Алдын ала телефонмен тілдескенде есімімді ұмытпай қайталап, аузынан «айналайыны» түспеген жағымды дауысты ақсақалдың есігінің қоңырауын бастым.
Қарсы алдымда – ұзын бойлы, кеудесін орден-медаль жапқан полковник киім үлгісіндегі орыс ақсақалы жымиып тұрды.
– Ассалаумағалейкум, Дима ата...
– Валейкум-ассалам, айналайын, заходи...
Фотоальбомдар мен газет-журналдарды үстелдің үстіне ретімен қойған бөлмеге кірдік. Тамара апамыз Дима атамыздың сұрауымен қоюлап сүт қатқан «қазақша» шай әкелді. Қазақшаға, қазаққа деген пейілін ұнатып қалғанымды байқаған ақсақал:
– Бала кезімнен, зейін қойып, мән беріп үйренген ең бірінші қазақша сөзім – ұзынқұлақ... Жадымда мәңгі сақталыпты. Туған атам Петр Степанович Алматы облысы партия комитетінің саяси лекторы болатын. 30-шы жылдар. Каникулдамын. Атқа мінгесіп жолға шығамыз. Шелекке жеткенімізде бүкіл Нарынқол аймағы «Степаныч келе жатыр» деп хабардар болып қояды екен. Атам мұны «ұзынқұлақтың» – сымсыз телефонның арқасы дейтін, – деп бір күліп алды.
Алматының 91 жастағы ширақ ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, танк экипажының бұрынғы командирі, полковник Дмитрий Михайлович Малышев 1945 жылы 24 маусымда, 21 жасында Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан. Салтанатты қайталау бақыты араға аттай 70 жыл салып бұйырыпты...
– Біріншіден соң... Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қайтып жолыңыз түспеді ме?
– Ой, айналайын... олай демеңіз! Қазақстанда Жеңіс шеруіне қатысқан менен басқа қаншама мықты азаматтарымыз болды! Мәселен, кешегі батыр генерал Сағадат Нұрмағамбетов пен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры ұшқыш Талғат Бигелдиновті алайық. Бәрімен сыйластым. Өкініштісі, екеуі де 70 жылдықты көре алмай кетті... қатарымыз жыл санап сиреп барады...
– 70 жыл бұрын өзіңіз танкімен жүріп өткен Қызыл Алаңдағы шеруден есіңізде қалғаны...
– Сенесіз бе, әрбір минут, әрбір көрініс көз алдымда. Үш-үштен сап түзеген алты қатар танк колоннасы таңғы 4-ке дейін жаттығатынбыз. Сол күні таң атпастан Манеж алаңына техниканы сапқа тізіп, белгі беретін сәтті күтіп тұрдық. Сағат – 10.00. Шыбынның «ызыңы» естілді. Тыныштықты Кремль сағатының қоңырауы бұзды... Қайта тыныштық орнады. Кенет тас төселген алаңның үстінде ат тұяғының тасыры естілді. Бұл – ақбоз ат мінген маршал Жуков еді, оған қарсы сүліктей қара сәйгүлікпен маршал Рокоссовский шауып шықты. 21 жасар лейтенантпын, жүрегім ат тұяғының дүрсілімен бірге соқты. Әуелде ақбоз атқа Сталиннің өзі мініп шығады дегенді «ұзынқұлақтан» естігенбіз. Сөйтсе, Сталин: «Жолдас Жуков, сіз атқа мініп-жүруді ұмытпаған шығарсыз деп ойлаймын», деп қысқа қайырыпты.
– Шынында да ештеңе ұмытпапсыз?!.
– Ол кезде бойымның ұзындығы 1 м 82 см, қазір де бір сантиметр шөккен жоқпын... «Т34-85» танкісінің командирі ретінде люкты ашып, қолымды шекеме апарып, мойнымды мінбедегі Сталин бастаған қолбасшыларға қарата бұрып, дүрілетіп өте шықтық. Бары осы.
– Мәскеуге Алматыдан ұшасыз ба?
– Жоқ... Алдымен өзіме шақтап тігілген ту түстес телпегімді, киім үлгімді киіп, Астанада 7 мамырда өтетін Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери шеруіне қатысамын. Сол жерде қазақстандықтардың бағына туған ғажайып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты кешегі сайлаудағы Жеңісімен құттықтаймыз деген үміттемін! Содан соң іріктелген 6 адам Мәскеуге бет аламыз.
– Бесінші қабатқа күн сайын лифтісіз көтеріліп, түсу... ауыр емес пе?
– Керісінше...кемпіріміз екеуміздің жүрегіміздің сағатша соғып тұруы осы бесінші қабатқа көтеріліп, түсіп тұруымыздың арқасы. Бір бөлмелі үйімізді жердің жұмағы санаймыз. Ешкімге өкпеміз жоқ, айналайын! Еліміз аман, тыныш, бақытты болсын!
Нағыз өсиетті қарияның батасы! Жау оғының жарықшағынан сіңірі тартылған Дима атаның қолын қысып, қазақша «Ақ жол!» дедім. Есік алдында «Мен Мәскеуден оралғанда міндетті түрде үйге кел!» деп қалды 91 жастағы қарт майдангер жадырай күліп...
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.