«ЕГЕМЕНДЕГІ» МАҚАЛА ҮМІТІМДІ ОЯТТЫ
Мен де осы қант диабетінен зардап шегіп, айыға алмай жүр едім. Сусамырдың жазылмас дерт деген қағидасына сүйенер болсақ, қанша қазақтың азаматы осы дертпен ауырып о дүниелік болып жатыр. Ғалым Мұсатіллә Тоқановтың ғылыми ізденісі негізде дәлелденіп отырған шұбатпен емделіп айығып кететін болсақ, неге оны қолдамасқа. «Егеменде» жазылған мәселеге талдау жасап, шұбатты сусамырдың еміне айналдыру қазақ ғалымдарының қолынан келетін дүние көрінеді. Ендеше, осы азаматқа қолдау көрсету керек. Шұбатты емдік дәріге айналдыруға сала тізгінін ұстап отырған азаматтар жәрдем берсе, мыңдаған адамдардың сауабын алар еді. Әрі-беріден соң түйе – қазақтың төрт түлігінің бірі, оның сүтінің емдік қасиетін халқымыз баяғыдан білген. Енді оны ғалымдар дәлелдеп отыр. Ерсінбек Мұсабеков. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы.МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ОСЫНДАЙДА КЕРЕК
Мұсатіллә Тоқанов – соңғы бес жылда қазақ баспасөзінде есімі ең жиі аталған ғалым болса керек. Өйткені, оның көп жылғы еңбегінің нәтижесі қазақ еліне ауадай қажет екендігі жайлы облыстық та, республикалық та газеттер жазып, телеарналар көрсетіп жатыр. Бірақ, «баяғы жартас, бір жартас – қаңқ етер, түкті байқамас!» деп, данышпан Абай атамыз айтпақшы, ғалымның еңбегін жарыққа шығаруға тиіс мекемелерден еш қайран болмай отыр. ...Мен өзім мамандығым инженер адам ретінде 1992 жылы Тоқанов сынақтан өткізіп жатқан электромагниттік модуляторға қызыққаным соншама, ғалымның лабораториясына жұмысқа ауысып, бір жыл осы модулятормен Қазақстанды аралап жұмыс істедім. Модулятор дегеніміз не? Модулятор – өзі тудыратын электромагнитті толқынмен әсер ету арқылы өсімдік дәндерінің атомдық құрылысын өзгертетін генератор. Мысалы, су қатып мұзға айналғанда, оның атомының құрылысы – кристалдық торы өзгереді. Тордың өзгергені заттың қасиеттерінің де өзгергендігі. Сол мұзды еріткенде пайда болатын судың қасиеті мұзға айналмай тұрғанға дейінгі судың қасиетінен мүлде басқаша, ол енді емдік қуатқа ие. Өсімдік дәндерінің де атомдық құрылысы модулятордың магнитті толқыны, тұқымның қоректік заттарының әрекеттесуі арқасында өзгеріп, олар жай дәннен сапалы дәнге айналады. Ол суыққа, ыстыққа, шөлге және «ауруға» төзімді, сабағы жуан, өнімділігі жоғары тұқым болып шыға келеді. Магнитті толқынмен өңделген тұқым өңделмеген тұқымнан кем дегенде 20-30 пайыз артық өнім беретін қасиетке ие болады. Ешқандай артық шығынды улы минералды тыңайтқыштарды қажет етпейтін, машина-трактордың аккумуляторына қосып қойып-ақ, бар болғаны 15 минутта, мыңдаған тонна дәнді себуден 7 күн бұрын өңдеп шығатын сол электр магнитті толқын жасақтайтын модулятор әлі күнге өндіріске ендірілмей келеді... Соңғы жылдары М.Тоқанов осы замандағы емі табылмай отырған екі кеселге – сусамыр (қант диабеті) мен обырға (рак) қарсы дәрі-дәрмек түйе сүт өнімдерінен ойлап тауып, қант диабетіне қарсы емдік қасиетті табиғи өнімдер технологиясын өндіріске бүгін ендіруге дайын. Обырға қарсы дәріні бірнеше жыл клиникалық сынақтан өткізу қажет. Осы екі жаңалығына ғалым емдік қасиетті түйе сүт өнімдеріне Отанымыздың 8 патентін алған. Бірақ, жаны қиналып жүрген мыңдаған, жоқ, миллиондаған ауру жандар оның бұл жаңалықтарының игілігін көре алар емес. Неге? Себебі, ғалым жаңалық ойлап табумен айналысады. Және оның басты міндеті де осы. Оның ойлап тапқанын өндіріске ендірумен өзгелер, негізінен мемлекеттік мекемелер айналысуы тиіс. Сондықтан, өзіміздің ғалым ашқан жаңалық, ғасыр дертімен күресуге мемлекет қол ұшын беруге тиіс. Өмірзақ АҚЖІГІТ, журналист.