Соңғы жылдары медицинада ерлер денсаулығы жайлы жиі мәселе көтерілетін болып жүр. Өйткені, тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде ерлер денсаулығына мемлекет тарапынан көңіл бөлінбегені бүгінде айқын көрініс табуда. Статистикаға жүгінсек, елімізде жыл сайын 15-60 жас аралығындағы қыздар мен әйелдердің 100-і қайтыс болса, 15 пен 60 жас аралығындағы бозбала мен еркектердің 228-і қайтыс болады екен. Салыстырсақ, бұл көрсеткіш тіпті 2,3 есеге жеткен.
Ұлттың санын арттыру үшін ерлер денсаулығын нығайтуды мықтап қолға алатын уақыт әлдеқашан туған болатын. Алайда, бізде ана мен бала денсаулығына баса назар аударады да, ерлер денсаулығы ұмыт қала береді. Осы сұрақтардың жауабын іздеп, Алматыдағы «Урология Ғылыми Орталығы» (УҒО) АҚ басқарма төрағасының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары Ілияс Мұхамеджанға жолыққан болатынбыз. Ол кісі:
Мәселе емделуге тірелгенде жалған намысқа беріледі. Себебі, ерлердің басым бөлігі өз ауруын мойындағысы келмейді. Кінәні әйелге аударуға бейім тұрады. Сөйтіп жүргенде бойларындағы кеселді асқындырып алады. Нәтижесінде ерлер көбінесе, біздің орталыққа ота жасатуға келеді, – дейді.
Саламатты өмір сүру – әр адамның парызы. Әркім өз денсаулығына жауапты қараса, өмір сүру сапасы жоғары, ғұмыры ұзақ болады. Көп жағдайда ерлердің ауру диагноздары ерте анықталмайды. Дәрігерге қаралмағандықтан, қайсыбір кесел қатерлі ісікке айналып, науқас адам қайтыс болуы да мүмкін. Шындап келгенде, ата-ана баланы жастайынан дәрігерге көрсетуі керек. Ер баланың ұмасы жұмыртқасына уақтылы түсуі керек, ал ата-анасы осыны қадағалауы қажет. Жастардың 40 пайызы жыныстық жолмен берілетін аурулармен ауырады. Осындай факторлардың салдарынан, елімізде ерлердің өмір сүру ұзақтығы 65,7 жас, ал әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 74,3 жасқа жетеді. Әрине, бұл да Ілияс Тұңғышқанұлының пікірі.
УҒО-ның басқаруымен 2006 жылдан бері ерлер денсаулығын нығайту мақсатында екі ғылыми-техникалық және бір гранттық бағдарлама қолға алынуда. Сонымен бірге, орталық мамандарының бастамасымен облыс қалаларында «Ерлер денсаулығы мектебі» орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда осы орталықтарда қырық жастан асқан ерлерді скринингтік тексеруден өткізу, урологиялық аурулар асқынуының алдын алу және ауру түрлерін ерте анықтау үшін сауықтыру шаралары өткізілуде. Ерлердің ұрпақ өрбіту жүйесі ауруларын емдеу және ауру түрлерін анықтауда жаңа технологияларды іске асыру, андроурология мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту жолға қойылуда. Сондай-ақ, орталық дәрігерлерінің біліктілігін арттыруда аккредитациялық шаралар іске асырылуда.
УҒО-ның 4021 бала мен ерлер арасында арнайы жүргізген зерттеу мәліметтері бойынша, олардың 83,3 пайызында уроандрологиялық аурулар анықталған. 16,7 пайызының ғана денсаулығы жақсы болып шыққан. Ал техногендік аймақтарда (мұнай өңдеу т.б.) жұмыс істейтін ерлердің 63,5 пайызының, түсті металл өндіретін кәсіпорындарда еңбек ететін ерлердің 53,2 пайызының еркектік қабілеті бұзылғаны белгілі болған. Еліміздегі ұрпақ жалғастыру жасындағы ерлерге жүргізілген скринингтік зерттеу нәтижесі бойынша, 56,3 пайызында төсек қатынасына қабілеті төмендегені, 30,4 пайызында ұрпақ өрбіту қабілеті әлсірегені, ал 42,2 пайызында жыныстық жолмен таралатын аурулар бары анықталған.
Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде несеп тасы аурулары жетінші орында екен. Осы аурудан қайтыс болу 2,3 және 3 пайызды құрайды. Ал еліміз бойынша урологиялық аурулар бесінші орында. 100 мың адамға шаққанда 359 адам урологиялық аурулармен ауырады. ОҚО, ШҚО, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында несеп тасы ауруларының көрсеткіші жоғары.
Үнемі ұлтымыздың саны тым аз деп жанымыз ауыратыны рас. Ұрпақ өрбітетін жастағы ерлер денсаулығын нығайту мемлекет тарапынан түбегейлі қолға алынбаса, статистикалық көрсеткіштер бір күндері төбе шашымызды тік тұрғызбасына кім кепіл? Бүгінгі таңда орталықтың филиалдары еліміздің он аймағында жұмыс істеуде. 2014 жылы бағдарламаның «Ерлер денсаулығы мектебі» шарасы басталды. Кешенді бағдарламада ерлерді денсаулығын күтуге үйрету, ауру түрлерінің әлеуметтік факторларын анықтап, асқындырудың алдын алу, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасын оқыту шаралары толық қамтылған. Перзентсіз ерлі-зайыптыларға көрсетілетін медициналық көмектің заманауи әдістерінің клиникалық, экономикалық стандарттарын әзірлеуді іске асыру да орталықтың негізгі мақсаттарының бірі.
Ерлер денсаулығына немқұрайды қараудың салдарынан ұлттың демографиялық өсімі қарқынды дамымай отыр. Әрине, демографияға кері әсер ететін өзге де әлеуметтік факторлар жеткілікті. Алайда, ерлер денсаулығы – халық өсіміне оң ықпал ететін бірінші әлеуметтік фактор болып саналады.
Қазіргі ер-азаматтардың басым бөлігі зейнет жасына дейін өмір сүрмейді екен. Сондықтан да, ерлер денсаулығын кешенді зерттеп, қорғау үшін Б.Жарбосынов атындағы УҒО-ның ұйытқы болуымен «Ерлер денсаулығы, өмір сапасы, пәнаралық тәсіл» деген тақырыпта Алматыда өткен дүниежүзілік конгресте, ерлер мүддесін қорғайтын «Ұрпақ жалғастыру денсаулығы», «Сексуалдық денсаулық туралы» заңдар әзірлеп, қабылдау туралы қаулы қабылданды. Ғалымдар әсіресе, балалар уроандрологиялық қызметін дамытуға баса назар аударды.
Дүниежүзі ғалымдарының жанайқайына айналып отырған ерлер денсаулығы мәселелерін түбегейлі шешу мақсатында қолға алынған бағдарламалар Үкіметтен қолдау тауып, қажетті қаржы бөлінсе, мамандардың еңбегі жанар еді.
Алматы қаласындағы Урология ғылыми орталығында 130 орынға арналған андрология, несеп тасы аурулары, жалпы урология, өңдеу және пластикалық урология, сондай-ақ екі ақылы бөлім халыққа қызмет көрсетеді. УҒО ұлт денсаулығын сақтауда еліміздің даму стратегиясын айқындаушы және урологиялық ауруларды емдеуде озық технологияларды таратушы жетекші мекеме санатында елге қызмет етуде. Мұнда жоғары санатты дәрігерлер, ғалымдар еңбек етуде. Жаңа инновациялық технологиялар базасында ұрпақ өрбіту жасындағы ерлердің урологиялық ауруларын емдеу және түрлі оталар жасау жүзеге асырылады. Орталық ғылыми дәрежесіне қажетті заманауи зерттеу аппараттарымен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Науқастардың ауру түрлеріне сәйкес тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, порталға тіркеліп, орталыққа келіп емделуге құқы бар.
Орталықта есімі әлемге танымал мамандар – УҒО-ның басқарма төрағасы, м.ғ.д., профессор, ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мырзакәрім Алшынбаев, өңдеу және пластикалық урология бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.д., профессор, лапороскопиялық ота әдістерін жастарға үйретуші, «алтын скалпель» иесі Сүният Құсымжанов, андрология бөлімінің меңгерушісі, жыныс ауруларының білгір маманы, м.ғ.д., профессор Марат Мақажанов, несеп тасы аурулары және эндоурология бөлімінің меңгерушісі, эндоурология ісінің алтын қолды дәрігері, м.ғ.д., профессор Малих Мұхаммад Ареф қызмет етеді. Басқарма төрағасының клиникалық істер жөніндегі орынбасары, м.ғ.к. Марат Батырбеков, басқарма төрағасының әкімшілік-экономикалық істер жөніндегі орынбасары Ерлан Мұсабеков, тағы басқалар өз істерін жетік меңгерген іскер мамандар.
Қазақстандағы урология істерін дамытуда көшбасшы мекеме қызметін атқарып отырған УҒО-ның академигі Бейнеш Жарбосыновтың ізгі арманын іске асырып, ел құрметіне бөленіп келеді. Ұжымның басты мақсаты – ұлт денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп, өмір сүру сапасын жақсартуға, халықтың демографиялық өсімін арттыруға үлес қосу болып табылады.
Иә, әр адамның денсаулығы өз қолында дегенімізбен, халық даналығы: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегенді» еске салады. Өз денсаулығымызды өзіміз сақтай білсек, мемлекетіміздің дамуына титтей де болса үлес қосар едік. Он екі мүшесі сау еркектен дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Осы жауапкершілікті ерлер әрқашан есте ұстаса екен.
Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ.