“ХАН ШАТЫР” АШЫЛДЫ
Астана күні мерекесінің іс-шаралары аясында “Хан Шатыр” сауда-ойын-сауық орталығы салтанатты жағдайда ашылды. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл, Украина Президенті Виктор Янукович, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Серж Саргсян қатысып, қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің концертін тамашалады.
Салтанатты рәсім шалқыған “Сарыарқа” күйінің орындалуымен ашылды. Одан соң мәртебелі меймандар мен көпшілік көрермендерге театрландырылған “Көшпелілер” қойылымы ұсынылды. Қазақ үйлер жылжып барады, түйе жетектеген, сәйгүліктер мінген арулар келеді. Қазақ үйлерді екі жақтан батырлар күзетіп барады. Енді ат мініп, сауық құрған қыз-жігіттер көрінді. Олар “Молдабай” әнін шырқап жатса, басқалары әнге қосылып, би билеуде. Сәлден кейін ат құлағында ойнаған цирк өнерпаздары бірінен соң бірі өнерлерін көрсетіп өтті.
“Көшпелілер” – өткен күннің елесін көз алдыңа әкеліп, ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтынан хабардар етеді. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшу көшпелілердің тыныс-тіршілігі мен дәстүрі ғана емес, мезгіл мерекесі әрі сән-салтанаты жарасқан табиғи үрдісі екені тарихтан белгілі. Салтанатты рәсім барысында, сондай-ақ көшпелілердің жылдар бойы қалыптасқан мақсат-мұраттарын жеткізетін, тарихи мұралар мен ауыз әдебиетінде сақталған жазба деректерден алынған қойылым да көрсетілді. Көрсетілімде ұлттық ойындардың кейбір элементтері кіріктірілген, ол өткен күнге бір сәт саяхат жасауға мүмкіндік береді.
Артынша Махамбет батырдың атақты “Егеулі найза қолға алмай” өлеңінен үзінді оқылып, Құрманғазы атындағы оркестр Махамбеттің “Жорық” күйін нақышына келтіре орындап, жиналған қауымды тәнті етті. Салтанатты рәсім әрі қарай Қазақстан өнер шеберлерінің ән шашуымен жалғасты.
Президент сарайы – Ақордадан бастау алған бас қаланың ғажайып ғимараты Астана қаласы жаңа орталығының дәл кіндігінде орналасқан. Орталық қаладағы ерекше маңызды нысандардың бірі болып табылады. Бірегей кешен жобасының авторы – әлемге танымал ағылшын сәулетшісі лорд Норман Фостер. Атауының өзі айтып тұрғандай, биіктігі 150 метрлік әсем ғимарат көшпелі халықтың қолымен тұрғызылған хан шатырларының жиынтығы іспеттес. Көз алдыңа есіктерін айқара ашып тұрған хан шатырларын елестетіп, таң-тамаша қалдырады.
Орталықтың бірегей сәулет-құрылысы ежелгі Сарыарқаның қатал климатына бір өзі төтеп беретіндей келісті ойластырылған. Оның ішкі жағы көздің жауын алатын бірнеше табиғи ландшафтпен өрнектеліп, безендірілген. Мысалы жарық, ылғалдылық пен температура жыл бойы бапталып, бақыланады. Масатыдай құлпырып, жасыл желекпен көмкерілген баспалдақты дәлізді көргенде, есіңізге жыл он екі ай жап-жасыл болып тұратын климаттық белдеулер түседі. Ал соңғы үлгідегі сапалы материалдармен қапталған ғимараттың құрылғылары арқылы түскен табиғи жарық айналаны ерекше бір нұрға бөлейді.
Ғимараттың әрбір қабатында мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істейді. Оларда дүние жүзі асханаларының тәжірибелі аспаздары астаналықтар мен елорда қонақтарына тіл үйіретін дәмді ас дайындайтын болады. Ал алтыншы қабатта жүзу бассейні, аквапарк және әмбебап жабық жағажай орналасқан. Сондай-ақ орталыққа келіп демалушылар құс жолы биіктігінен Астананың көрікті жерлерін тамашалай алады. Көрікті келбетімен көз тартатын бас қаламыздың сәулетіне сән қосатын бұл тамаша архитектуралық нысанда қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын барынша жайлы да көңілді өткізетін басқа да ойын-сауық орындары молынан қамтылған.
