес әскерлерінің Сталинградты қорғаған және немістердің Еділ мен Дон өзендерінің аралығына орналасқан ірі стратегиялық тобын талқандаған жауынгерлік әрекеттері 1942 жылдың 17 шілдесі мен 1943 жылдың 2 ақпаны аралығында өтті. Сталинград майданының 120 бөлімінің жеке құрамы мен қызметі орналасқан Батыс Қазақсцтан облысы майдан іргесінде болатын. Сталинград үшін шайқасқа Қазақстанда жасақталған 9 әскери дивизия қатысты. Қазақстан халқының фашизмді жеңуге қосқан үлесі «Соғыстың басы, дивизиялардың жасақталуы», «Қазақстандықтар соғыс майданында», «Қазақстан – майдан арсеналы», «Тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі», «Даңқ шоқжұлдызы», «Батырлар даңқы мәңгі өшпейді! Бұл – өлілерге емес, бұл – тірілерге керек!» атты стендтерден көрініс тауыпты.

Көрменің келесі бөліміне батырлардың жеке заттары, майданнан жазған хаттары, орден­дері мен медальдары, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қарулар және т.б. экспонаттар қойылыпты.

Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Еділ ОРМАНОВ.