09 Мамыр, 2015

АТАЛАРЫМ – АЙБЫНДАРЫМ

572 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 70 жыл толып отыр. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған республикаларда айтулы оқиға айрықша аталып өтілмек. Жер-жерде, ел-елде Жеңіс жеңімпаздарына аса құрмет көрсетілуде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің айтулы датасына айрықша мән беріп, соғыс майдагерлеріне құрмет көрсету жөніндегі республикалық акцияны өткен жылдың соңында-ақ бастап жіберді. Қалада да, далада да бір майдангер естен шығарылмай сый-сияпатқа бөленді. «Ерлік те, ешкім де ұмытылмайды», «Ер есімі – ел есінде» деген қанатты сөздердің өміршеңдігі осылайша іс жүзінен көрініп отыр.

Менің де бүгін қолыма қалам алдырып отырған осы соғыс­қа қатысқан аталарымның құдіреті болып отыр десем артық айт­қаным емес. Ақмола облысының шалғайдағы шап-шағын Жалманқұлақ ауылынан Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар аз болмаған екен. Тағдырдың жазуы­нан болар, соғыстың жарасы мен азабынан қаншама жерлестеріміз жер жастанып, мәңгілік мекенін майдан даласынан тапты. Бір көлдің екі жағына қоныстанған, адамы ағайындас, малы қоралас болған Жалманқұлақ және Қоңыртүбек ауылдарынан соғысқа аттанып, майдан даласында қаза тапқан майдангерлердің бәрінің есімі жетпісінші жылдары ауыл мектебінің директоры болған, мыңболғыр, Қимаш Алисовтың ұйымдастыруымен ауыл ортасынан бой көтерген тас ескерткіште қашалып жазылып тұр. Бұл ескерткішті тұрғызуға рұқсат алу үшін бастамашыл топ КСРО Министрлер Кеңесіне, Қорғаныс министрлігіне қат-қабат құжаттар өткізіп, ескерткіш қабырғасына жазылатын адамдардың жөні туралы сараптамалар жасап, зерделік жұмыстар жүргізді. Бұл ретте шаруашылық директоры Сұлтан Насыров, ауылдық кеңес хатшысы Дайырбек Қуанышев, мектеп мұғалімдері Қуат Байтұя­қов, Николай Товстый, Сәмен Айбеков, Болат Балжанов, Орақ Жабаев, Дүйсен Бозжігітов, Марат Латфулин және басқа да ауыл азаматтары еселі үлес қосты. Осылайша, ауыл-аймақ тұрғын­дары үшін Жеңіс күнінде осы ескерт­кішке келіп тағзым ету дәстүрі қалыптасты.

 Ал соғыстан аман-есен, бірі жараланып, енді бірі әскери қызметін бітіріп туған ауылына оралған ардагерлеріміз бейбіт өмірдің еңбек майданында да қажырлық танытты. Бүгінгі ұрпақ сол ардагер аталарымыздың өнегесін көріп өстік. Ауылымыздың дамуына, яғни Калинин атындағы совхоздың шаруашылығын өркендету үшін олардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз болғаны сөзсіз.

Жақында үйдегі ескі фото­су­реттерді ақтарып отырып, мына бір көмескі суретке көзім түсті. Қасқайып отырған айбынды аталарыма қарап батыр ұрпақтың жалғасы болып жүргенімізге мар­қайдым. Осы суреттегі партия және кеңес қызметінде, егіс және мал шаруашылығы жұмысында ең­бек атқарған Балтабек Жетібаев, Са­дық Айбеков, Қорғаш Қылышбаев, Михаил Проскурин, Максим Пелымский, Дүйсенбай Абу­шахманов, Шәрмен Ахметов, Әбдікей Балжанов, Ғалым Аймол­дин, Серік Айтжанов, Ахат Қа­сенов, Мұқаш Өткелбаев, Әукен Досжанов, Жабай Дощин, Жәң­гір Қалмұқанов, Шерхан Тоқ­мағанбетов, Шәкет Байтеміров, Бәкен Орақов, Садуақас Берлин, Алдаш Әлимусенов, Рзыкен Баймағанбетов, Әубәкір Жұматов, Имаш Смайылов, Хамзе Байманов, Садуақас Оспанов, Әубәкір Бай­ма­ғанбетов, Балтабай Естаев, Алек­сей Перженица, Мүсілім Әші­мов, Әубәкір Құсайынов, Риза Нысанбаев, Байтұяқ Ахмедин, Нұрлыбай Базылов, Сәрсенбай Ис­лямғалиев, Ақмағанбет Шын­теміров, Қами Жақсылықов, Қуа­нышбек Аққожинов, Жәкітай Әлім­ғожин, Шақат Сүлейменов, Мұса Ахметжанов, көрші ауылда­ғы Әубәкір Смағұлов, Қауез Нұртазин, Бозжігіт Мүшекенов, Жұмағұл Ыбыраев, Көшербай Мұсайынов, Әжібай Абдрахманов, Нұрхамит Ысқақов, Әбіш Таубаев, Мақыш Жахин, Ақас Жасыбаев, Шәктәй Шорин, Көшен Қожиков, Мәжікен Әлин, Сыздық Абдрахманов, Сәтбек Берлібеков, Әукен Алпысбаев, Үсен Игісінов, Қабылда Абдрахманов секілді майдангер аталарымыздың өмірде қалдырған іздері елдің санасында әлі де жаңғырып тұрғандай. Олар­дың ұрпақтары бүгінде елі­міз­д­ің түпкір-түпкірінде сан-сала­да ең­бек етіп, тәуелсіз еліміздің өр­кен­деуіне өзіндік үлес қосып жүр.

 Жақында ғана Жалманқұлаққа барып қайттым. Қоңыртүбектегі қорымға соқтым. Қайран ауыл-ай, бұрынғыдай күйің жоқ. Табын-табын малы, қойма толған астығы, шамы жарқырап, түтіні будақтап тұратын жүздеген үйлердің қарасы бұл күнде көрінбейді. Жалманқұлақ көлінің жағасында жайғасқан ауылдың Калинин атындағы «миллионер совхоз» деген даңқы шарықтаған кез болған еді. Қайнаған еңбектің ауылы еді. Табын-табын мал жайылған жайлауда, төбе-төбе болып үйіліп жататын бидай қырманында бала болсақ та үлкендерге қолғабыс жасайтын едік. Ерен еңбектің үлгісін танытқан атақты шопан Уәйіс Бейсенбин пен майталман механизатор Петр Мазуренконың кеудесінде «Ленин» ордені мен «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырады. Сондай-ақ, ауылдың өнерпаздары мен спортшы балалары да аудандық және облыстық жарыстардың алдынан көрініп жүретін. Сонау жетпісінші жылдары ауыл баласы Марат Мұқашев еркін күрестен КСРО спорт ше­бері атанды. Сексенінші жылдары ауыл балаларына алғаш был­ғары қолғап кидіріп, боксқа баулыған, ұстаз-бапкер Жұмабай Мақсұтов талай таланттың бағын ашты. Шалғайдағы алақандай ғана ауылдың киіктің асығындай бала­сы Қайдар Асаубаев бокстан Целиноград облысының чемпио­ны болып келгенде ауыл тұр­ғындары қалай қуанып еді. Осыдан кейін-ақ қаншама жасөспірімдер мен жастар түрлі турнирлерде топ жарып, аудан мен облыстың атын жаңғыртты. Игілікті іс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді десек болады. Осы ауылдың түлектері бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері атанған Бақыт­жан Қожабеков пен Ілияс Сүлей­менов Қазақстан ұлттық құрамасы сапында талай жарыстарда топ жарып, бүгінгі таңда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Лон­донда өткен Олимпиада додасына қатысқан Ілияс жақында ғана Азия ойындарының чемпионы атанып келді.

Қазір ше... Заманның ағымына қарай ауызсудың, жарықтың, жолдың күрделі мәселеге айналуына байланысты бала-шағаның болашақ қамын ойлаған ауылдың көпшілік тұрғыны жан-жаққа көшіп-қонды. Саусақпен санарлық отбасы ғана ауылдың отын өшір­мей отыр. Дегенмен, ауылдың құді­рет күші, туған жердің топы­рағы тартпай тұрмайды екен, жыл сайын ауылдастар жиналып ата-жұрты қорымында жатқан аруақ­тарға құран оқытып, арқа-жарқа болып жатады. Ауылдың атпал азаматтарының арқасында дәстүрге айналған осы шараға да шүкір дейтін болдық.

...Ауыл ортасында менмұн­далап сол баяғы ескерткіш тұр, еңсесін түсірмей. Ұлы Отан соғы­сында бүгінгі біздің бейбіт өміріміз үшін майдан даласында жан тапсырған, сол сұрапыл соғыстан жеңімпаз болып елге оралған аталарымды еске алып, тағзым еттік. Бірге еріп келген ұлдарым Айхан мен Арланға осы ескерткіштің мән-мағынасын ұғындырдым. Осы балапандарымның соғыс қасіретін білмей өсуін, егемен елім тек бейбітшілік бесігінде тербеле берсе екен деп тіледім.

  Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары.