24 Маусым, 2015

Танбалы

868 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
02 Тарғыл тастағы таңба кімді болсын өзіне ынтықтыра түседі. Таң алагеуімнен жеткізбей қойған жол қажытқандай ма, иен даланың әдемі кейпі дөңгеленген күйі қалып барады. Алдан таңсық суреттей сезімді тербеген сұлу көрініс шақыратындай. Ықылас ауып боз даланы қақ бөлген қара жолмен жеткізбестей көрінген көкжиекке асығамыз. Таңбалы... тым таныс, тым беймәлім әлем... Таңбалы шатқалы Іле Алатауынан енші бөлгендей тым төмендегі Балқаш көліне дейінгі аралықта, сонымен қатар одан озып, шалғайдағы Бетпақтың шөліне дейін еркін созылған Шу-Іле атырабының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жота қойнауын алып жатыр. Бұл өңірде Таңбалы өзенінің аңғарына жақын маң қара күзге дейін өз реңін бермей, шұраттың әспетті кейпін сақтайтыны көңілге медеу болары рас. Осы аймаққа ғана тән, әйтсе де Қызыл кітаптың парағын көбейтіп, қалыңдата түскен өсімдік атаулы өте көп екендігі сізді ойға қалдырар. Оның ішінде өзіндік кескін-келбетімен ерекше назар аудартар. Регел қызғалдағы мен Кушенович юнаны, жаңбырдан кейін дүр көтеріліп көз арбар өсімдіктердің қызылды-жасылды бояуы керуен төбелердің керім суретіне айрықша сән беріп көріктендіретініне рия­сыз сенесіз. Таңғажайып сырлы шатқалдың жер бедері таудың сан миллиондаған жыл әлемінде пайда болған табиғи құбылыстар әсерінен өрілген көрініс екенін геолог мамандардың пайымы аңғартады. Күн астында қарауытқан таудың ұлан-асыр жазықтықпен ара жігінде ұзыннан-ұзақ созылып жатқан көне жарық сызығының жатуы аралығы дәл бөлінгенінің үлгісі іспеттес. Шоқылардың төбелер тізбегіне ұласуы Таңбалы өзенінің аңғарын қалыптастырғандай екен. Тау шатқалына кіре беріс босағаның әсерлі көрінісі каньон кейпін көз ал­дыңызға елестетеді. Өзара әдемі үндескен шоқылардың бейнелері бірімен бірі тізбектеле ұласып, аңғар иіндісінің жарасып әлемі тұйық кеңістіктегі кейіптері анық. Сол жартастардың беттері күндердің күнінде айнадай тегіс қабырға болған да шығар деп те уыз ойға берілесіз. Сан ғасыр бойына түрлі өрнектің тас бетіне түсіп, жылдар әсерінен тотыққан көріністердің кескіні көз жауын алатынына таңданасыз. Табиғат жарықтықтың тосын құбылысының кейде шыдас бермес мінезі де қызық, сондай шайпау сәттерде шырт кетіп қабырғалар шытынап сынатын да шығар. Сондай қиямет сәттерде ашу танытып бұрқ еткенде тас атаулы жік-жақпар болып тау етегінен қалай шыққанын білмей қалатын да шығар... мың сан суреттің кейбір бөлігі төңкеріліп аңғар табанында жатыр. Беткейдегі жалғыз аяқ соқпақ жол сізді кейде ілгерілетіп жоғары көтереді, кейде кілт бұрылған күйі құлдыратып, төменге алып барады. Жартастардың теп-тегіс беткейлері шеберлердің өз ойларын жеткізуге толық мүмкіндік береді, ғасырлар бойы­на ғұрыптық рәсімдерді, қасиет тұтқан жоралғыларды жасаудың киелі орны ретінде пайдалануға ыңғайлы қызмет атқара білді. Оның бір дәлелі жартас етегіндегі бұталарға ақ шүберектің байлануы болса керек. Таңбалыдағы тас бетіне түскен өзгеше өрнекті суреттер айтар сыры сан алуан. Олардың ішінде қола және ерте темір дәуірлеріне, орта ғасырларға және кейінгі кезеңге жататын қорымдар мен қоныстар орны, құрбандық шалу мен петроглифтерге тән ыңғайы келетін ескерткіштер санатындағы өз ерекшеліктерімен назар аңғартар жер. Жүз шақты тас екені де кешеннің ауқымды аумақты алып жатқанын танытады. Бұл жайт көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі 3 мың жылдық тарих шежіресін айғақтар археологиялық дәйек екені мерейіңді өсіреді. Таңбалының байырғы тұрғындары ретінде қазақ жерін біздің заманымызға дейінгі ІІ мың жылдық кезеңде қоныстанған қола дәуірінің тайпалары саналады. Таңбалының алғашқы адамдары – бақташылар өздерін қоршаған табиғат әлеміне петроглифтер таңбалап, тұрғын үйлер мен жерлеу құрылыстарын салып, өзіндік дәстүр мен салттардың жоралғысын негіздей бастады. Таңбалының келер ұрпаққа айтары – дүниенің сан ғасырлық тарихының адуын толқынында қаншама ғасырлар әлетінде ғұмыр кешкен халықтар – сақтар мен үйсіндер, ежелгі түріктер мен олардың жұрағаттары қазақтар үшін бабалардан қалған мұра болып сақталынып, бүгінгі күнге жетті. Аспанда ақ шарбы бұлт. Алатаудың ұшар басынан күн көтерілді. Қопадан өткен жолда біз биік төбеге жетіп тоқтадық. Көлікте келе жатқан «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің бұрынғы қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елеусіз Жампейісұлының айтар әңгімесі көп. Төбе басынан Таңбалы құдды алақандағыдай анық көрінер еді. Алыстан Серіктас мұнартады... Таңбалы кешенінің негізі болып табылатын каньонның қатпарлы жартастарында 3000-ның маңайында петроглифтер бар болса, ал таяқ тастам жердегі тау етегін алып жатқан үлкен қорымның орны арқылы анықталғандай, жерлеу рәсімінің өте көне ғұрып екенінен сыр ақтарады. Ғалымдар бұл ғұрыптардың біздің заманымызға дейінгі ХІV-ХІІІ ғасырлар дәстүріне тән дүниелермен үндесетінін айтса, күре тас жолдан тауға бұрылған маңдағы жазықта табылған б.з.д. 1 мыңжылдықтағы және б.з. 1 мыңжылдығындағы ерте көшпелілердің обалары кездесетіні зерттеуші атаулының тосындау құпиясымен ынтықтыра түседі. Бұл аумақта адамның қоныс ретінде пайдаланбағаны да мына обалар орны мен петроглифтер каньоны рәсімдер жасау үшін діни мақсаттарда пайдаланатын өте ертеден табыну ғұрпын орындайтын жер ретінде киелі мекен саналғаны мақұлдатады. Тау қойнауынан қайнап шығар бұлақ көздеріне тақау орналасқан тұрғындар шоқылардың қысқы жемдер мен кездейсоқ жасалатын шабуылдардан қорғайтынына үлкен үміт артты. Шатқалдың таулық жағдайы жаңа жерлерді таңдауға шектеу қоятындықтан адамдар бір кездері бабалары игерген бөліктерді қайтадан бірнеше мәрте қайыра пайдаланып отырған көне ғимараттар құландыларға айналып, олардың орнына жаңалары пайда болды. Қызығы дегенде еске түсетін дәйек, біздің заманымызға дейінгі қола дәуірінің соңына жататын Таңбалы қонысының ішінде ерекшелеу сипат танытар ошақты тас үйдің жұрты үш метрлік тереңдікте жатуы ойландыруы керек дерек болып кес-кестей береді. Себеп іздейсіз, бұл жерде адамдар ХІХ ғасырдың соңына дейін мекен еткен. Кешен аумағындағы ескерткіштердің бәрі түгелдей дерлік зерттеу жасалынып, зерделеніп біткен жоқ. Алдағы күндері шешімін табар мәселелерді арнайы ғылыми конференциялардың тақырыбы ретінде ұсынылуы ізденіске толы істің бастауы дерсіз. Ел назарын аударар ең маңызды ғылыми дерек петроглифтердің тарғыл тастағы жұмбағы мол таңбаларынан бастау алады. Олардың