22 Наурыз, 2015

Ресейде 102 жастағы футбол жанкүйерін тонап кетті

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
22-03-2015 spartak zhankuier 02АСТАНА. 22 наурыз. Мәскеудің «Спартак» футбол командасының ең кәрі жанкүйері, соғыс ардагері 102 жастағы Отто Фишерді белгісіз біреулер тонап, үйінен 730 мың рублін алып кеткен. Бұл туралы sport.rbc.ru хабарлады. «Спартактың» ресми фан-клубы аталған мәліметті растап отыр. Клуб директоры Олег Семеновтың айтуынша, Фишердің Копейскідегі үйі тоналған. «Қылмыскерлер ардагердің үйіне әлеуметтік жұмысшы ретінде кірген. Қарияны «жеңістің 70 жылдығына байланысты мемлекет 800 рубльден беруде, соны әкелдік», деп алдаған. Кейін үй иесіне 5000 рубль берген. Отто Фишер қалған ақшаны қайтарып бергенде қылмыскерлер су сұраған. Сол кезде ардагер ас үйге су әкелуге кеткенде, олар арам ойларын жүзеге асырып үлгерген», дейді Олег Семенов. Таяуда ғана Отто Фишер өзінің сүйікті командасының ойынына қатысу үшін Мәскеуге келіп кеткен еді. «Спартак» пен «Динамо» (Мәскеу) арасындағы матчтың салтанатты ашылуына қатысқан ол алаңға шығып, допты ойынға қосты. Сол үшін 102 жастағы қария Челябинскіден Мәскеуге пойыздың плацкарт вагонымен 35 сағат жүріп келгенін айта кетейік. Ал оның жол шығынын клуб өз мойнына алып, 3848 рубль төлеген. Сондай-ақ, «Спартак» өз жанкүйерінің тоналған қаржысын да өтеп бермек. Ол үшін алдағы ойындарда билеттен түскен табыстың бір бөлігін Фишердің атына аударуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, ресми фан-клуб арнайы есепшот ашып, қайырымды жандардан көмек сұрауда. Еламан Қоңыр. Дерек: sport.rbc.ru. Сурет: sport.rbc.ru, tvc.ru. 22-03-2015 spartak zhankuier 01