22 Наурыз, 2015

Атамбаев: Президентіміз Назарбаев болғанда, бәрі басқаша шығар еді

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

22-03-15-atambaev_nazarbaev-1

АСТАНА. 22 наурыз. «Мен Ақаев пен Бакиевтің орындарында президентіміз Назарбаев болғанда, жағдайымыз мүлде басқаша қалыптасар еді-ау, деген ойға жиі берілемін» деді Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 20 наурыз күні Бішкекте мектептің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Бұл туралы Өзбекстанның CA-NEWS порталы хабарлады. «Мен бірінші кезекте Қазақстан президентіне алғыс сезімімді жеткізгім келеді. Онымен әрбір кездескен сайын ақсақалдың тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, сонымен қатар, Қырғызстан мен біздің жұртымызға да айрықша жаны ашитынына көз жеткізе түсемін. Мұндай лидерлер тым аз. Жақында Қазақстанда сайлау өтеді, ал Назарбаев секілді басшыны табу өте қиын. Мұндай басшысының болғанын тек Қазақстан ғана емес, басқа кез келген халық та қалаған болар еді», - деп ойын тарқатып айтты Қырғызстан президенті білім мекенінің ашылуы рәсімінде сөйлеген сөзінде. «Мен егер сол кездері Ақаев пен Бакиевтің орындарында біздің президентіміз Назарбаев болғанда, жағдайымыздың мүлдем басқаша қалыптасатыны туралы талай мәрте ойландым, бұл ойымды ол кісінің өзіне де айттым. Мен қазақ халқы менің осы сөздерімді ескере отырып, оған тағы да қолдау білдіреді ғой деп ойлаймын. Мен ұдайы онымен кеңесіп, кеңес алып тұрамын. Құдай оған қуат берсін, сонда Қазақстан халқына түгел жақсы жол ашылады», - деп атап өтті ол жиында. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: CA-NEWS.