Фото: ашық дереккөз
Соттың баспасөз қызметі нақтылағандай, бастаманы бағалау барысында ұсынылған өзгерістердің Конституциямен үйлесімділігі, түзетудің конституциялық құрылым негіздеріне ықпалы және Қырғызстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі ескерілген.
Конституциялық сот негізгі құқықтардың жүйелі сипатын еске салып, оларды әлсіретуге жол берілмейтінін атап өтті.
«Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітеді, ал оларды қамтамасыз ету кепілдіктерінің жүйесі конституциялық құрылымның негізін құрайды және негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің шегін айқындайды. Құқықтар мен бостандықтар кепілдіктерінің деңгейін төмендетуге жол бермеуге ерекше назар аудару қажет», делінген ресми мәлімдемеде.
Сотта сонымен қатар өлім жазасына тыйым салу және өмір сүру құқығының басымдығы тек құқықтық емес, сондай-ақ құнды маңызға да ие екені айтылды. Конституция елдің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып саналатын халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерді сақтауды талап етеді.
«Вена конвенциясына сәйкес, мемлекет халықаралық шартты орындамауды өзінің ішкі құқығының нормаларымен ақтауға құқылы емес», деп еске салды Конституциялық сот.
Ұлттық және халықаралық-құқықтық уәждердің жиынтығы негізінде Қырғызстан Конституциялық соты өлім жазасын конституциялық түзету арқылы қайтару негізгі заңға қайшы және құқықтық тұрғыдан мүмкін емес екенін айтты.
Осыған байланысты заң жобасы референдумға шығарылмайды, ал бастаманы іске асыруға байланысты барлық рәсімдер Конституциялық сот шешімі күшіне енген сәттен тоқтатылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде өлім жазасын енгізуді тапсырған болатын. Мұндай шешімге Ыстықкөлде 17 жастағы қыздың қатыгездікпен өлтірілуі себеп болған. Кейін Садыр Жапаров Қырғызстанда өлім жазасын қайтару мәселесі референдумға шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.