20 Ақпан, 2015

Ауыл шаруашылығын дамытуға оң серпін

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жетекші органдарының өкілдеріне бюджет қаражатын мүмкіндігінше үнемдеп пайдалану керектігін айта келе, қазіргі таңда бой көрсетіп тұрған қиындықтарды еңсеру жолдарын атап көрсеткен болатын. Осының аясында күні кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бас қосқан Мәжіліс депутаттары біршама ақпараттармен бөлісті. Әлемдік деңгейдегі экономист сарапшылардың пікіріне сүйенсек, жаһандық дағдарыс үдерістері алдағы уақыттарда күшейіп, сонымен қатар, экономикалық өсім көрсеткіштері төмендеу болжамын жоққа шығармауда. Осы ретте Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, осындай жаһандық дағдарыстың зардабымен күресу емес, оның алдын алу шараларын қолға алу керектігін атап айтты. Осы тұста Елбасының жағдайды алдын ала болжап отырған көрегендігін аңғаруға болады, – деген Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Ұласбек Сәдібеков, сондай-ақ, ол Нұрлы Жол – аграрлық саланың дамуына оң серпін беретіндігін қоса айтты. Бұл тұста Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында болашақта Қазақ­станның ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытудың жай-күйі жан-жақты баяндалған. Жолдауда өңірлер арасындағы жол қатынасын жандандыру туралы нақты айтылғанымен, ол болашақта еліміздегі аграрлық саланың да кең қанат жаюына оң септігін тигізбек, дейді Ұласбек Сәдібеков. Мемлекет басшысы әлемдік эконо­микадағы жаңа жағдайларды ескере келгенде, негізгі бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту болып саналатынын атап айтқан болатын. Осыған байланысты де­­путаттың айтуынша, бүгінгі таңда Қа­­зақ­станның аграрлық саласында таби­ғи таза азық-түлік түрлерін өндіруге зор мүмкіндіктер бар екен. Сонымен қа­­­тар, ол өнімді өткізу нарығы да ке­ңей­іп отырғандығын нақтылады. Ел тұр­ғындарының 47 пайызы ауылды жер­лерде тұратындығын ескерсек, азық-тү­лік шаруашылығындағы өнім өн­діру көлемі аз болмасы белгілі. Ал енді Еура­зиялық экономикалық одақ аясында біз­дің өнімді тұтыну нарығының көлемі 170 миллион халыққа жетіп отыр, деген де­пу­тат ауыл шаруашылығы саласының дамып келе жатқандығына назар аударды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты оралымды ой айтқан Мәжіліс депутаты, палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің төра­ғасы Ромин Мәдинов  Қазақстанда ағым­дағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігін қаржыландыру 20 млрд. теңгеге ұлғайғандығын хабарлады. «Парламент Мәжілісіне 2015 жылға арнал­ған бюджетті нақтылаудың заң жо­басы келді. Бұл тұрғыда мен ауыл шаруа­шылығы министрлігін қаржыландыру 20 млрд. теңгеге өскендігін айта аламын. Яғни, Үкімет пен Парламент осындай экономикалық күрделі жағдайда бірінші кезекте ауыл шаруашылығын қаржыландыру керектігін түсінеді», деді депутат. Оның айтуынша, тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашылығы ең ауыр кезеңдердің өзінде экономиканың белгілі саласы ретінде жақсы нәтиже береді. Бұл тұста, ол 2008 жылы, яғни бірінші әлемдік дағдарыс орын алған уақытта Қазақстанның ауыл шаруашылығы 2008-2009 жылдары физикалық көлемде жалпы өнімділік пен қаржылық өсімді көрсеткендігін тілге тиек етті. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».