балаларды батырлыққа, адамдыққа, адалдыққа бастайды
Алдымен атап айтарымыз, 1936 жылы Алматы облысының Қарақастек ауылында дүние есігін ашқан М. Етекбаев қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі еді.
1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген жас та талантты жігіттің бұдан кейінгі бүкіл өмірі жазумен өтіп, осы саладағы бар еңбегі жемісті болған еді.
Мұхаметжан Етекбаевтың 1966-1977 жылдарда республикалық әдеби-мемориалдық Жамбыл музейін басқаруын өмірінің бір берекелі белесі дегеніміз жөн. Туған жерінің дархан даласы мен тау-тасымен қоса, оның адамдарын айрықша сүйетін, Жамбылдайын ұлы ақынның шығармашылығын ерекше құрметтейтін ол осы жұмысқа келе салысымен музейге күрделі жөндеу жүргізді, барлығын жаңаша жабдықтап, жаңа экспонаттардың орын алуын ұйымдастырды. Жарығын жарқыратып, жолын жақсы күйге жеткізді. Жамбыл атамыздың 125 жылдығына әлемнің әр жерінен белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің ағылып келгені де сол кездері еді. Осы тұста айта кеткеніміз дұрыс, Мұхаң 1973 жылы түсіріліп, көпшілік жылы қабылдаған Жамбыл жайындағы «Ақындар атасы» атты деректі телефильмнің де авторы.
Жоғарыда айтқанымыздай, Мұхаңның алғашқы өлең, әңгіме, мысалдары университет газетінде жариялануымен қатар, республикалық басылымдар – «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Пионер», «Балдырғанда» үзбей жарық көріп жатты. Балаларға арналған әңгімелері мен ертегілері топтастырылған тұңғыш кітабы «Алтын мүйізді тау ешкі» деп аталған екен. Онан кейін «Қисық бұтақ», «Қызыл автобус» кітаптарын дүниеге әкеледі. Осылайша жазушылық жолы жақсы жалғасып кете барған.
Мұхаңның көп еңбек сіңірген тағы бір сүйікті тақырыбы болыпты. Ол – Қаскелең ауданында өмір сүрген өндір жас, батыр пионер Болатбек Омаровтың үлгі-өнегесі мен ерлік істері. Ұзаққа созылған зерттеу еңбегінің арқасында ол 1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Болатбек» деген повесін шығарып елге ұсынды. Қарымды қаламгердің қолынан, сондай-ақ, «Үкі» (1967 жыл), «Жамбылдың музей-үйі» (1968 жыл), «Алатау ертегісі» (1968 жыл) деген кітаптары бірінен соң бірі шығып, сол уақыттарда өзінің өрісті жазушылық, журналистік шеберлігімен, жақсы шығармаға әрдайым сусайтын қалың оқырман қауымды қарық қылып отырды деуге де болар, тегінде.
Ең бір сүйсінерлігі, «Алатау ертегісінің» орыс тіліне аударылып, Мәскеудегі «Детская литература» баспасынан 1972 жылы «Острый коготь» деген атпен шығуы еді! Ал, ол заманда мұндайға әркімнің қолы жете бермейтін, яғни, бұл да Мұхаңның шын жазушы, шынайы талант екенін дәлелдейді. Тағы бір қызығы, бұл повесть бір жылдан кейін украин тіліне тәржімаланып Киевте, онан соң, тіпті, Германияда неміс тілінде жарияланыпты!
Ал, осы кітап жөнінде қазақ өнері мен мәдениетінің үлкен білгірі, ұлтымыздың тұғыры биік тұлғасы, мәдениет министрі Ілияс Омаров былай деп жазыпты: «Қадірлі Мұхаметжан! Сіздің «Алатау ертегісі» деген кітабыңызды оқып шықтым. Табиғат тану деп туған аңыздар, жан-жануарларға жан бітіре сөйлеткеніңізге қарамай, сонша нанымды, тартымды. Мұның себебі, өз тақырыбыңызды жақсы білгендіктен ғой деп жоруға болады. Әр жәндіктің тек өзіне тән мінез-құлқы, өмір сүру шарттары орынды берілгендіктен оларға тіл бітіру ерсілік сездірмейді. Әңгімелер көпшілікті қызықтыра тартатын әдіспен жазылған. Сол себептен жұрт құлшына оқиды деп сенемін.
Бұл еңбек, әсіресе, жастарға көбірек пайдалы. Табиғатты білу, оның өмір заңын білуге құштарлану жастарды тәрбиелеуге, олардың табиғатқа деген қамқорлығын күшейтеді. Бұл жағынан да сіздің еңбегіңіз бағалы ғой деймін. Кітапты басқа тілдерге аудару керек шығар деп ойлаймын.
Жақында жас кинорежиссер-суретші Хайдаров қазақтың бірінші мультфильмін шығарған еді. Сіздің әңгімелеріңіз де өнердің сол саласына өзінен-өзі сұранып тұрған сияқты. Сіздің сәтті қадамдарыңызға қуаныш білдіруші ағаңыз Ілияс Омаров. 3.IX. 1968 ж.»
Осынау сара ойлы асыл азаматтың салмақты пікірінің өзінен-ақ көп жай аңғарылып тұрған жоқ па?!
1970 жылы Қазақстан Жазушылар одағы, Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитет пен Қазақстан Комсомолы Орталық комитеті балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармаларға жариялаған байқауда Мұхаметжан Етекбаевтың «Қара жартас туралы аңыз» ертегі-повесі де озып шығып, екінші бәйгені қанжығасына байлаған екен. Ал, 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығы құрметіне өткізілген үздік драмалық шығармалар байқауында оның қаламынан туған (жазушы Е. Домбаевпен бірігіп жазған) «Өкілетті өкіл» пьесасы үшінші жүлдеге ие болыпты. Сол сияқты «Болатбек», «Бұл Марста болған еді», «Қара тон туралы аңыз» деп аталатын радиопьесалары Қазақ радиосы эфирінен берілген. Бұл айтқандарымыз да Мұхаң шығармашылығының жан-жақтылығын жақсы білдіртсе керек.
1981 жылы «Болатбек» повесінің орыс жазушысы Ю.Хазановтың аудармасымен Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көруін де оның қаламгерлік еңбегінің үлкен табысы деуге тиіспіз. Нақ осы кітап 1988 жылы украин тіліндегі «Берег було видно» повестер жинағына еніп, Киевте басылып шығыпты.
М. Етекбаевтың ересектерге арналған, ауылдың тыныс-тіршілігі суреттелетін «Таутекелі биіктері» деген повестер мен әңгімелер жинағының да өзіндік айтар айқын ойы, көтерер көп жүгі бар еді.
1998 жылы дүниеден өткен Мұхаңның Алатаудың етегінде туып-өсіп, еңбек еткенін жоғарыда айттық, сол себептен де ол осы өзіне аса қымбат өзгеше өлкенің сұлулығы мен әсем табиғатын, тіпті, құпия құбылыстарын өмір бойы талмастан жырлап өтті. Бұл сөзімізге «Тамаша жаз» әңгімелер мен повестер жинағы «Айтолқын», «Жомарт жаз» әңгімелер мен ертегілер жинағы да дәлел.
Зайыбы, ұлағатты ұстаз Хазима Айдарбекова Мұхаметжан ағаның бар шығармасын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Ол кісінің күш салуымен үстіміздегі жылы «Раритет» баспасынан қаламгердің «Қызылала жолбарыс» атты кітабы жарық көрді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.
Алматы облысы,
Қарасай ауданы.