орасан зор көркем құндылығын айтыңыз. Тарғыл тас болып айшықталған көне жартастың бетіне керемет суреттерді түсірушілер магнийдің, марганецтің, темірдің тотығуынан өрнектер жылдар әлетінде пайда болатын өзгешелікті сезінген дерсіз. Шеберлер тас пен металдың әсерінен түсетін соққы арқылы бейне-бедердің контурындағы тоттың қабатын аршып, көріністерге түрлі реңктік үлгілер беруге тырысқан. Сан жылдарды артқа тастап, ашық түсті бейнелер жартастың қарауытқан түсінде анық көрінеді. Белгілі бір уақыт мөлшерінде бейне-бедерлердің қайта тотығып, қарайып жартас түсіне енген бойы сіңіп жоғалады. Суреттердің өңін қалпына келтіру тотықтарды қайтадан кетірудің, яғни нейроглифтерді жаңадан жаңғырту нәтижесінде ғана жүзеге асатынын осы істің соңына түсіп зерделеп жүрген мамандар алдыңызға тартады. Тақта тастай жартас бетіндегі суреттердің түстері әртүрлі бейнелерді аңғартады. Бұл олардың әр дәуірде, әр кезеңде бедерленгенін айғақтайды. Мәселен, тас бетінде әрең дегенде ажыратылатын сұлбалардың қара түстілері өте байырғы кезеңге, сонау қола дәуіріне жатса, одан бергі ортағасырлық және де осы заманғы бейнелердің түсі ашықтығымен ерекшеленіп тұрады. Тағы бір айта кетер нәрсе, әр кезеңде салынып, бірін бірі айқыш-ұйқыш жауып, астарласып жатқан петроглифтерді де кездестіресіз. Осы секілді бірнеше қабатта шиырлана бедерленген үлгілер мен тотықтардың өңі бейнелердің кезеңдік уақытын анықтауға септік мүмкіндігі орасан. Таңбалы петроглифтерінің жасын дәл анықтаудың бір ұшы археологиялық қазбалар кезінде көне қабірлер мен қаланған құрылыс тастарындағы сурет­тердің бедер-бояуында жатыр. Қазба жұмыстары жүргізілген қабірлер мен байырғы қоныстардан табылған заттарға жасалған радий-көміртек сараптамасы да көне суреттердің жасын анықтауға мүмкіндік берген. Қола дәуірі кезеңіндегі қабірлердің қабырғаларына қойылған тастардың бетіне айшықталған кескіндер ғибадатханадағы бағзы петроглифтердің біздің заманымызға дейінгі ХVІ-ХІІІ ғасырларда өрнектелгенін аңғартады. «Таңбалыға келген сайын көзіңе ерекше ыстық тартып, өзгеше бір сурет тұрады, ол мәңгілік ағаш таңбаланған тасқа соғамын», – деді Елеусіз аға, өткен жылғы бұл тармақтың саяхат жолын бітірдік. Тарғыл тастағы дөңгелене салынған бәйтерек тым ерекше ыстық тартады екен. Буырқанған Наурыз тойының сән-салтанатын айшықтаған күйі жанарға оттай басылды. Алатау жарықтық тым биіктеп кеткендей көз ұшында анық көрінеді... Түркі ғылымы деректермен салыстырмалы негізде анықталған әр дәуірдің қару-жарақтары мен киім-кешек үлгілерінің сипатын пайдалана отырып, петроглифтердің уақыты жөніндегі мағлұматтар өрбиді. Жарық құралдары ретінде қола дәуірі тайпаларында біздің заманымызға дейінгі ХVІ-ХV ғасырларда пайда болған ат арбалар біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың басында, яғни атқа салт мінуді игерген кезде өмір сүрген түркі тайпаларының күрескерлік кейпін аңғартса керек. Сақ дәуірінің петроглифтері жан-жануарларды кескіндеуімен өзіндік мәнерін сезіндіре түседі. Бұл топқа кіретін бедерлер жиынтығы «аң стилі» атауына жатқызылып жүр. Қазақ даласында сирек кездесетін петроглифтердің айрықша үлгісін Алтай мен Моңғолияның аумағында кездесетін суреттер тобы құрайды. Бұдан біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың басында өмір сүрген халықтардың өзара байланысымен қанша араласып жатқанын аңғаруға болады. Ерекше тарихи құн­ды­лықты әр халықтың жартасқа жазып қалдырған сызба бедерлері мен белгілері, таңбаларды құрайды. Ал ол дегеніңіз Таңбалы шатқалы – олар үшін шаттығы мен мұңын, қай­ғысы мен қуанышын, дәстүрі мен ділін, жақсылығы мен қиналысына куә болған тіршілік мекені, келер ұрпаққа айғақтар қасиетті жері. Таңбалыға алғашқы петроглифтердің таңбалануы қола дәуірінің шеберлері еншісіне жатқызылады. Ол кезеңдегі мүмкіндіктің молдығын бедерлердің көлемінен аңғаруға болады. Суреттердің орташа өлшемдері 25-30 сантиметр, ал енді кейбіреулері 60-70 сантиметрден 1 метрге дейін жетеді. Ғибадатхананың І-V топтарының аумағына жататын жартастардағы петроглифтердің бір-біріне салыну әдісі мен үлгісінің мәнеріне келсеңіз, тым ұқсастығы, өзара үндес бір шебердің қолынан шыққандай әсер береді. Жабайы бұқалар, жылқылар мен құландар, қабандар мен қасқырлар іспетті жануарлар бейнелерімен қатар, сол дәуірдің негізгі кейіпкерлерімен бірге берушінің ой-қиялынан туындаған бейнелер де тас бетінен өрнек таба береді, олар: жануарлар терісін жамылған ілмек қолды құбыжықтар, шоқпар мен айбалта ұстаған батыл жауынгерлер және де бастарының айналасында сәуле шашқан бейнелер... Қола дәуірі тайпаларының табиғат құбылыстарына табынған пантеон ғибадатханасының орталық бөлігінде, каньонның ең биік әрі тік жартасында кескінделген. Ол бір тәртіпте әрқайсысы өзінше бейнеленген 7 құдай персонажынан, астыңғы бөлігінде билеп жүрген 10 жауынгердің кескіндерінен тұрады. Бәлкім, байырғы кезеңнің түсінігінде адамдар әлем құрылымын сондай түсінікпен ұғынса керек, пірлер мен бабалар салтын өз танымындай өрнектеп тасқа қашағаны көрініп тұр-ау деп ойлайсыз. Көне петроглифтер белгілі бір бағытқа ыңғайланған жартас беттеріне айшықталған. Каньонның кез келген жартасының алдында арнайы орындар бар. Сол жерлерден қола дәуірінің барлық сызбаларын бір мезетте анықтап қарай алар едіңіз. Суреттер жалғыз бейнеден басталып, үлкен де күрделі поментолық көріністерге ұласып отырды. Жартас бетіндегі таңбалар анық ажыратылады. Таңбалы галереясы өзіне бүтін көркемдік баяндауларды сыйдырған петроглифтерден тұрады. Оның әрқайсысына негіз болып қаланған байырғы тайпалардың көне мифологиясы сыр шертіп жатқандай. Петроглифтерді қызықтау қауымдық ғұрыптар мен рәсімдер кезінде ғана жүзеге асырылып, қасиетті ілім ұрпаққа бір әсерде жеткізілуін негізгі нысана етіп алынса керек деп түйдік. Ең бір айта кететін нәрсе, Таңбалы дегенде онда қола дәуіріне жататын көптеген петроглифтер Орталық Азияда кездесетін жартас бедерлеріндегі бейнелер арасында теңдесі жоқ тастардағы кескіндер ерекшелігі жоғары мәдени маңыздылығынан да көрінеді. 03 Ғасырлар қойнауынан уақыт көмес­кілендірген сартап сырдың ұштығын алдыңызға көлденеңдей тартады. Қола дәуірінің кәнігі шеберлері өздері жүректі шымырлата беріліп пір тұтқан кейіпкерлердің тұңғыш рет түсінік-танымын тербеген кескіндерін тас бетіне бедерлеп қашағаны шығар, оларға бар махаббатын салып, айрықша келбет беруі айтар әңгіменің дәлел-түйініндей әсерге бөлер. Адамдардың ашық аспан астында еркін ландшафты шығармашылықтарына байланыстыра отырып, Күн ғибадатханасын құруы таңғажайып Таңбалының әлемдік маңыздылығын айқындайды. Ерте темір дәуірінің петроглифтері де өз өзгешеліктерімен назар аудартады. Бедерленуіне қарай мамандар оларды пелілер, сақтар, үйсіндер, ғұндар қайсысы ерекше екендіктерін танытуды мақсат тұтқандығын айтады. Жаулап алушы тайпалар өздерінің билігін, қарымын көрсету жолындағы Жетісу өңірінің байырғы тұрғындарын бағындыруға талпынысы еді. Сол беймаза, тынышсыз, үрей билеген кезеңдердің тынысын Таңбалының тарғыл тастары беттеріне салған өрнекті суреттері куәландырып сендіреді. Сақ суретшілерінің әдемі кескіндері мен тұтас картиналары қола дәуірі кезеңіндегі петроглифтер қатарынан орын теуіп, кей жерлерде үстіне салынып, көне туындыны айрықшаландырып тұрғандай көрінеді. Жабайы жануарларды аулау, бұғылар мен тау ешкілерді аңдардың қуғындауын көрсететін жартас бетiндегi суреттер сол дәуiрдің еншісіне жататын. Кезінде негізгі тақырыптың ұстынындай болған пірлердің мифтік образындағы кескіндер шошақ бөрікті аттылы мен жаяу жауынгердің, мал баққан бақташылардың бейнелерімен алмастырылды. Сол кезеңде ғибадатханаларда, қоныстың маңында керек-жарақтар мен меншігінің таңба белгілері пайда бола бастады. Оның кейбірі құрлықтың далалық белдеулерінде кездесетін, Орталық Азия аумағындағы байырғы көшпенділердің тарихи жолын айқындап бере алды. Алғашқы түрік мемлекетінің қалып­тасу дәуірінде жазудың шығуы мен әлемдік діндердің таралу кезеңінде жартастарда бедерлеу мәнерінің, бейнелеу мағынасының елеулі өзгеріске тән болғанын білесіз. Таңбалының аумағын мекендеген жаңа тұрғындарға қола ғасырының таңбалары мен сақ дәуірінің кезінде қашалған петроглифтер танытқан образдар көңілге конбағандай әсерде қалдырады. Каньондағы галереяның негізгі міндеті ұмыт бола бастағанымен киелігі сақталды. Байырғы бедерлерді жаңғырту «күнбастылар» қашалған жартастарды қамтиды, бұл жерлерде пірлердің жаңа бейнелері пайда бола ­бас­тады. Ортағасырлық кезеңнің шеберлері өздеріне дейін тасқа оймышталған көріністерді жоюға тырысқан жоқ, қайта өңдеп, түсінік-танымдарына келетін бедерлермен толықтыруға тырысты. Батыр да жеңімпаз салт атты ту ұстаушы бедеріндегі негізгі персонажға айналса, жауынгерлердің жекпе-жектері дала халықтарының күнделікті тұрмысының мәнін ашып көрсетеді. Үстінде адамы бар пілдің бейнесі ерсі көрінгенімен, Ұлы Жібек жолы кезіндегі мәдени байланыстың жарқын көрінісін білдірсе керек. Осы материалдың жазылуына көмек қолын созған «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің директоры Ерлік Әлімқұловқа шын алғысымызды жеткізгіміз келеді. Таңбалының сан қиырға тарқатылған тарау-тарау соқпақтары тарих парақтарын ұқтырар сыры да орасан. Көріңіз, айғақтар мәні де өзіндік қасиетімен ерекше шығар деп ойлаймын. Сұңқарсай сонысымен қызық, әрбір тастағы таңбаны санамалап, жүрекпен жеткізер Елеусіз Жампейісұлы соңғы жылдары сіңірген еңбегінің қайсысын айтар, бәлкім, сол ізденістің бір бөлігі мына Сұңқарсайда тұнып тұрғай. Таңбалының шыға берісіндегі тік көтерілер шың басындағы құс ұя салған ерекше пейілмен түсіндіріп жатты. Ен даладағы тау басында кеудені кере тыныс аламыз... Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.