19 Ақпан, 2015

Сенімнен – өзара серіктестікке

252 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Петер СийяртоМажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның Қазақстанға сапарына орай – Қазақстан мен Мажарстан ара­сындағы екіжақты ынтымақ­тастықтың, елдеріміз арасындағы саяси бай­ла­ныстардың екпінін жалпы қа­лай бағалайсыз? – Мажарстан және Қазақстан тараптары бір-біріне жылы ілтипатпен қарайды. Мажарстанды мекендейтін мадияр-ғұндарды Қазақ­станда қыпшақтар деп атайды, жалпы алғанда, мәдениетіміздің, салт-дәстүрлеріміздің түбі  – ортақ, тегі  – бір. Екі ел арасында өзара ілтипатпен қатар, өзара саяси байланыстардың дамуы айқын байқалады. Венгрия мен Қазақстан арасындағы Стра­тегиялық серіктестік туралы декла­рацияға екі ел Премьер-министрлері өткен жылы жазда қол қойып, саяси байланыстарымызды стратегиялық жаңа деңгейге көтерді. Ел басшы­лығының өзара кездесулері дағды­лы түрде өтіп жүр: 2012 жылы Ма­жар­стан Премьер-министрі Вик­тор Орбан Астанаға барды, 2014 жы­лы Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Будапештке са­пар­мен келді, қазір Мажарстан Премьер-министрінің сапарына дай­ын­дық жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар, 2014 жылы 17 қазанда Миланда Мажарстан Премьер-министрі мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Мажар­стан-Қазақстан инвестициялық қорын құру туралы консультациясы өтті. Тараптардың өзара келісіміне сәйкес, Мажарстан да, Қазақстан да қорға 20 миллион доллардан салатын болады. Жақын арада өз жұмысын бастайтын қаржы қорын екі ел арасындағы қатынастарды ілгерілетуге жасалған қадам ре­тін­де қарастыруға болады. Себе­бі, ол, негізінен, шағын және орта кә­сіпорындардың жобаларын қол­даумен айналысады, ал бұл бағыт Қазақстан үшін де, Мажарстан үшін де басымдық болып табылады. Қазақстанның Еуропалық одақ­пен байланыстарын тереңдетуге ұмтылысын және ДСҰ-ға кіру үрді­сін аяқтау ниетін Мажарстан қолдайды.  Жақын арада Қазақстан ұйым мүшесі атанады деп үмітте­неміз. Арақатынасымызда мәдениет саласында және ортақ тарихи мұрамызды сақтауда ынтымақ­тастық рөлінің маңызы артуда. Мәдени байланыстарымызды одан әрі дамытуды қолдау шеңберінде біз жақында Алматыда «Мажарстанның ұлттық күнін» ұйымдастырамыз, іс-шара мақса­ты – қазақстандықтарды Мажар­стан­ның мәдениетімен және гастрономиясымен жақынырақ таныстыру. – Қазақстан Республикасы жә­не Мажарстан арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақ­тас­тықтың қазіргі ахуалы мен бола­шақ мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз? – Біз сауда-экономикалық қаты­настарымыздың дамуына зор көңіл бөлеміз. Қазақстан біз үшін Орталық Азия­дағы ірі серіктесіміз, 2013 жыл­ғы сыртқы сауда айналым 261 миллион доллардан асты және осымен шектелмейді деп сенеміз. Қазақстан дамуының зор көрсеткіштері мен кең ауқымды жоспарлары  («Қазақстан-2050»  Стратегиясы, ЭКСПО-2017) жаңа нәтижелерге қол жеткізуге негіз болып табылады. Қазақстанның өз мақ­саттарына жетуіне зор үлес қоса алатындай, Мажарстан келесі салалар бойынша өз өні­мін, жоғары біліктілігін және алдыңғы қатарлы технологияларын бәсекеге қабілетті бағалармен ұсынады: ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, энергетика және энергетикалық жабдықтар, медицина және фармацевтика, машина жасау, құрылыс индустриясы және қала инфрақұрылымын дамыту, логистика мен көлік, инновациялар, өңдеу өнеркәсібі, туризм, қоршаған ортаны қорғау, су шаруашылығы және қуатты үнемдеу технологиялары. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларына қатысып жатқан мажарстандық кәсіпорындарға Мажарстан үкіметі қолдау көрсету үстінде. Сауда-экономикалық байланыс­тарымызды ілгерілетуде Астана Эко­номикалық форумының маңызы зор, оған жыл сайын мажарстандық үкімет органдарының жоғары лауазымды өкілдері қатысып отырады. Экономикалық ынтымақтастық бойынша Мажарстан-Қазақстан Үкіметаралық комиссиясының отырыстары 2008 жылдан бері дағдылы өткізілуде. Мажарстан үкіметі екіжақты іскери байланыстардың дамуына ерекше маңыз артады. Экспортты ынталандыру мақ­сатында 2013 жылы мамырда Қазақстан елордасында біз Сау­да үйін аштық. Сонымен қатар, Қазақстан нарығында жүрген мажарстандық шағын және орта кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақ­са­тында мажарстандық Эксимбанк 50 миллион доллардан асатын несие беру желісін құрды. Елдеріміздің Сауда палаталары арасында да ты­ғыз байланыс бар. Бірнеше апта бұ­рын Қазақстан Сыртқы сауда палатасының делегациясы Ма­жарстанға сапармен келді, оның ба­рысында ынтымақтастықты те­рең­детуге бағытталған құжатқа қол қойылды. Бірлескен кәсіпорындар мен жобалар санының жылдан-жылға өсуі ынтымақтастықтың зор екпінін растайды. Сонымен қатар, өткен ғасырдың соңына таман Теңіз мұнай кен орнын бірлесіп игеру барысында қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, мыңдаған мажарлар Қазақстанның мұнай саласында қызмет етіп жатыр. – Мажарстан Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптес­тік жөніндегі келісімге қол қою жоспарына қалай қарайды? – Мажарстанның Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік байланыстардың терең­дей түсуіне барынша қолдау көр­сетуі екіжақты тығыз саяси ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болып табылады. Өткен жылы Будапештте біз осы тақырыпқа кең ауқымды бірлескен семинар арнаған болатынбыз. Біз онда Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесу құрметіне ие болдық және алдағы уақытта да осы тәрізді іс-шараларды бірлесіп өткізіп тұрамыз деген сенімдемін. Біз Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасындағы ынтымақтастығының кеңейтілген әріптестік арқасында жаңа деңгейге шыққанын құптаймыз. – Мажарлық жоғары оқу орын­дарындағы қазақстандық студенттер саны күн санап артуда. Білім беру саласындағы ын­ты­мақтастықтың қазіргі жағ­дайы мен болашағы туралы не айтар едіңіз? – Өткен кезеңде біз мажар­стан­дық жоғары оқу орындары оқытушыларының қазақстандық жоғары білім беру бағдарламаларын орындауға белсенді қатысуын бай­қаймыз; мажарлық университеттерде алғашқы қазақстандық студенттер білім алуда, елдеріміздің жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстар нығайып келеді. Мұндай ынтымақтастықтың тереңдеуіне 2014 жылғы көктемде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ма­жарлық Темпус қоғамдық қо­ры­ның белсенді қа­тысуымен ұйым­дастырылған жо­ғары білім беру жөніндегі орталықазиялық және шығысеуропалық форум секілді іс-шаралар өз септігін ти­гізуде. Оның жұмысына 13 ма­жар­­лық университет атсалысты. Сон­дай-ақ, бұл салада ұзақ мерзімді ын­тымақтастық орнату мақсатында 2014 жылы біз Қазақстан Респуб­ликасымен білім беру және ғылым саласын­да екіжақты келісімге қол қойып, оның аясында жыл сайын біздің елдеріміз 45 стипендиатты қабылдап отыр. Қазіргі таңда Мажарстанда Қазақстанның 107 студенті білім алуда. – Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандан­дырыл­ған көрмесін өткізу аясында біздің елдеріміз арасындағы өзара туристік алмасулар әлеуетін қа­лай бағалайсыз? Қазақстан мен Ма­жарстан арасында тікелей әуе қатынасын ашу болашағы туралы не ойлайсыз? – Туризм саласындағы екіжақ­ты ынтымақтастық әлеуеті айтар­лықтай деңгейде қолданылмай келеді. Біз туристік мекемелердің өзара ықпалдастығын, олардың тәжірибе алмасуын, біздің елде­ріміз ұйымдастырып отыр­ған іс-шараларға тиісті мекемелер мен ұйымдардың қатысуын қолдаймыз. Астанада ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесін өткізу Қазақстанға тек әлемдік аренаға шығуға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай сонымен қатар, біздің елдеріміз арасындағы туристік саладағы екіжақты ынтымақтастығымызға да зор ықпалын тигізетін үлкен шара болады деп сенемін. 2017 жылғы сәуір айында Ма­жарстан мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнауына 25 жыл толуын атап өтеміз. Менің ойымша, осы күнді Астанадағы әлемдік көрменің өту кезеңімен тұспа-тұс келуіне орайластыруымыз керек сияқты. Мажарстан-Қазақстан бай­ланыс­­тары деңгейі, соның ішінде біздің елдеріміздің іскер топтарының белсенді ынтымақтастығы Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе жолын іске қосу қажеттілігіне негіз бола түсуде. Бұл мақсатқа қол жеткізуге бағытталған әзірлік жұмыстары сарапшылар деңгейінде басталып кетті, тиісті құжаттар әзірлену үстінде. Менің ойымша, тікелей рейсті іске қосу, біздің көпжақты байланыстарымызды нығайта түсуге өз септігін тигізері сөзсіз. Сәулебек БІРЖАН.