08 Шілде, 2010

ЖАСТЫҚ ЖІГЕР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

507 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өткен аптаның басында Семей­де қала күні, ал сенбі күні жастар күні өткізілді. Ерке Ертіс өзені жағасында өткізілген бұл мерекеде концерттік бағдарламамен бірге, түрлі викторина мен қызықты кон­курстар молынан ұйымдастырыл­ды. Мазмұнды жастар кешіне Семейде оқып жатқан шетелдік студенттер де көптеп қатысты. Со­ның бірі, осындағы медицина уни­верситетін бітіріп жатқан пәкстан­дық түлекпен тілдескенімізде ол өз отанына ұлылар елін, жалпы Қазақстанды қимай кетіп бара жатқанын мәлімдеді. Жалпы, үш күнге созылған жас­тар күнін өткізуге “Нұр Отан” ха­лықтық-демократиялық партиясы­ның жергілікті бөлімшесіндегі жастар қанаты ұйытқы болды. Бұл шара педагогика институтында, Шәкәрім атындағы университетте, Достық үйінде түрлі тақырыппен өткен тақырыптық шаралармен басталды. Оларда маскүнемдікпен, наша­қорлықпен күрес шаралары қуатталып, саламатты өмір салты кеңінен насихатталды. Сонымен бірге, Семей студент­­тері альянсының төрағасы Мұхит Сүттібаевтың бастамасымен “Ауы­лым – алтын бесігім” акциясына қатысуға тілек білдірушілер көп бол­ды. Акцияға қатысушылар би­ыл­ғы қыстан зардап шеккен ауыл­дарға барып көмектеспек. 15 сту­дент алыстағы Ақсуат, Көкжыра ауыл­дарына аттанып та кетті. Бір­неше студент қаланы көркейтіп, көгал­дандыру жұмыстарына атсалыспақ. Солайша еліміз бойынша ал­дың­ғы сапта келе жатқан мұндағы сту­денттер альянсы тың бастама­ларымен көзге түсуде. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.