Гольф кіші алаңы, шағын көл, ботаникалық саябақ, жабық жағажай, сән орталықтары мен косметикалық салондар, концерт залдары, сауда орталықтары, бес жұлдызды отелі бар шыны шатырлы алып орталық шын мәнінде астаналықтар мен қала қонақтарының тамаша демалыс және сауда орындарының бірегейі болып табылады. Сондай-ақ “Хан Шатыр” әлемдегі ең үлкен нысандардың бірі десек, қателеспейміз. Ал жобаның ерекшелігі, оның ішкі климаты ғимараттағы қазіргі заманғы автоматты құралдар арқылы қадағалатындығында жатыр.
“Хан Шатырдың” астыңғы қабатында 700 орынды автотұрақ, бұдан бөлек орталықтың іші мен сыртында 1400 автокөлікке есептелген автотұрақ тағы бар. Сонымен қатар, көрмелер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін алаңдар, залдар да жетерлік. Ал орталықтың 40 мың шаршы метрін мейрамханалар мен дәмханалар, дүкендер мен кинотеатрлар алып жатыр. Келушілер мұнда білікті аспаздар дайындаған дәмді тағамдардан дәм татып, әлемнің үздік кинорежиссерлерінің туындыларын тамашалай алады. Мысалы, “Multіplex” кинотеатрының бір өзі 450 көрерменге есептелген. Орталық бір мезетте 10 мың адамды қабылдай алады.
Бұдан кейін қонақтарға еліміздегі этно-мәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары мен балет әртістері дайындаған “Күн адамдары” атты би қойылымы ұсынылды. Ал бағдарламаның келесі бөлігі қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің шырқаған әндерімен әрі қарай жалғасты. Бұл мерекелік шарада мәртебелі меймандар мен көрермен қауым, сондай-ақ Мемлекеттік капелланың жиынтық хоры мен “Хан Шатыр” ойын-сауық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне арнайы шақырылған әлемге танымал әнші Андреа Бочеллидің концертін тамашалады.
Андреа Бочелли – көпшіліктің көкейінен шыққан танымал әндер мен классикалық музыканы тамаша үйлестірген дарынды әнші. Опералық туындыларды жеңіл әрі нақышына келтіре орындау Бочеллиді әлемге мәшһүр етті. “Мен өзімнің өткеніме көз жүгіртсем, әркез музыкаға ғашық болғандығым есіме түседі”, деп әнші жастайынан өнерге ессіз ғашық болғандығын айтады. Ол алты жасында фортепианода ойнаса, кейін флейта мен саксофонды меңгереді. Бала кезінен аурушаң болған Андреа біртіндеп көз жанарының сөніп бара жатқанын сезінді. Ал 12 жасында мүлде көрмей қалады. Ата-анасы баласының тағдырға төтеп беруі үшін барынша көмектеседі. Андреа мектеп қабырғасында жүргенде хорға қатысып, бірнеше мәрте конкурстардан жүлделі оралады. 1980 жылы Пиза университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, заң ғылымдарының докторы дәрежесін алады.
Алайда, оның нәзік жаны өзгені қалайтын. Ол Дель Монако, Джильи және Франко Корелли сынды танымал италиялық орындаушылардың арияларын ұйып тыңдайтын. Бос уақытында мейрамханада фортепианода ойнап, Фрэнк Синатр, Эдит Пиаф және Шарль Азнавурдың әйгілі әндерін шырқады. Сондай-ақ Андреа Бочелли Лучано Павароттимен де бірге ән жазған.
Ашылу салтанатының апогейі “Хан Шатыр” күмбезінен құлдилаған “Алтын адамның” күмбездің алауын тұтатуы болды. Тамаша рәсім сандаған әсем түрге боялған ғаламат отшашумен тәмамдалды.
Астана ажарын айшықтай түскен “Хан Шатыр” бүгін, Елорда мен Елбасы күнінде ашылды. Иә, “бүгін” дегенімізге таңданбаңыз. Президент Н.Ә.Назарбаев кешеннің ашылу салтанаты аяқталып, құрметті қонақтарын “Хан Шатырға” бастап жүргенде сағат тілі 00 сағат 07 минөтті соққан болатын...
Қос мерекеге тамаша тарту жасалды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
---------------------------------
Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ.