Әлем • 16 Қазан, 2025

Әлемде аштық қаупі күшейді

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) жаһандық қаржыландыру тапшылығы салдарынан 13,7 миллион адамның қатты аштық қаупінде тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz..

Әлемде аштық қаупі күшейді

Ұйым өкілдерінің айтуынша, донор елдерден бөлінетін қаржы көлемінің күрт азаюы, қақтығыстар мен климаттық дағдарыстардың күшеюі гуманитарлық көмек жүйесін тығырыққа тіреп отыр. Соның салдарынан бұрын тұрақты түрде азық-түлік көмегін алып келген миллиондаған адам енді күнделікті тамақтану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Биылғы жылы БҰҰ бағдарламаларына арналған қаржы көлемі соңғы он жылдағы ең төмен деңгейге түскен. Әсіресе Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі жағдай күрделі. Судан, Сомали және Йеменде аштық деңгейі қауіпті шекке жетіп, тұрғындардың жартысынан астамы азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Сарапшылар дағдарыстың негізгі себептерін қарулы қақтығыстардың күшеюі, климаттың өзгеруі мен құрғақшылық, сондай-ақ әлемдік экономиканың баяулауымен байланыстырады. Соғыс пен апаттар салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдері азайып, азық-түлік бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген.

WFP бас директоры Синди Маккейн халықаралық қауымдастықты тез арада әрекет етуге шақырып, «Аштық – табиғи апат емес, ол адамдардың әрекетінің салдары. Егер біз бірлесе қимылдамасақ, миллиондаған адам өмірінен айырылуы мүмкін», деді. Өткен жылы WFP шамамен 150 елде 120 миллион адамға көмек көрсеткенімен, биыл ұйымның бюджеті 30 пайызға қысқарып, көптеген гуманитарлық жобалар уақытша тоқтатылған.

БҰҰ мәліметіне сүйенсек, бүгінде әлемде 830 миллионға жуық адам тұрақты түрде аштықтан зардап шегуде. Бұл соңғы он бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылардың пікірінше, аштықпен күрес тек қаржылай көмекпен емес, сонымен қатар бейбітшілік орнату, климаттық саясатты күшейту және әділ сауда жүйесін дамыту арқылы ғана нәтижелі болмақ.

Соңғы жаңалықтар

Қарасай ауданында тартысты көкпар өтті

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025

Қобыз бен киіз үй ЮНЕСКО тізіміне енді

Мәдениет • 11 Желтоқсан, 2025

Иран Президенті Жүрек орталығына барды

Денсаулық • 11 Желтоқсан, 2025

Оралдан Ташкентке әуе рейсі ашылады

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025