Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары осыны айғақтады
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен кеше Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келді.
Қытай Төрағасы Республикамызда өткен президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген бірінші шетелдік мемлекет басшысы болып отыр. Бұл жан-жақты стратегиялық серіктестіктің деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар, екі елдің өзара қарым-қатынасын саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа сатысына шығаруға мүмкіндік беретіндігін де атап өткен жөн.
Жалпы, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастардың қысқаша тарихына тоқтала кететін болсақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 3 қаңтарында орнатылған болатын. 2002 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Бұл бір-біріне шекаралас отырған екі елдің арасындағы мұнан кейінгі қатынастарды айқындап берген ең маңызды құжат болып табылады.
Тәуелсіздіктің 23 жылы ішінде көрші Қытаймен қарым-қатынасымыз жақсарып қана қоймай, сонымен қатар, өзінің сүре жолына түсіп, алыс-берісіміз, барыс-келісіміз жылдан-жылға күшейе түсті. Осы уақыт аралығында екі елдің мемлекет басшылары сан рет кездесіп, екі ел алдындағы келелі мәселелерді келісе отырып шешіп, тату көршілік пен сенімді достықтың нығаюына сындарлы негіз қалады деп айта аламыз. Алып Қытайдың қазіргі басшысы Си Цзиньпиннің бұл жолғы келісі де осыны айғақтай түсті.
Құрметті мейманның келуіне орай Ақордада құрметті қарауыл сапқа тұрды. Мемлекет басшылары қарауыл алдымен өткеннен кейін келіссөзге қатысатын ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Мұнан кейін ресми келіссөздер басталды.
Келіссөздер барысында мемлекет басшылары екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады, соның ішінде аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықтың нығаюына, саудаэкономикалық, инвестициялық, қаржы және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дамуына айрықша көңіл бөлінді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттарға да тоқталды. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық пен үйлестірудің басты бағыттарын сөз етті.
Қазақстан Президенті Қытай Төрағасының еліміздегі президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген бірінші шетелдік мемлекеттің көшбасшысы болып отырғанына назар аударды.
– Осы арқылы Сіз біздің қарым-қатынастарымыздың жоғары мәртебесі мен айрықша маңызын айшықтай түсесіз. Сіз мені телефон арқылы құттықтадыңыз, жеделхат жолдадыңыз, енді, міне, келіссөздер өткізуге келдіңіз. Біз мұны жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-мен тату көршілік қарым-қатынасты жалғастыру Қазақстанның сыртқы саясатының басымдығы болып табылатынын айтты.
– Өзара іс-қимыл жасаған жылдары біз екіжақты ынтымақтастықты сапалы түрде трансформациялай алдық. Біз Қытай Халық Республикасымен ықпалдастықты тәуелсіздік жариялаған алғашқы күндерден бастадық. Содан бері үлкен жолды артқа тастап, тату көршіге айналдық, экономикалық, саяси тұрғыдан сенімді дос әрі сындарлы серіктес болдық. Бізде қарым-қатынастарымызды елдеріміздің мүддесі үшін әрі қарай дамытуға қажетті жағдайдың бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі елдің де жоспары мен нақты белгілеген жұмыстары бар екенін, ол Қазақстан-Қытай қатынастарын мүлде жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасына, сондай-ақ, Қытай басшылығына серіктестікті дамытудағы қолдауы үшін алғыс білдірді.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
– Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен ұйыса түсіп, мемлекет құрылысы мен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа, жарқын табыстарға жету үшін бірлесе күш-жігер жұмсайтынына сенімдімін, – деді Си Цзиньпин.
Қытай Төрағасы Қазақстан-Қытай стратегиялық серіктестігі соңғы жылдары қарқынды ілгерілеп келе жатқанын айтты.
– Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қытай қауіпсіздік саласындағы, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын жан-жақты кеңейтуге, сондай-ақ, халықтарымыздың игілігі үшін өңірлік және халықаралық істердегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын күшейтуге ниетті, – деді Си Цзиньпин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жеткен және Елбасының мемлекетті ұзақ мерзімді дамытуға, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында жүргізіп отырған саясатына Қазақстан халқының зор сенім артатынын айғақтаған кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысына қолдау білдірді.
Қытай тарапы Қазақстанның Еуразияда сындарлы және теңдестірілген қарым-қатынас қалыптастыруға, өңірде және жалпы әлемде тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға, соның ішінде АӨСШК аясында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі халықаралық ұйым құруға, сондай-ақ, Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге байланысты халықаралық бастамаларына қолдау білдірді.
Келіссөздер барысында дүниежүзінде болып жатқан күрделі өзгерістерге орай Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді күшейту қажеттігі жөнінде түсіністікке қол жеткізілді.
Әлемдегі қақтығыстар мен тұрақсыздық ошақтарының ұлғаюын ескере отырып, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін «үш қатерге» (терроризм, сепаратизм, экстремизмге), есірткінің заңсыз айналымы, психотропты заттарға, трансшекаралық қылмысқа, киберқауіпке және басқа да қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күрестегі тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға әзірлік білдірілді.
Халықаралық құқық қағидаларын және БҰҰ жарғысын қатаң сақтаумен қатар, екі мемлекет арасында бұрын жасалған барлық шарттар тармақтарын мүлтіксіз орындауға бейілділік қуатталды.
Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір Жол» тұжырымдамасы бір-бірін өзара толықтыратынын ескере отырып, индустрияландыру және инвестициялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаластық жасалды. Тараптар «Жібек жолы экономикалық белдеуі» аясында Еуразияның үйлесімді дамуына септігін тигізетін «Ұлы Жібек жолының» мәдени белдеуін құруға келісті.
Келіссөздер барысында индустрияландыру және инвестициялар саласындағы бірлескен қадамдар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, сауда-экономикалық ықпалдастықты серіктестіктің мейлінше жоғары деңгейіне шығаратыны атап өтілді.
Қытай тарапы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін барынша қолайлы жағдай жасау ісіне жеңілдетілген қаржыландыру мен арнайы қор құру мәселесін қоса қамтитын жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазақстан тарапы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған жобаларға түрлі мемлекеттік қолдау көрсететін болады.
Тараптар өзара мүдделілік бар энергетикалық, қаржы-инвестиция, көлік-логистика, ауыл, орман шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Мұнымен қоса, екі жақ ішкі және халықаралық, соның ішінде Қытай нарығына да тасымалданатын бәсекеге қабілетті тауарлар өндірісін құруға бағытталған өндірістік жобалар бойынша ынтымақтастықты жандандырады. Инновациялар мен жоғары технологиялар саласындағы, өнеркәсіптің өңдеу және тау-кен салаларындағы, соның ішінде барлау және қатты пайдалы қазбалар кеніштерін жете қайта өңдеу жобаларында, мыс, алюминий өндірісі және басқа да металдар мен олардан шығатын дайын бұйымдар өндірісінде, химия өнімдері өндірісі мен өнімді Қытайға жеткізу саласында ынтымақтастықты дамытуға ұйғарым жасалды.
Мемлекет басшылары жоғары технологиялар рөлінің артып келе жатқанын назарға ала отырып, ғылым және техника, балама энергетика, «жасыл экономика» салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажет екендігін атап өтті. Бұл орайда, Қытай Қазақстанның «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін табысты өткізуіне қолдау көрсететін болады.
Қазақстан мен Қытай үкіметтері басшыларының, Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті мен оның кіші комитеттерінің тұрақты кездесулерін өткізуге байланысты жұмыстарға жоғары баға берілді.
Аталған тетіктер екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы бірыңғай үйлестірушілік және жетекшілік рөлінің, сондай-ақ, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының толыққанды дамуының негізгі шарттарының бірі екендігі ескеріле отырып, қолданыстағы екіжақты келісімдердің нормаларын сақтау жөніндегі түсіністіктің маңыздылығы құпталды.
Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастығын, трансшекаралық көлік инфрақұрылымын дамытудың, екіжақты сауда-экономикалық және шекаралық ынтымақтастықты ілгерілету үшін шекаралық ынтымақтастықтың «Қорғас» Қазақстан-Қытай халықаралық орталығын бірлесіп пайдаланудың, сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығы аталып өтті.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де айтарлықтай маңызды. Соның ішінде Астана қаласында Қытайды зерттеудің еуразиялық орталығын құрудың өзектілігіне назар аударылды.
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан Ұлы Жеңісті құрметпен еске алу ғана жаңа соғысқа жол бермеудің сенімді кепілі болатынын және халықтар арасындағы татулық пен сенімді, тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін атап айтты.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы 2-3 қыркүйекте Қытайға сапармен келу және Бейжіңде өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қатысу жөніндегі шақыруын ризашылықпен қабыл алды.
Си Цзиньпин жылы қабылдау мен сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен тату көршілік қағидаттарына негізделген, өзара сенім, ашықтық және түсіністік жағдайында өткен кездесудің сындарлы сипатын атап өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».