Аймақтар • Бүгін, 11:43

Сәтбаевта балаға буллинг жасаған балабақша қызметкері жұмыстан қуылды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны мемлекеттік балабақшада балалардың қызына буллинг жасайтынын айтып, шағымданған, деп хабарлайды Egemen.kz

Сәтбаевта балаға буллинг жасаған балабақша қызметкері жұмыстан қуылды

Фото: Видеодан алынған кадр

Бәрі үш жасар Ақжібектің балабақшадан шаршап, жылап келуінен басталған. Бүлдіршіннің анасы қызының денесіндегі көгерген іздерді байқап, дабыл қаққан.

«Қызымның денесіндегі көгерген іздерді алғаш рет жаз айларында байқадым. Басында қатты уайымға салынбай, жай ғана өзім бақылап жүрдім. Жағдай түзелген жоқ. Керісінше оның денесінде көгерген іздер тіптен көбейе түсті. Тәрбиешісіне жаздым. Ол топтағы балалар кейде өзара шекісіп қалады деп жауап берді», дейді қыздың анасы Мәдина Бұқарбекова. 

Ақжібек жағдайды толық айтып бере алмағандықтан анасы балабақшадан бейнежазбаны сұратқан. Онда өзгелердің қызға тиісіп, итеріп жіберген сәттері бар. Көрініс өзге де ата-аналардың жағасын ұстатты. Ең сорақысы, сол жердегі тәрбиеші бүлдіршіндерді тыныштандыру үшін еш әрекет жасамаған. Ақжібекті топта бір сағаттай жалғыз қалдырып, серуенге де шығармаған. Ал түс кезінде оны өзгелерден оқшаулап тастаған.

«Топтағы тәрбиеші балаларға үнемі қол көтереді. Ата-аналар болып директорға бардық. Камерадағы жазбаны көрсетуді сұрадық. Қызымды өзгелерден бөліп, таңғы тамақтандыру кезінде жалғыз өзін шетке отырғызып қойған. Ал өзге балалар жұптасып отыр. Бұл туралы директор да, әдіскер де, тәрбиешілер де білген. Мен бәрі де әділ болсын деймін. Осы жағдайды біле тұра жасырғандар заң алдында тиісті жауап берсін», дейді М.Бұқарбекова. 

Бүлдіршінге қол көтерген қызметкер жұмыстан шығарылған. Ал тәрбиеші өз міндетінен шеттетілген. Алайда тергеу ісі жалғасып жатыр. Ата-аналарды мазалайтын бір сұрақ бар. Балабақша басшылығы мұндай жағдайды бұған дейін неге көрмеген?

«Барлығын көре тұра еш шара қолданбаған тәрбиешіге қатысты ішкі қызметтік тексеру жүріп жатыр. Қазіргі уақытта оның әрекетінің құқықтық бағасы берілді. Балабақша директорының бұйрығымен барлық жағдай анықталғанша өз міндетінен шеттетілді. Осыны біле тұра уақытылы айтпаған өзге де қызметкерлерден түсініктемелер алынды. Еңбек заңдылығына сәйкес тиісті тәртіптік шаралар алынатын болады», дейді білім бөлімінің бас маманы Гүлбану Хасенова. 

Білім бөлімінің мамандары, балабақша психолгтармен бірлесіп ата-аналармен сөйлесіп, зардап шеккен бүлдіршінге психологиялық көмек көрсетпек. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдағы бұл мәселені полицейлер де зерттеп жатыр.

«Оқиғаға қатысы бар тараптармен тергеу әрекеттері жүргізіліп, балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәгерлерден оқиға бойынша мәліметтер жинақталуда. Тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріліп, заңда көзделген шаралар қабылданады», дейді Ұлытау облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Ата-аналар балабақшаларда бақылауды күшейтіп, бейнекамера санын арттыруды талап етті. Себебі мектепке дейінгі ұйымдарда олардың саны тым аз.